Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры

Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры

Жақында Қазақстан Республикасының халықтарының тілдер мерекесі күніне орай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, қалалық №3 кітапханада «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты мерекелік кеш болып өтті.
Кеш мақсаты – оқушылардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге арналған шарада аудандық индустриалды-техникалық колледжінің «Көлік жөндеу» бөлімінің  І курс студенттері, №260, №64 мектеп оқушылары қатысты.
      Шара барысында кітапхана меңгерушісі А.Нағашыбаева:
–Тіл – ұлттың жаны, халықтығының асыл белгісі, намысы, тыныс- тіршілігінің көзі, тіл – қашанда ұлттың ұйытқысы. Сөзі өз тілінде шыққан халықтың еге­мендігі баянды, тұғыры қашан да биік. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күн санап арта түсуде. «Тіл тұғыры – ұлт тұғыры» екенін естен шығармауымыз керек. Әсіресе  кейінгі жастар қазақ тілін үйренуге, қазақ тілінде сөйлеуге жетік мән берсе деп ойлаймын. Себебі жастар – елдің келешегі. Жас ұрпақтың тілі ана тілінде шығып, қазақ тілінде білім алуына, басқа да тілдерді жетік мең­геруіне толық мүмкіндік те бар, – деп қазақ тілінде сөйлеу – бүгінгі күннің басты ұстанымы екенін айтты.
Шара барысында мақал-мәтелдердің алдыңғы жолын әрі қарай жалғастырып айтуда да оқырмандар белсенділік танытты. Содан соң мәдениет орталығының үйірме жетекшісі Айнұр Сүйеуова «Аралдың адамдары» атты әнін орындаса, кітапхана оқырманы, мәдениет орталығының әдіскері Гүлжанат Әйтімова өзінің тілге деген жанашырлығын, жүрекжарды өлең жолымен жеткізді.
Кітапхана оқырмандарына зейнеткер Жарылқасын Дәрімбетов батасын беріп, Бақыткүл Әлімбекова  үкілі домбырасымен «Ана тілім – ардағым» әнін тарту етті.
Шара соңында кеште белсенділік танытқан оқырмандарға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Махатов Алғыс хатпен марапаттады.
К. ЗДЕНОВА
12 қыркүйек 2022 ж. 944 0