Көлік жеңген көпбалалы ана

– Әдетте мұндай дүниелерге көп қызықпайтынмын. Нәпақамды еңбегіммен тауып жүрмін. Бұрын балық комбинатында есепші болып жұмыс жасадым. Ал қазіргі уақытта балық сатумен айналысамын. Бірде інімнің жарнамасынан ұтыс өтетіні туралы естідім. Қызығушылықпен өзіне қоңырау шалып, қаншалықты шынайы, әділ өтетінін сұрадым. Барлығы ашық, әділ өтеді деген соң бағымды сынап көргім келді, – дейді.
Толық ақпаратты естіген соң бар-жоғы 3 билет сатып алып, ұтыс ойнына қатысуға тәуекел еткен. Әрі қарай өз сезімімен бөліскен кейіпкеріміз:
– Ұтыс ойналатын күні көпшілікпен бірге барып, өз көзіммен көргім келді. Мыңнан аса адам жиналды. Одан бөлек, тікелей байланыс арқылы төрт мыңға жуық адамның тамашалап отырғанын да естідім. Басқа қанша адам барын тіпті ойлау мүмкін емес. Үміт бар, бірақ сенім аз болды. Менде осыншама адамның арасынан көлік маған бұйырады деген ой мүлде болмады. Ал есімімді атап, ортаға шақырғандағы сезімімді, қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жолдасымда тұрақты жұмыс жоқ. Өзім көп балалы анамын. Жеті қыз тәрбиелеп отырмын. Сол балаларымның несібесі шығар, «Нyundai sonata sport» көлігі маған бұйырды. Өзімде көлік жүргізуге рұқсат қағазым жоқ. Қазір жолдасым жүргізіп жүр – дейді. Сондай-ақ:
– 31 қаңтарда екінші кезеңі болады. Ол кезде де 75 бағалы сыйлық пен 2 Нyundai көлігі ойнатылады. Ол жерде де қатысушыларға сәттілік тілеймін. Мен сезінген қуанышымды сіздермен бөлісіп жатырмын. Сіздерге де ұтыс бұйыртсын, – деп ақ тілегін де арнады.
О.ЖОЛДАСОВ