Ерболат «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі»
Соңғы жылдарда ауданда егін шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Оған дәлел журыда облыс орталығында өткен дала еңбеккерлеріне арналған «Алтын дән-2023» мерекелік іс-шарасында аралдық диқандардың марапат төрінен көрінуі. Солардың бірі - «Жақсылық» шаруа қожалығының төрағасы Ерболат Саяғұлов «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған болатын.
Ерболат Тұяқұлының әкесі қарапайым шаруа болды. Ұлы Отан соғысына қатысқан ол елге қолынан жараланып оралады. Елге келген соң еңбекке араласып мал баққан, егіншілікпен айналысқан. Жұбайы Шекер екеуі өмірге 10 бала әкеліп өсіреді. Солардың ішінде 4-ші перзенті Ерболат 1960 жыл өмірге келді.
– Әке-шешем бізді адал еңбекпен жетілдіріп жеткізді. 10 бала да өмірден өз орындарын тауып, еншісін алып бөлек шықты. Мен 1978 жылы мектеп бітірген соң әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышымды Чехословакия жерінде өтеп қайттым. Әскерден оралған соң "Приарал" совхозына келіп механизатор болдым. Бір жағынан егіс, екінші жағынан шөп дайындайтын едік. Трактор айдадым. Сол шақтарда егіншілік кәсіптің қыр-сырын меңгере бастадым. Бригадир Байекеев Бақыт деген кісі болды. Сол кісіден мол тәжірбие жинадық. Қауын, қарбыздан бөлек қызылша да ектік,- деді Ерболат Тұяқұлы.
Дала дақылдарын егіп, ерте көктемнен ала жаздай үй бетін көрмейтін Ерболат ағаға егін шаруашылғы шындығында тіршіліктің басты көзіне айналды. Ол 1987 жылы жары Базаркүлмен шаңырақ көтереді. Жарасымды еңбекшіл жанұяда 3 перзент өсіп шығып, қазір елге елеулі еңбек етуде.
– 2016 жылы «Жақсылық» шаруа қожалығын құрдым. Қожалық құрамында 4 жанұя бар. Жыл сайын ала жаздай Жер-анадан нәпақа тереміз. Биыл 6 гектар жерген көкөністермен қоса мал азығы жоңышқа да егілді. Ең алдымен еңбек ақталып, бақша мәуелі жемісін бере бастағанда аудан халқын тиімді бағамен қамтамасыз етуді көздейміз, - дейді диқан.
Оның осы еңбегі еленіп «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі алуы барша диқан қауымның еселі еңбегінің жемісі іспетті.
– «Алтын дән-2023» мерекесінде маған берілген «Ауыл шаруашылғы саласының үздігі» төсбелгісі жалпы аралдық егіншілерге берілген баға деп ойлаймын. Мен үшін бұл үлкен жетістік, зор мәртебе. Еңбегіміз еленіп, құрмет төрінен көріну шаруа адамы үшін жүрекке қуаныш сыйлайды емес пе? Алдағы уақытта да көрсеткішін еселеп, ел дамуына үлес қосатын боламыз, - деді ол.
Ерболат Тұяқұлының алға қойған мақсаты көп. Алдағы уақытта бақша дақылдарымен көкөністердің көлемін көбейтіп, мал азығын молырақ дайындауды қолға алсам деген жоспарлары бар. Мұның бәрі ауданның егін шаруашылығында оң көрсеткішке қолжеткізуіне септігін тигізетін болады. Марапат төрінен көрініп, кеудесіне төсбелгі таққан дала еңбеккерінің арман мақсатының орындалуына біз де тілекшіміз.
Н. МАРАТ