Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұмау жұқпасының алдын алу шаралары

Тұмау жұқпасының алдын алу шаралары

Арал ауданы тұрғындары арасында 2023 жылы жедел респираторлық вирусты жұқпалардың 3786 жағдайы тіркеліп, оның 2282 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде болса, 520 жағдайы жасөспірімдер арасында тіркелген. 2022 жылы жедел респираторлы вирусты жұқпасымен 1040 науқас тіркеліп, оның 612 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар, 59 жағдайы жасөспірімдер арасында тіркелді. Аурушаңдықтың жалпы көрсеткіші 2022 жылмен салыстырғанда 3,6 есеге , балалар арасында 3,7 есеге, жасөсіпірімдер арасында 8,8 есеге өсіп, аудан көлемінде эпидемиологиялық ахуал «қолайсыз» боп бағаланды. 2022 жылы тұмау жұқпасының 4 жағдайы тіркелсе, 2023 жылы тұмау тіркелген жоқ.
Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау жұқпасы – өте тез жұғатын, әрі тез тарайтын тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы. Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанда да жұқпалы аурулардың ішінде, ең алдыңғы орында тұрған, әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына жатады. Статистикалық деректер бойынша, елімізде эпидемиологиялық кезеңде жедел респираторлық вирусты жұқпалар және тұмаумен 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам ауырады. Ауру көрсеткіші ересектер арасында 40 пайызды құраса, балалар арасындағы көрсеткіш 60 пайызға жеткен. Жедел респираторлық вирусты жұқпалармен және тұмаумен көп жағдайда қарт адамдар, жоғары тыныс алу жолдарының және бронх-өкпе жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар, иммунитеті төмен, әлсіз және жиі ауыратын ересектер мен балалар ауырады. Бірінші кезекте жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жолдары ағзаларының ауруларын туғызады, қызметін қиындатады. Бұл көп ретте науқастардың төсек тартып жатып қалуына, еңбектен қол үзуіне әкеліп соқтырады. Асқынулар мүгедектікке, ауыр жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін. Тұмау ауруының асқыну жағдайларын болдырмау үшін тұмаумен ауырған жағдайда оны уақытылы анықтап, дұрыс емдеу маңызды.
Тұмау әдетте кенеттен басталады, ауырған адамның бірден тұла бойы қалтырап, дене қызуы 38-39 ºС , кейде 40ºС температураға дейін жетеді. Басы шаншып ауырып, денесі, әсіресе, белі мен аяқ буындары сырқырайды, мұрны бітеліп, су ағады, тамақ ауруы, көзі қызарып, әлсіздік болады. Дене қызуы басталысымен немесе одан біраз уақыт өткеннен кейін түшкірік пайда болып, жөтеледі.
Тұмау асқынған жағдайда ауру адамның өкпесі, кеңсірігі, құлағы қабынып, плевритке, пневмонияға ұласады, жүрек, буын, бүйрек, ми және ми қабықтары зақымданады.
Алдын - алу шаралары
-Тұмауды таратпаудың бірден-бір шарты-сырқатты оңаша бөлмеге оқшаулап, төсек режимін сақтау өте маңызды, өйткені ауру жүрек- қан тамыр, иммундық және басқа дене жүйелеріне жүктемені арттырады;
-Тұмаумен ауырған балаларды балабақшаға, мектепке жібермеу , ересектер жұмысқа бармай дәрігер көрсетілімімен емделу ;
-Ауру адам жатқан бөлмеге, үй-жайларда залалсыздандыру дәрілерін қолдана отырып,
ылғалды жуып-шаю жұмысын жүргізіп, жиі ауа алмастырып, терезе көздерін
ашып, желдетіп отыру;
-Жеке бас тазалық шараларын сақтау барысында қолды сабынмен мұқият жуып, ауыз,мұрын
қуыстарын тұзды сумен шаю, лас қолмен мұрынды, көзді, ауызды ұстамау;
-Тыныс жолдарын бетпердемен тұмшалау, яғни жабық үй-жайларда және адамдар көп жиналған орындарда бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалану;
-Ауру белгілері, мысалы түшкіру немесе жөтелу белгілері бар адамдармен байланысты
мүмкіндігінше шектеу;
-Құрамында С витамині бар өнімдерді (мүкжидек (клюква), итбүлдірген, шиповник, қарақат,
лимон және т.б.) көбірек пайдаланып, сұйықтықты көп ішу;
-Сарымсақ және пияз қосылған тамақты көбірек пайдалану;
-Денені шынықтыру мақсатында спортпен айналысу, таза ауада көп жүру;
-Дәрігердің көрсетілімімен иммунитет көтеретін препараттарды пайдалану;
-Аурудың негізгі алдын алу шараларына тұмауға қарсы вакцинациялау жатады.Тұмаудың эпидемиялық маусымның алдында (қазан айы) қысқа уақытта адамдарды тұмауға қарсы егу-ауруға шалдығуды, асқынуларды болдырмауды, ауыр түрлерін азайтатындығы дәлелденген жайттар.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық Сэбб басшысы 

фото:  el.kz
16 қаңтар 2024 ж. 263 0