Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақниеттің азаматтығын ауыл біледі

Ақниеттің азаматтығын ауыл біледі

Арал жаққа келе қалсаңыз, Сырдың бойында ғасырдан астам тарихы бар іргелі ауылдардың бірі Аманөткелге жолығасыз. Шаруасы шалқып, ырысы тасып, тіршілігі қыж-қыж қайнаған берекелі ауылдың азаматтары да қай тірлікте болса да өте белсенді. Мұны көріп те, естіп те жүрміз.
Ауылға кіреберіс қақпаға келгеннен-ақ ынтымағы бекем Аманөткелдің азаматтарының қаншалықты елжанды екенін аңғаруға болады. Бүтіндей бір мекеннің тірлігі мен тұрмысын боямасыз айтып тұрған қақпада да осы ауылдың «елім» деген ерлерінің қолтаңбасы жатыр. Олардың қатарында Аманөткелдің тумасы Ақниет Жалғасбаев та бар.
Иә, Ақниет Дайрабайұлы жайында көп әңгіме айтуға болады. Десе де мақаланың басын ауылда туып, азаматтыққа лайық еңбек атқарып келе жатқан жанның өмірдерегінен бастауды жөн көрдік. Ақниет 1987 жылы 22 ақпанда Аманөткелде дүниеге келген. 2004 жылы осындағы №73 орта мектепті бітіріп, арман қуып Алматыға аттанған ол 2004-2008 жылы Алматы каласынан ІІМ-нің академиясын бітіріп лейтенант шенімен Атырау каласында учаскелік полиция инспекторы болып еңбек жолын бастады. 2011жылға дейін сонда қызмет атқарып, 2011жылы Арал қаласына Арал АIIБ-не капитан шенімен учаскелік полиция инспекторы ретінде қызметке келіп, 2015 жылға дейін абыройлы еңбек етті. 2015жылдан бастап кәсіпке бет бұрған кейіпкеріміз табысты еңбек етіп, бүгінге дейін шаруасын өрге домалатып отыр.
Қазақта «Сайына қарай саласы, әкесіне қарай баласы» деген тәмсіл бар. Расында Ақниеттің осындай биіктерді бағындыруы әкенің тәлімі мен көрсеткен тәрбиесінде екенін өзі де жиі айтады, ел де жақсы біледі. Аудандық мәслихат депутаты ретінде Сырдың жағасын жағалай қоныстанған ауылдардың мәселесін көтеріп, оң шешімін табуға атсалысып жүрген Дайрабай Жалғасбаев әркез перзенттеріне ақылын айтып, жол нұсқап келеді. Еңбегіңді еліңе арнасаң, есігіңнен құт кетпейтінін жақсы түсінген әкенің үлгісін алып, жолымен жаңылмай жүре білген Ақниеттің де абыройлылығы үлкенді тыңдай білуінде десек қателеспейміз. Қазірде жас та болса жақсы ісімен есімі елдің аузында үнемі айтылып жүретін кейіпкеріміз:
– «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» демей ме?! Расында қандай іс бастасақ та мол тәжірибе мен терең тәрбиенің, тынымсыз еңбектің арқасында ғана нәтижеге жетуге болады. Бұл – бұлжымайтын заңдылық. Әкем Арал мұнай базасында оператор болып қызмет атқарған. Осы салада жүріп біраз тәжірибе жинады. Жұмыстың қиындығын еңсеріп, қыр-сырын меңгерді. Кейін сол білген-түйгенін бізге үйретті. Қандай тосқауыл болса да сабырлықтанытып, жеңіп шығуға шыңдады. Қазірде ауылда май құю бекетінің жұмысын жүйелі ұйымдастырып, халықтың ойынан шығуда жұмыс жасап жатырмыз. Бір мақтанарлығы, жанармайдың да, автогаздың да бағасы Арал қаласының бағасымен бірдей. Біздің көздеген мақсатымызда осы болатын. Елдің қажетін қамтамасыз етіп жүргендіктен оларға да тиімді жағдай жасап, пікірлерін тыңдау, сұранысын қанағаттандыру бірінші кезекте тұруы қажет. Бағаны тұрақтандыру бағытындағы жұмыстардың барлығы осы көздеген мақсатқа жетудің басты қадамы, – дейді.
Басы.
Қажетін алыстан қарманбай, жақыннан табылғанына да халық дән риза. Әркез батасын беріп, алғысын жаудырып жүр. Бұл бір жағынан ауылдың кіреберісіне көрік сыйлап, Аманөткелдің ажарын айшықтап тұрғандай. Келген қонақтың барлығы осыдан-ақ елдегі екпінді еңбекті анық аңғарады.
