Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Күрделі істің күрмеуі ағытылып...

Күрделі істің күрмеуі ағытылып...

Орнықты орнымыз облыс орталығы болғанмен аудан, ауыл-аймаққа жиі жолға шығамыз. Тапсырманы орындау үшін белгілі бағытқа асығамыз. Бағытың Қаратаудың тап іргесіндегі Жаңақорған болуы мүмкін. Кейде іздеген шаруашылық немесе еңбек адамың сонау батыс аудандағы Аралдан табылып жатады. Тақырыпқа үйлесер кейіпкер мен кәсіпорын тапқанша солай шарқ ұрып жүргенің…
Жә, айтпағым ол емес. Журналистің жол үстінде көп болатынын ескерсек, талай тосынсый сені өзі-ақ күтіп алады. Бірі қуаныш сыйлауы мүмкін, ал бірі керісінше, көзге де, көңілге де қаяу түсіреді.
Бұл да сондай жайттың бірі еді. Кезекті сапармен Қармақшыға аттанғанмын. Алдымыздан сап түзеген үлкенді-кішілі көлік тізбегі қарсы алды. Біз мінген жеңіл машина да соңына жайғасатыны анық.
– Анық авария мынау, – деді рульді сығымдай ұстаған шопыр жігітіміз.
– Құдай сақтасын, – дедім мен. – Жаманшылық шақырмайық. Мүмкін, басқа шығар.
– Әй, қайдам?
Жиырма минуттай уақыттан соң тіркесе кептелген көліктер жылжи бастаған. Біз де соңынан ілестік. Сәлден соң алдымыздағылар жылдамдығын арттыра берді. Біздің жүргізуші солардың қарқынымен газды абайлай басады.
– Айттым ғой, – деді ол тағы да. – Жылқы қағыпты. Ойпырым-ай, мынауың үйдей мал ғой.
– Кәнеее? Ентелей алдыңғы терезеге ұмсына қарағанмын. Көргенім – расымен жылқы. Тұрқы ірі екен. Бес-алты жас жасаған. Көзі жылтылдай, кең танауы ашыла терең дем алады. Ішек-қарны ақтарылған. Жолдың қарама-қарсысында біздің тілмен айтсақ, дүңкиген «Джип» көлігі тұр. Иесі көрінбейді. Соққан машинаң да – осы. Онысын капотынан-ақ байқадық.
– Обал-дағы-ай! Ана жылқыны адалдап соятын адам да болмады-ау бұл жерде.
– Малды қойшы, біраз адамның да басын жұтқан жол емес пе бұл?! Тілсіз кетті талайы. Мүгедек болған қаншасы бары белгісіз. Әй, бірақ, өзімізге де обал жоқ. Асығамыз. Қайда? Неге? Оны да өзіміз білмейміз...
Шопыр жігіт сөйлеп жатыр. Рульді бағанағыдан да сығымдай ұстаған. Ал мен үнсіз өз жағымдағы терезеге қарай бердім. Бұл Қызылорда қаласынан шығатын екі жолақты жол еді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дейтін автобанның республикалық маңызы бола тұра, тым тар салынғаны көп қисынсыз тіршіліктің бетін ашып тұрғандай…
Иә, жолаушы қозғалысына қиын тиген жолды жергілікті жұрт бірталай жыл жырлады. Қызылорда қаласынан басталатын Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі жолдың жағдайы келіспеді. Рас, тақтайдай тегіс. Жыл сайын күтімі де бар. Әттең-айы, екі жолақты. Тап-тар. Оның үстіне неше түрлі жүк көлігі көбейді. Бір-бірінен басып озам деп қарманған көп жүргізуші қарама-қарсы көлікке не малға соғылып, сіз бен бізге белгілі жағдайға ұшырайды. Солай жүргенімізде...
Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр еліне сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысымен таныстырған еді. Сапар барысында аймақ басшысы инфрақұрылымға қатысты жаңа өзгерістерді Президентке баяндады. Атқарылып жатқан, мысалы, әуежай құрылысынан бөлек, жаңа автовокзалдың жыл соңында аяқталатынын, жылу-электр станциясы жобасын тілге тиек етті.
Облыс әкімінің сөзінше, ел-жұрт жиі көтеретін күрмеулі жайдың бірі – «Қызылорда-Жезқазған» жолы болса, енді бірі – біздің аймақты кесіп өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің басты мәселесі. Ол Ақтөбе облысына дейінгі жолдың екі жолақты етіп салынуы болатын.
– Өзіңіздің қолдауыңызбен былтырдан бері «Қызылорда-Жезқазған» жолының құрылысы басталды. Екі облыс арасы 424 шақырым. Ал оның ішінде Қызылорда аумағындағы автомобиль жолының ұзындығы – 216 шақырым. Қазір шекараға дейінгі жол құрылыстарының 30 пайызы аяқталып, жыл соңына дейін 104 шақырымды бітіру көзделген. Екінші мәселе – Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 566 шақырымын І санатты 4 жолақтыға ауыстыру. Биылғы Жолдауда берген тапсырмаңызға орай, Көлік министрлігі бұл мәселе бойынша 566 шақырым жолды қайта жаңғырту, яғни, төрт жолақтыға ауыстыру жұмыстарына жоба-сметалық құжаттары келесі жылдан бастап әзірленетінін жеткізді. Бұл республикалық маңыздағы екі жолды қайта жаңғырту тек біздің аймаққа ғана емес, көрші облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер бермек, – деген еді өз сөзінде Нұрлыбек Машбекұлы.
Дәл осы кездесуде Президент те жолдың тым тар екенін айтып, барынша назарда ұстауды Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға нықтап тапсырды. Сырбойылықтар бұл жаңалыққа қатты қуанды.
Қош, біздегі мәлімет бойынша бұл жолдың жобалық құны 1 трлн теңгеден асады. Бүгінде Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысына дейінгі аралықта жеңіл және ауыр жүк көліктерінің саны артқан. Тәулігіне 10 мыңнан көп. Бұрын бір күнде 5-6 мың машинадан аспаса керек.
Өкінішке қарай, тар жолдағы апатты жағдайлардың көрсеткіші жанға батады. Бір ғана мысал, 2016 жылы дәл осы жолда 56 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2019 жылы 71, ал былтыр 99 апат болған.
Е. ҚОЖАС 
21 қазан 2023 ж. 241 0