Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаларға бағыт берген академия

Балаларға бағыт берген академия

Жастар – елдің болашағы, еліміздің үкілеген үміті. Олардың қай салада болмасын мықты болуы жастайынан алған тәрбиеге, олардың талғамына сай қырын ашып бейімделуіне байланысты. Осы бағытта 2021 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жан басына қаржыландыру тетігі іске қосылған болатын. Бұл жоба аясында қазақстандық балалар үйірмелер мен секцияларға тегін бару мүмкіндігіне ие болды. Жобадан аралдық жастар да қалыс қалмады. Соның нәтижесі – кеше болған «GN» академиясының «Бізге 2 жыл» атты шығармашылық кеші.
Жалпы жан басына қаржыландыру жобасы 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған. Республика көлемінде ұйымдастырылған жобаның арқасында еліміздің түкпір-түкпірінен балаларға арналған түрлі секциялар ашылды. Осындай мақсатта 2021 жылдың желтоқсан айында қаламыздағы Шанхай мөлтек ауданында «GN academy» өнер орталығы ашылды.
2021 жылы «ArtSport» тегін үйірмелер бағдарламасы іске қосылған болатын. Бұл жаңалық маған ерекше үміт сыйлады. Анаммен ақылдаса келе, қыркүйек айында «Даму бала» платформасы арқылы Қызылорда облыстық Мәдениет және Спорт бөліміне өтініш жібердім. Желтоқсан айында 20 баланы «Өлкетану» үйірмесінде тегін оқытуға мүмкіндік алдым. Сол уақыттан бері анамның қолдауының арқасында бұл жоба өз жалғасын тауып келеді, – дейді жобаның негізін қалаушы Назерке Әлиқызы.
Бүгінде жоба дамып, тегін үйірмеге қоса ата-аналардың сұранысымен ақылы үйірмелер ашылған. 80-нен аса оқушыны қамтитын ақылы үйірмелерге заманауи би, сурет, саз балшықтан құмыра жасау үйірмесі, көркем гимнастика, вокал және гитара үйірмесі кіреді. Олардың барлығына Арал қаласының өнерлі жастары мен тәжірбиелі жандар жетекшілік етеді. Бүгінге дейін академия шәкірттері түрлі қалалардағы облыстық, республикалық, халықаралық дәрежедегі марапаттар иесі. Атап айтсақ, Қызылорда қаласында өткен «Жібек жолы» республикалық суретшілер сайысында Жеткерген Іңкәр І орын (жетекшісі Мұратбаев Бақбосын), Түркістан қаласында өткен республикалық эстрада вокал әншілер байқауында Сағадат Әсел Бас жүлде (жетекшісі Тұрғанбаев Бекұлан), «Dance Battle» халықаралық бишілер конкурсында «Our mission» би тобы (жетекшісі Ержанұлы Абзал) І орынмен марапатталды.
Менің «GN» академиясы туралы білгеніме 1 жылдай болды. Өзімнің қызымның қызығушылығына байланысты сұрап білгем. Академияда балаларға арналған көптеген тәрбиелік, дамытушы үйірмелер бар екен. Қызымның таңдауы Абзал Ержанұлы жетекшілік ететін заманауи би үйірмесіне түсті. Бүгінде қызымның би тобы еліміздің Астана, Ақтау, Алматы секілді үлкен қалаларындағы байқауларға қатысып жүр. Жас та болса барлық баланың көңілінен шыға білген, оларды өзінің өнерге деген сүйіспеншілігімен баурай алған ағайына алғысым шексіз.
Алдағы уақытта академияның жетістіктері көп болуын тілеймін. Ауданымызда өнерлі жастардың қолдау табуы шынымен халықты қуантады. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, жақсы бағыт-бағдар беру біздің парызымыз. Сондықтан академияның бізге берер көмегі мол,- деп Зейлтаева Алмагүл өзінің ізгі тілегін білдірді.
24 желтоқсан күні «Бізге 2 жыл» атты академияның шығармашылық кеші өтті. Екі жыл көлемінде атқарылған барлық шараны, шәкірттердің жеткен жетістіктерін саралау мақсатында ұйымдастырылған кешке аудан әкімінің орынбасары Кете-Төле би Бержанов, «AMANAT» партиясынан Сабырбай Ержан, «IQ» оқу орталығының директоры Жақан Анар, белгілі кәсіпкер Дәрмағанбетов Төребек сынды қонақтар келді. Кеш барысында өнер орталығының оқушылары келген көрерменді өз өнерлерімен тәнті етті. Қонақтар арасында ойындар ойнатылып, бағалы сыйлықтар табысталды. Халықтың көңілінен шыққан кеш Жаңа жыл қарсаңында бір серпіліс берді десек артық емес.
Жастардың игі бастамасы – қаламыздың басты дамуы белгісі. Көптің көңілінен шыға білген академия ұжымының жетістіктері бұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта да өз шығармашылығымен көпті қуантқан академия ғұмыры ұзақ болсын деп тілек білдіреміз.
Гүлмарал САҚТАПОВА
26 желтоқсан 2023 ж. 170 0