Отандық өндірушіні қолдау қажет
Мұрат Әбеновтің Қызылорда қаласындағы жұмыс сапары «ВЕГА-Пром» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру цехында жалғасты. Цех 2014 жылы пайдалануға берілді.
Мұнда құрғақ құрылыс қоспасының 11 түрі шығарылады (кафель желімі, желім «R 12 PLUS», «Тамшы» және «Ақ тамшы» сәндік сылақ, «Вега-пром» құйылмалы едені, «2в1» және «G12PLUS» гипс жабыны, «BELKOL» гипс сылағы). Өз бизнесін ашу үшін «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасын пайдаланып, қазіргі уақытта цехта күніне 70 тоннадан астам өнім өндіріледі.
Аталған жоба Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде кеңейту жұмыстарын жүргізуге 2,9 гектар жер телімі берілді.
Атап өткен жөн, өндірісте қолданылатын жабдықты цех директоры Әбдіжаппар Бимағанбет өз қолымен құрастырып шыққан.
Кәсіпкер жобаға қажетті инфрақұрылымды жүргізу мәселелерін шешу қажет екенін айтты. Бүгінгі таңда цех орналасқан Белкөл кентінде индустриалды аймақ құру мәселесі көтерілуде. Қала әкімінің аумақты анықтау туралы қаулысына сәйкес, инфрақұрылымды жүргізу жоспарланып жатыр, жобалық құжаттар әзірленуде.
Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы
Ақпарат көзі: syrboyi.kz