Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада мектеп директорлары 50-ден астам мұғалімді конкурссыз қабылдаған

Қызылордада мектеп директорлары 50-ден астам мұғалімді конкурссыз қабылдаған

Облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев прокуратура органдары мектептерде жүргізген тексерулер нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен өрт қауіпсіздігі ережелерінің көптеген бұзушылықтарын, мұғалімдерді конкурссыз жұмысқа қабылдау, ыстық тамақпен қамтамасыз ету және мектеп ғимараттарында күзет қызметін көрсету барысындағы бұзушылықтарды атап өтті.

«Аймақтағы мектеп директорлары қызметкерді лаборант, ассистент қылып алып, мұғалім орны босағанда конкурс жарияламай 50-ден астам мұғалімді қабылдаған. Жалағаш ауданында және облыс орталығындағы мектептердің ғимараттарына бөтен адамдардың кіріп шығу жағдайына эксперимент жасалып, нәтижесінде ғимаратқа еш кедергісіз қару жарақ және басқа да тыйым салынған құралдармен еркін кіріп шығуға болатынын көрсетті», - деді Нұрболат Дүйсенбаев.

Сонымен қатар облыс прокурорының орынбасары келесі маңызды мәселелердің бірі - кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық профилактикасына тоқталды.

«Өңірімізде балалармен жасалатын құқық бұзушылықтардың саны жылдан жылға артып келеді. Мектеп оқушылары арасында бопсалау, әлімжеттік көрсету және жас ерекшеліктері бойынша топтардың әлі барын атап өтті. Қылмыстың алдын алу, оны болдырмау - құқық қорғау органдары мен атқарушы органдарға жүктелген басты міндет. Бала тәрбиесінде ең бірінші кезекте ата-ана рөлі ерекше. Сондықтан ата-ана жауаптылығын күшейтуге аса мән беру қажет», - дейді Облыс прокурорының орынбасары.

Осы ретте, облыс прокуратурасы мектептегі білім процесі, педагогтарды тағайындау, балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, олардың білім ордасындағы қауіпсіздігінен бастап түнгі мезгілге дейінгі қауіпсіздігін бақылау, ата-аналарымен профилактикалық жұмыстарды қамтитын Жол картасын әзірледі.

Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz

Фото: kaz.inform.kz
02 ақпан 2024 ж. 217 0