Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Желтоқсан айында ауа райы қандай болады?

Желтоқсан айында ауа райы қандай болады?

Елімізде қыс мезгілі біртіндеп өзіне тән мазмұнға енеді. Синоптиктер желтоқсан айына арналған ауа райы болжамын ұсынды. Алайда синоптиктердің ескерту ретінде айтуынша, бір айға арналған болжам кейіннен өзгеруі де мүмкін және онкүндікке, аптаға, 1-3 тәулікке арналған ауа райы болжамдарымен нақтыланады, деп жазады Egemen.kz.

Желтоқсанның таяу күндерінде және бір айдың ішінде республиканың басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты күтіледі: солтүстік өңірлерде қар, кейде боранды қар жауады, оңтүстік өңірлерде жауын-шашын жауады (жаңбыр, қар). Республика бойынша тұман, көктайғақ, желдің 15-28 м/с дейін күшеюі күтіліп отыр, айдың басында солтүстік-батыс пен солтүстікте – жел 30 м/с және одан да жоғарырақ екпінде болатыны болжанған.

Желтоқсанның бірінші онкүндігінің екінші жартысында арктикалық суық ауа массаларының ығысуымен бүкіл елде ауа температурасы айтарлықтай төмендейді: елдің батысында түнде -10-20°C дейін, күндіз -3-13°C дейін; солтүстікте, солтүстік-батыста, шығыста, орталықта түнде -20-30°C дейін, күндіз -10-20°C дейін; оңтүстік пен оңтүстік-шығыста түнде -10-20°С дейін, күндіз -2-10°С дейін төмендейді.

Желтоқсанның екінші және үшінші онкүндіктерінде циклондардың әсерінен бірнеше қарқынды жылу толқындары күтіледі: солтүстікте ауа температурасы түнде -5-10°С дейін, күндіз 0-5°С дейін, оңтүстікте түнде -3+3°С дейін, күндіз +5+13°С дейін жоғарылайды.

Алайда жекелеген күндері солтүстік-батыстан енетін суық антициклондардың әсерінен температураның төмендеуі болжанады: солтүстікте түнде -20-30°С дейін, күндіз -8-15°С дейін; оңтүстікте түнде -10-17°С дейін, күндіз -3-10°С дейін төмендейді.

Жалпы болжам бойынша желтоқсан айында ел аумағындағы ауаның орташа температурасы мөлшерден 1-2°жоғары болатыны күтіліп отыр.

Желтоқсанда жауын-шашын республиканың басым бөлігінде мөлшерлі, еліміздің солтүстігінде мөлшерден көп жауатыны болжанған.

Сурет: ​egemen.kz​​​
01 желтоқсан 2023 ж. 177 0