Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Есептен жаңылмайтын білікті маман

Есептен жаңылмайтын білікті маман

Шым-шытырық есеп-қисап – кез келгеннің қолынан келе бермейтін жұмыс. Математика сиқыры көп әлем. Оған бойлау оңай емес. Әсілі, күрмеуі қиын есепті ақылды жүйріктер ғана шеше алатыны айтпаса да түсінікті. Жастайынан сандардың сырын білуге ұмтылып, кейін сол саланың қыр-сырын толығымен меңгерген маманға айналған Базаркүл Сәрсембаева  бүгінгі мақалаға арқау болмақ.
Базаркүл Дүйсенғалиқызы Арал ауданына қарасты Қаратерең ауылында  1968 жылы Дүйсенғали мен Дариха анамыздың шаңырағында 9 баланың сегізіншісі болып дүниеге келген. Бала кезінен оқуға құмар, білуге құштар Базаркүл Дүйсенғалиқызы мектеп бітірген соң білімін одан әрі жетілдіруді алдына мақсат етіп қояды. Алдымен Шымкент кооперативтік техникумын бітіріп шығады. Кейін 1994 жыл  Алматы Қазақ  мемлекеттік басқару академиясын «Экономист-қаржыгер» мамандығы бойынша тәмамдайды.
– 1987  жылы Арал аудандық балық аулау, тұтыну одағында еңбек жолын бастадым. Көтерме базасының бас есепшісі болдым. Кейін 2000 жылдан бастап  Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында  жетекші маман, бас маман  қызметтерін  атқардым. Қызығы мен шыжығы мол осы қызметте еңбек етіп келе жатқаныма 24 жылға таяды. Арал ауданы бойынша мемлекеттік басқармасында 2014-2022 жылдар аралығында «Салықтық бақылау және есептеу талдау»  бөлімінің  басшысы қызметін  атқарғанмын. Қазіргі таңда осы бөлімде бас маман болып қызмет жасаймын, – деп Базаркүл Дүйсенғалиқызы еңбек жолы туралы  қысқаша айтып берді.
Жауапкершілігі мол маман әркез өзіне артылған сенім үдесінен шығып, міндетін мүлтіксіз орындап келеді. Оған жүктелген міндет – аудан бюджетінің орындалуы және ауылдық округтер мен қаланың жоспарланған қаржысының тиімді жұмсалуын бақылау мен саралау.
– Ешбір жұмыстың оңайы болмайды. Соның ішінде бізге артылған жұмыстың жауапкершілік жүгі тіптен жоғары. Есеп деген бір цифрға байланған дүние. Мүлт кетсең қателесесің. Алғаш 2000 жылдары жұмысқа келген кезімде барлығын қолмен есептейтінбіз. Есептіліктердің барлығын қағаз күйінде қабылдап, оларды тізімге алып, базаға енгізуші едік. Ал қазір заман ағымына сай бәрі де оңтайланды. Ақпаратты технологияның жемісін көріп отырмыз. Қазір есеп тапсыратын арнайы сайттар, платформалар жұмыс істейді. Автоматты түрде есептеп шығаратын машиналар да бар. Дегенмен қай жұмыс та жіті қадағалауды талап етеді, – деп түсіндірді кейіпкеріміз.
Ол аудан қаржысының игерілуін есептеуден бөлек, анализ жасап кірістер мен шығыстарды таразылайды. Мәселен өткен жылғы көрсеткіштер мен биылды салыстыра отырып, артық-кемінің жігін ажыратады. Және қосымша кірістер көзін қарастырып, жаңа жобалардың табыс түсіміне талдау жасап отырады.
Өз саласында кәсіби, білікті маман ретінде және жауапкершілігі мол қызметкер екенін көрсете білген Базаркүл Дүйсенғалиқызын әріптестері де жоғары құрметтейді. Өзінің функционалдық  міндеттерін  біледі  және  бұлжытпай орындап, мемлекеттік және қызметтік құпияны сақтай отырып, өзінің  кәсіби  біліктілігін  көтеруде үнемі  ізденіс үстінде  жүретін Базаркүл Сәрсембаева көркем мінезімен де көпке сыйлы.
Ол қарбалас тірлігімен қатар басқарманың қоғамдық өміріне және жалпы іс-шараларға да белсене араласады. Және әріптестерінің кәсіби деңгейін көтеруге көмектесіп, қызметкерлердің жұмысының сапалы орындалуына, олардың өз міндеттерін орындауда кемшіліктер мен қателіктер жібермеуіне аса көңіл бөліп, ақылы мен тәжірибесін бөлісіп отырады.
Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының жұмысының жүйелі атқарылуына жәрдемдесіп, өз міндетін қалтқысыз атқарып еңбегімен елеулі болған кейіпкеріміздің өз мамандығына шексіз берілген нағыз еңбек адамы екендігін әрбір сөзін бағамдап, өз жұмысын саралап түсіндіріп бергенінен-ақ аңғаруға болады. Әлі де жемісті еңбек жолын жалғастыра беретініне кәміл сенімдіміз.
Н. БАҚЫРАН

04 ақпан 2024 ж. 349 0