Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үнемшілдік азды көп етеді, ысырапшылық көпті жоқ етеді

Үнемшілдік азды көп етеді, ысырапшылық көпті жоқ етеді

Жақында ғана мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың халыққа арнағанЖолдауында «Халқымыз «Судың да сұрауы бар»деп бекер айтпаған.Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса тез таусылатын шектеулі ресурс.Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбағандар қатаң жазаға тартылады» деген болатын. Ел президентінің сөзінің жаны бар екенін аралдықтар жақсы түсінеді.
Кезінде теңіз-ананың ақ қайраңына шомылып, адал асымен қоректеніп ер жеттік. Қолдан жасалған қасіреттен теңізіміз тартылып, табаны тұзды шаңға айналды. Аллаға мың да бір шүкір, бүгінде Кіші Арал теңізі сақталып,балық аулау ата кәсібімізге оралып жатырмыз. Екінші кезеңі басталып, теңізіміз қала жиегінде шалқып жатса деген арманәрбір Арал тұрғындарының үкілі үміті екені анық.
Өткенімізді еске алсақ,ауыз судың да зардабын тартқан халықпыз. Бір кездері Аманөткелдегі Сырдариядантартылған ауыз судың сапасыздығы сондай қалада боткин, сүзек, іш аурулар асқынып, орталық ауруханаға сыймаған науқастар мекемелергеде лық толған. Сол аурулардан небір жайсаңдарымызды көз алдымызда соңғы сапарға жөнелтіп жаттық.
Облыс басшылығына келген әрбір білікті азаматтың артында өшпестей із қалатыны белгілі. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Еркін Әуелбековтің есімі аймақ жұртшылығының есінде мәңгі сақталғаны рас.Аралға жасаған үлкен ісінің бірі –Қосаман елді мекеніндегі жер асты сапалы ауыз суын қалаға жеткізді. Қазір Арал, Қазалы екі аудан халқы таза ауыз суға кенеліп, мейіріміз қануда.
Бірақ осындай қиындықты көрсек те, қазірде ысырапқа көп жол беріп жүрміз. Ауыз суымыздан бөлек көлік жуу, моншаларға пайдалану, тал, гүлдер мен қоса малдарымызды да суарып жатырмыз. Бірақ басқа жолы да жоқ.Қосаманнан тартылған ауыз су келген соң бұрынғы Аманөткелден тартылған су құбырықараусыз қалды. Оны ұстап қала алмадық.
«Үнемшілдік азды көп етеді, ысырапшылық көпті жоқ етеді» деген қанатты сөзде бар.Үнемшілдік пен ысырапшылық туралыайтып жүргеніміз бүгінгі күннің тақырыбы емес, көп жылдардан бері ауызымыздан түспей келе жатқан қалаға аяқсу құбыры тартылып шешімін тапса деген тұрғындарымыздың үкілі үміті.
Екінші мәселе мынау. Арал қаласында ілгеріде салынған аурухананың кәріз жүйесі қаладан 3-4 шақырымдағы сол жердің топырағынан үйіп жасалған тоғанға(септикке)құйылатынды.Жаңадан салынған аурухананың кәріз жүйесінен аққан лас суда сол тоғанға құйылуда. Бірақ су жарып кетіп, айналасына жайылып жатыр. Өкініштісі – біздің малдарымыздың жайылатын өрісі де сол жақта.Жаздың күндеріаңқасы кепкен малдар сол лас судан бүгінгі күнге дейін ішуде.Ал біз сол малдың сүтін ішеміз, қажет болған кезде етінде жеп жатырмыз. Бұл тұрғындардың денсаулығына қаншалықты зияны тиіп жатқанын өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Мұнан бөлек бүгінгі таңда әрбір тұрғын үйде кәріз бар. Ол да жер-Ананы ластап жатқаны жасырын емес. Жел тұра қалған жағдайда көңсіген иістен үйде отыра алмаймыз. Сондықтан лас суды қайта өңдейтін қондырғысы бар қалаға кәріз желісі өте қажет екенін жиырма шақты жылдан бері айтудамыз.