Ақниеттің ендігі табысты қадамы – балаларға сыйлаған қуанышы. Олай деуге себеп те бар. Іргелі ауылдың өркені өзгеше. Сән-салтанаты мен экономикалық дамуына бөлек тағы бір қуантарлығы, халық санының өсімінде. Туу жағынан оң көрсеткішке ие болып келе жатыр. Расында әр шаңырақта сәбидің дауысы шықса, одан асқан бақыт болар ма?! Осының өзі халықтың ахуалын анық көрсететіндей. Бірақ оларға жағдай жасау да сондағы ел азаматтарының мойнындағы міндет екенін естен шығармаған абзал. Елдің ертеңіне баланған бүлдіршіндерге шат күлкі мен кедергісіз даму, бақытты балалық шақ пен алаңсыз өмір сыйлауды көздеген жандардың бірі де осы Ақниет болды.
Анығырақ айта кетейік. 2019 жылы типтік жобадағы «Зере» жеке балабақшасын ашқан болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде үлкен рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек» деп атап өткендей, балаларды балабақшамен қамту мемлекеттік басты саясатының бірі екенін жете түсінген кейіпкеріміз «Зере» балабақшасы арқылы тек балаларды ғана емес, олардың ата-аналарын, барша ауылдастарын қуанышқа бөледі.
Ақниет Жалғасбаев өз сөзінде:
– Алғаш ашылған уақытта бүлдіршіндердің бақытты ортасы 60 орынға арналып ашылған еді. Құрылтайшысы – өзім, меңгерушісі – Жамила Әбілдақызы Маханова болды. Мұнда ауыл азаматтарын жұмыспен қамту мәселесі де оңтайлы шешілді. 23 қызметкер жұмыс жасады. Баланың ой-өрісінің дамып, жетілуіне және тұлға ретінде қалыптасуға алғашқы баспалдақ болды. Кейіннен 60 орын да аздық ететіні байқалды. Сондықтан сұранысқа сай жұмыс жасауды ұйғардық. Себебі баланың барлығы өз ортасында өсіп, бақытты ғұмыр кешуге лайықты. Соған сәйкес 2021-2022 жылдары балабақша ЖШС «Зере» бөбекжай балабақшасы болып, тәрбиеленушілерді қабылдауға арналған 90 орынға дейін үйлестірілді. Осы ретте халықты жұмыспен қамту жағы да тағы арта түсті. Қазіргі уақытта мұнда 28 қызметкер бар. Оның 11-і педагог, қалғаны техникалық қызметкер, – дейді.
Балалар мұнда өздерін еркін сезінеді. Әріп тануға бейімделіп, санауды алғаш үйрететін балабақша бүлдіршіндердің де көңілінен толықтай шығып отыр. Себебі типтік жобада салынып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған Зереде зердесін ашып жатқан балақайлар заттық дамытушы ойыншықтармен де қамтылған. Ал қауіпсіздік пен сенімділік жағын бейнекамералар мүлтіксіз атқарып келеді.
Жоғарыда айтқанымыздай, баласы үшін барын салатын, оларға жанын беруге әзір тұратын ата-аналардың қатарында көпбалалы ана Күләш Жұмахметова да бар. Бүгінде өсіп-өнген әулеттің ақылшысына айналып, немере-шөберелерінің қызығын көрсем дейтін әжеміз:
– Біздің уақыт – бөлек, қазіргі заман тіпті басқа ғой. Сондықтан көзіміздің қарашығындай көрген әрбір перзентіміз, немерелеріміздің амандығын, қатарынан қалмай өскенін жатсақ та, тұрсақ та тілеп отырамыз. Ел қатарлы білім алып, ортаға ерте бейімделгенін қалаймыз. Баланың жан-жақты болып өскені – әрбір ата-ананың арманы. Әуелі Алла, одан қалды осы Ақниет сияқты елгезек, іскер азаматтардың арқасы ғой. Күніге жаттап келген тақпағын айтып, түрлі өнерлерін көрсетіп, бізді марқайтып отырады. Ұстаздарды ұйымдастырып, балабақша ашқан баламыздың бағын еселесін, – деп аналық ақ батасын берді.
Ал ауылдық қауымдастық кеңес төрағасы, ардагер ұстаз Қаналы Жеткергенов:
– Ақниеттің еңбегін ел біледі. Өзім ұзақ жылдар бойы ұстаздық еттім. Ақниетке де сабақ бердім. Сол кезден-ақ оның іске икемділігі байқалып тұратын. Білемін деген баланың болашағы жарқын болатынына тағы көзім жетті. Әкесі Дайрабай да жастайынан еңбекке араласып, елдің алғысын алған, көпті көрген азамат. Елдің қамын ойлап, сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап жүретінін жасырмаймыз. Жалпы адал тілеуіне Алла берген әулет десем де болады. Өзі мінберде мінсіз еңбек атқарса, балаларының бағыты да белгілі болып отыр. Сауабы үзілмейтін сауапты істердің бірі – мешіт соғу. Соған сай інісі Махсұт Дайрабаев ауылдың төрінен Алланың жердегі үйін салып, елдің ризашылығына бөленіп отыр. Ендеше елім деген жандар қандай мақтауға да лайықты, – дейді.
О. ЖОЛДАСОВ
03 ақпан 2024 ж. 243 0