Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қақаған аязда кіндік кескен

Қақаған аязда кіндік кескен

Мемлекет басшысының «Бірінші  кезекте  билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Баланың денсаулығына қатысты нақты шаралар қабылдану қажет. Бала біздің болашағымыз екенін ескерсек, олардың денсаулығы елдің ертеңінің дамуына ықпалы зор. Мемлекеттің байлығы халықтың денсаулығымен өлшенеді десек, дені сау ұрпақ өсіру біздің басты міндетіміз» дегенін жақсы білеміз.
Бүгінде ана мен бала денсаулығы мемлекеттің басты назарында. Олардың амандығы мен бақытты ұрпақ өсіру жолында әсіресе медицина саласы қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Біз ана мен бала жанына араша болған осындай жандардың бірін сөз етпекпіз.
Қажет кезінде уақыт оздырмай шұғыл әрі орынды шешім қабылдай алу кез келген жедел жәрдем қызметкерлерінің міндеті дейміз. Бірақ бұл жұмыстың арғы жағында асқан жауапкершілік жатыр. Басы ауырып, балтыры сыздаған азаматтардан бөлек түрлі деңгейдегі жарақаттарға, жағдайларға кездесіп жүргенін айтқан 16 жылдық еңбек өтілі бар жоғарғы санатты фельдшер Кәмшат Оразғалиева қазірде 6 баланың кіндік анасы. Бұл жайлы көпшілік білмесе де, жуырда ғана орын алған мына жағдай ақ халатты абзал жанның үлкен ерлігі десек жарасады.
– Желтоқсан айының 12-сінен 13-іне қараған түн болатын. Жедел жәрдемге қоңырау келіп түсті. Шақырған мекен-жай бойынша барып, тексеру барысында жүкті әйелдің толғағы басталғанын анықтадық. Ақеспе ауылының тұрғыны, 4 баланың анасы сол күні қаладан тексеруден өтіп, босану мерзіміне әлі ертелеу екенін естіген. Жедел әрекетке көшіп, ананы Арал қаласына қарай алып шықтық. Жолда толғақ күшейіп, қалаға дейін жете алмайтындықтан шұғыл әркетке көштік дейді, – Кәмшат.
Қыстың қаһарына мініп, 30 градустық салқында баланы да, ананы да аман алып қалу оңай емесін түсінген жедел жәрдем бригадасы көлікті жылытып, қыз баланың аман-есен жарық дүние есігін ашуға мүмкіндік жасады. Алланың қалауымен кейіпкеріміздің және жанындағы фельдшер Манасбек Орынбаевтың біліктілігінің арқасында ақеспелік көпбалалы ана өзінің бесінші перзентін аман-сау бауырына алды.
Қалаға екеуін де дінаман алып келіп, перзентхана дәрігеріне тапсырған. Қазірде ана мейіріміне бөленген бала да, баласын еркелеткен ана да бақытты. Кәмшат Оразғалиеваға алғысы шексіз.
Білімді маманның өзі де Ақеспе ауылында туып-өскен. Өз саласындағы алғашқы еңбек жолын туған ауылында фельдшерлік бекетте бастаған ол, сол кездері үй жағдайында 3 ананы босандырып алған абзал жан кейіннен Сексеуіл кентіне келін болып түседі. Осында жедел жәрдем қызметінде жүріп те ана мен балаға шаттық сыйлаған. Осыған дейін де кенттегі 2 баланың кіндік анасы атанған.
Бүгінгі таңда өзі де 4 бала тәрбиелеп отырған, талай ананың батасын алған жанға абыройлы еңбек пен ана бақытын тілейміз. Антқа адал жанның бұл еңбегі елдің есінен ешқашан ұмытылмайды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

23 желтоқсан 2023 ж. 257 0