Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Екіжақты меморандум жасалды

Екіжақты меморандум жасалды

Кәсіпкерлерге ақпараттық насихат жұмыстарын оңтайлы жүргізу мақсатында Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Еркебұлан Әбдікеров Арал қаласындағы сауда үйлерінің иелерімен және қала әкімі Батыржан Ұзақовпен меморандум жасасты.
Қазіргі таңда кәсіпкерлердің жарты жылдық және тоқсан сайынғы есептіліктерін тапсыру, декларациялау жүргізілуде. Есептілік үстіміздегі жылдың 15 ақпанына дейін тапсырылуы керек. Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері кәсіпкерлерге декларацияны қалай тапсыру керек, қандай мәліметтер көрсету керек және уақытылы тапсырмаған жағдайда қолданылатын шаралар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Әлеуметтік желідегі парақшаларда және ZOOM платформасы арқылы байланысқа шығып ақпарат беруді дағдыға айналдырған. Сондай-ақ қаладағы сауда орталықтары мен мекемелерге де барып түсіндірілуде.
Атап өту керек, осы аталған ақпараттың барлығын оңай алу үшін сауда үйлеріне QR-код орнатылып, сол арқылы мәлімет алу да қарастырылған. Және есептілік тапсыру үшін басқарма ішінде терминал жұмыс істейді. Терминалды пайдалануға басқарма қызметкерлері көмек көрсетеді. Тиімді жері, терминалдың қызметін пайдаланып есептілік тапсыру тегін жүргізіледі.
Осыған байланысты сауда үйінің иелеріне ақпараттық насихат жұмыстарына сүйемелдеу көрсетіп, тақтайшалар, дыбысты хабарлағыш аппараттар және теледирармен қамтамасыз ету ұсынылды. Осы  арқылы салық саласына қатысты жаңалықтар мен өзгерістер туралы ақпараттарды күн сайын ұсынып отыру жоспарлануда.
Сауда үйінің иелері меморандумда көзделген міндеттемелерге қатысты өз пікірлерін ортаға салып, өзара келіссөз жасасты.

Назерке МАРАТҚЫЗЫ

03 ақпан 2024 ж. 280 0