Аудан тұрғындарын алаңдататын тағы бір нәрсе – сорлы көлдер жайы. Жиырма шақты жыл бұрын қаламыздың ішінде 77 гектар жерді алып жатқан 24 сорлы көл болатын. Соны жабу жөнінде жоғары басшыларға айтудың нәтижесінде бірнеше сорлы көлдер жабылды. Дегенмен неге екені белгісіз, оншақты жылдан бері бұл жұмыс тоқтауда.Әліде қаланың ішінде көлемі ауқымды сорлы көлдер бар.Олардың пайдасынан зияны көп болып тұр.Әсіресе, жазды күндері тұзды соры бетіне шығып, желмен ұшып,денсаулығымызға зор зиянын тигізуде.Осы айтылған сорлы көлдерді жабу қолға алынса деген өтінішіміз бар.
Бір сөзі жүретін кісі Хакім Абайдан «Жарысу дегенімізне?» деп сұрапты.Сонда Хакім Абай «Жарысу дегеніміз – менен неге озады деп, етектен тарту емес, менен неге озады деп өзін-өзі қамшылау,намысын жану» деп жауап беріпті. Ұлы Абай бабамыз айтқандай, Нұрлыбек Мәшібекұлы Нәлібаев ініміз облыс басшылығының тізгінін ұстағаннан бері осы аймақтың төл перзенті ретінде өзін-өзі қамшылап, намысқа тырысып,облыстың даму көрсеткіштері айтарлықтай алға басуда.Оның ішінде биылғы 8 айдың қортындысының өзі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасынан алдыңғы қатарда екенін Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атап көрсеткенін және инвистиция тартуда облыс республика бойынша алдыңғы үштікте екенін баспасөз беттерінен оқып, біліп отырмыз.Әрине әрбір біткен игілікті істің артында халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы тұратыны белгілі. Оның бір мысалы, Арал қаласында көп жылдардан бері шешілмей келе жатқан мәселенің бірі қалаға аспалы темір жол өткелін салу болатын.Темір жол қаланың қақ ортасынан өтеді.Бір поезд құрамыөтетін болса, көліктің кептелісі бірнеше шақырымға созылады.Және сол кептелістің арасында ауыр науқасты әкеле жатқан жедел жәрдем, өрт сөндіру,тәртіп сақшыларының көліктері де тұрады.Оларға әрбір секундтың өзі ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. «Ауруын жасырған өледі» демекші, бұл темір жол өткелінде қайғылы оқиғада болғаны есімізде.Барлық мекемелер, өнер мектебі, оқушылар үйі, базар, мектептер темір жолдың батыс жағында орналасқан.Оқушылар мен жаяу адамдар осы темір жол өткелінен өтер кезде де қиындықтың болатыны сөзсіз.
Жақында аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшібекұлы Арал ауданына келіп, көп жылдардан бері шешімін таппаған аспалы темір жол көпірін салыну салтанатын ашып, алғашқы қазығын қағу салтанатының куәгері болғанымызда қала халқының облыс басшысына айтып жатқан ризашылығын есітіп те жаттық.
Жоғарыда айтылған ұзақ жылдар бойы шешімін таба алмай келе жатқан қаламызға аяқсу құбырын, кәріз жұйесі, сорлы көлдерді жабу мәселелерді облыс басшысы Нұрлыбек Мәшібекұлы шешімін табады деп сенеміз.
«Тал да,дарақ та, өзі өнген жерінде көгеріп, көктейді» деп бабаларымыз айтқандай,ел басқарған азаматтарымызға өздерің көгеріп көктеңдер, өңірлеріңді де көгертіп көктетіңдер деп сексеннің сеңгірінен асқан қария ретінде інілеріме тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол Жолмағамбетов,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері
28 қазан 2023 ж. 326 0