Өнер мен дәулет қонған жер

Кешегі күн мен бүгінді дәріптеп, өскелең ұрпаққа танымал азаматтардың өмірін дәріптеуге ұйымдастырылған шараның мақсаты – соғыс ардагері Құдайберген Жасекеновтің өмір жолы мен шығармасын кеңінен насихаттау. Шараға мәдениет саласының ардагерлері Төребеков Жақсыбай, Сатаева Ранай, Әлімбетова Бақыткүл, термеші Жұбаниязов Серікқали, зейнеткер Махамбетов Аманкелді, Дәрімбетов Жарылқасын және №260 орта мектеп оқушылары қатысты.
Шара барысында кітапхана меңгерушісі А.Нағашыбаева мәдениет майталманы Құдайберген Жасекеновтің өмір жолына тоқтала келе, кітаптың мазмұнына қысқаша тоқталды.
Мұнан соң зейнеткер, мәдениет саласының ардагері: Жақсыбай Төребеков:
–Арал ауданының мұражайының негізін салушы және тұңғыш директоры мәдениетке еңбек сіңірген қызметкер Құдайберген Жасекенов болды. Осы уақыт ішінде музей күннен-күнге кемелденіп, ел қызыға баратын рухани мекенге айналды. Көрнекті зергер Құдайберген Құлмамбетов музейге зергерлік ұста дүкенін жасап берсе, белгілі суретшілер Абай Әбішов, Берік Бөкешов көптеген картиналарын сыйға тартты. Музей жанынан балықшылар өміріне қатысты филиал ұйымдастырылып, ол жеке статусы бар Балықшылар музейі болды. Бүгінде музей халықтың рухани нәр алатын орталығына айналған, – деп естеліктерімен бөлісті.
Шарада оқырмандар жасырынған сөзжұмбақ шешуін жарыса тауып, ауданымызға белгілі жыршы-термеші С.Жұбаниязов Әбілхан Махановтың «Арал толғауы» термесін орындады. Кітапханашы Б.Әбілдаева «Мәдениет майталманы» атты кітап көрмесімен таныстырды. Шара соңында зейнеткер, кітапхана оқырманы Амангелді Махамбетов оқырмандарымызға ақ батасын берді.
К. ӨТЕПБЕРГЕН