Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Сүлейлердің сарқытын сарқып ішкен..»

«Сүлейлердің сарқытын сарқып ішкен..»

Жақында қалалық №3 кітапханада Сыр сүлейі, ақын Әбілхан Махановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Сүлейлердің сарқытын сарқып ішкен..» атты еске алу кеші өткізілді.
Кітапхана қызметкерлері мен Нұртуған Кенжеғұлұлы  атындағы жыраулар үйі бірлесе отырып өткізген шараға жыршы, термеші Гүлжамал Бейісова, Серікқали Жұбаниязов, Гүлжанат Әйтімова және кітапхана оқырмандары қатысты.
Шараның мақсаты – өлеңдері өзінше үлкен әлем, мазмұны терең, тілі шұрайлы, ұйқасы мағыналы жыршы-термеші Әбілхан Махановтың жыр термелерін, өсиетнамаларын кейінгі ұрпаққа тәрбиелік маңызы зор ғибрат аларлық мұра екенін насихаттау. Кешті қалалық №3 кітапхана меңгерушісі А.Нағашыбаева:
–Қашанда өнер – пенденің мәңгілікке мұраттаған аманат әлемі. Осы өнер шыңында талантымен дараланған Арал өңірінің ардақты азаматы, абыз ақыны Әбілхан Маханов айтыста жарқ етіп көрініп, айтыс сүйер қауымның сүйіспеншілігіне бөленді. Тума талант, дарын иесінің ішкі ойын ұғыну үшін автордың парасатты, пайымды жыр жолдарын, рухты өлеңін жатқа білу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Ақынның өлеңдері әртүрлі тақырыптарды қамтиды. Және кейінгі ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор ғибрат аларлық мұра, – деп  артына өшпес мұра қалдырған Сыр сүлейі Әбілхан Махановтың өмір жолына кеңінен тоқталды.
Шара барысында Г.Әйтімова «Жұдырықтай жұмыр жер», Г.Бейісова «Көңіл қос», С. Жұбаниязов «Аралым – айдын шалқарым» атты термесін тарту етті.
   Кеш соңында кітапханашы Б.Әбілдаева «Абызы еді Аралдың...» атты кітап көрмесіне шолу жасады.



К. ЗДЕНОВА
08 тамыз 2022 ж. 1 110 0