Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақ

Жаңа Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақ

Тәуелсіздік – ең алдымен барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні.Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сол себепті біз үшін Тәуелсіздік күні – халқымыздың бақыты, еліміз үшін ең қастерлі күн. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік.
Айтар болсақ, шалғай ауылдағы №230 орта мектепте жаңашылдық пен ізденіске құштар өз пәннің білгір маманы қай кезде де уақыт талабына сай еңбек етіп келеді. Заман талабына сай аянбай тер төгіп жүрген ұстаздар баршылық. Биылғы жыл ауылымыз үшін, мектебіміз үшін үлкен жетістікке толы жыл болды. Бітіруші түлектерден 7 оқушымыз грант иегері атанып, еліміздің түкпір-түкпірінде ұстаз мамандығы бойынша білім алуда. Шәкірттердің ұстаздық жолды таңдағаны біздер үшін зор абырой. Осындай көрсеткішке қол жеткізуде нәтижелі еңбегі бағаланып, сынып жетекшісі, шет тілі мұғалімі Фализа Қалауова қалааралық, облыстық Құрмет грамотасымен марапатталды. Басқа да пән ұстаздарына тегін демалуға жолдама берілді. Әрине, абыройлы еңбек етіп жатқан ұстаздар ұжымы үшін бұл үлкен мәртебе.
Кезіндегі ұлы ғұламаларымыз: «Баланың бақыты жақсы ұстаздың қолында» деген екен. Бұл сөздің өзектілігі әлі күнге дейін жойылмады. Баланың болашақ өмірінде ұстаз берген өнеге мен өсиеттің арқалар жүгі өте ауыр. Бала мектеп жасында қандай білім алса, кейінгі өмірінде сол білімнің арқасында қызмет етеді. Бүгінгі күні тәуелсіз елдің ұстазына қойылар талап пен міндеттер осындай күрделі. Сондықтан, тәуелсіз елдің ұстазының білімді де білікті оқушыларды қалыптастыруда атқарып жатқан жұмыстары да едәуір.
Иә, егемендіктің қазақ еліне сыйлаған мүмкіндігі ұшан-теңіз. Тәуелсіздігіміз берік болып, еліміз дами берсе, жастарымыздың біздің аманатымызды алға апаратынына сенімдіміз. Жаңа Қазақстанның болашағы дарынды, талантты, білімді жас ұрпақтың қолында. Сол жастарды өзіміз тәрбиелеп жатырмыз. Мұның бәрі – егемен еліміздің, тәуелсіздігіміздің шапағаты. Болашақ ел тізгінін ұстар, дені сау, білімді де саналы жас ұрпақ тәрбиелеуде елімізде осындай игілікті істер жүзеге асырылуда. Тек бейбіт заманымызда Қазақстанымыз қарыштап дами берсін, тәуелсіз еліміздің тұғыры берік болғай.
З. НАҒАШЫБАЕВА,
№230 орта мектеп мұғалімі
Жіңішкеқұм ауылы

Сурет: massaget.kz
24 қазан 2023 ж. 699 0