Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақ тілін түлеткен тұлға

Қазақ тілін түлеткен тұлға

Тіл – қазақтың қазынасы. Қашанда басты құндылығымыз, елдігіміздің нышаны болатын ана тіліміздің қадірін "Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек" деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтан артық ешкім айта алмас. Қазірде Қазақстан халқының тілдер күні мерекесі Ахмет Байтұрсыновтың туған күнімен қатар тойланады. Осы мереке аясында ел көлемінде ауқымды жобалар іске асады. Жақында сондай шаралардың біріне куә болдық.
Аудандық орталық кітапханада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне және тіл реформаторы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай «Қазақ тілін түлеткен тұлға» тақырыбында жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Байқауға қатысқан 5 ақын 3 бөлім бойынша бақ сынап, суырыпсалма шапшаңдықтары мен жүректен шыққан жырларын ортаға салды.
Жыр мүшәйрасында «Арал әлемі» газетінің бас редакторы, ақын Ерғали Абдулла, аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Абай Елеш, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы Бекбол Шеризатұлы қазылық етіп, қыл қаламды қару, қара өлеңді жанына серік еткен ақындардың арасынан шын мықтыны анықтады.
Байқау барысы бойынша ауданымызға танымал ақындар Алтынбек Қыстаубаев, Дархан Аманжолұлы, Гүлжанат Әйтімова, Ақгүл Үсенова байқаудың алғашқы бөлімі бойынша еркін тақырыптағы ең мықты туындыларын ұсынды. Екінші бөлім бойынша телеэкран бетінде суреттелген түрлі тақырыптағы бейнелердің бірін таңдап, әділ қазылар алдында шеберліктері мен жылдамдықтарын ортаға салып, 1-2 шумақтық жыр әзірлеп ұсынса, соңғы кезеңде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов және тіл тақырыбында ұсынған жырлар ортаға салынды .
Жыр бәйгесінің қорытындысы бойынша бас жүлдені Алтынбек Қыстаубаев еншілесе, Дархан Аманжолұлы І орын, Гүлжанат Әйтімова ІІ орын, Айгүл Темірбай ІІІ орынды иеленді. Ал Ақгүл Үсенова арнайы Алғыс хатқа ие болды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Махатов үздіктерді марапаттап, арнайы дипломдар мен сыйлықтарды ұсынды. Рухани шарада әнші Айнұр Сүйеуова әуезді әуендерді шырқап, тыңдарман қауымға тамаша күй сыйлады.

"Толқын" ақпарат
05 қыркүйек 2022 ж. 686 0