Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұзшылар отбасы

Тұзшылар отбасы

Аралды «Ақ алтының отаны» атандырған тұз кеніші 95 жылдан бері өніріс көлемін арттырмаса, бәсеңдеткен жоқ. Осы жылдар ішінде қанша аралдық өнеркәсіптің қарапайым жұмысшысы ретінде нәпақасын тапты. Тіпті бүтін бір әулет осы бір өнеркәсіппен бірге өркен жайды десек те артық болмас. Жақсықылыш кентінде орналасқан «Аралтұз» АҚ-ның кәсіпорны Аралдың брендін қалыптастырумен қатар, сонда мекен еткен отбасылардың тіршілік көзіне айналды. Атасы, кейін баласы, онан соң немересі осы іргелі кәсіпорында еңбек етіп жүрген тұзшылар династиясы қалыптасты. Солардың бірі – Сапарғалиевтер отбасы.
Кеншілер еліне арнайы барған сапарымда тұзшылар отбасын іздедім. Жергілікті тұрғындардың көбі Қияш Ақжанованы нұсқады. Есімі елге таныс анамыз 41 жыл «Аралтұз» кәсіпорнында еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан. Бір кездері депутат ретінде халық мүддесін күйттеген елге елеулі еңбегі туралы естігенімде, көңілім марқайып сала берді. Осылайша Қияш анамызбен әңгемелесудің сәті түсті.
– Мен 1954 жылы Арал қаласында өмірге келгенмін. 1972 жылы Жақсықылыш кентіне келін болып түстім. Ол кезде бар-жоғы 18 жаста болатынмын. Шынымды айтсам, жолдасым Қайратты жақсы танымайтынмын. Кентте туысқан әпкелерім тұрды. Соларға қонаққа келіп жүргенде үлкен әпкемнің жолдастары болып келетін Қайраттың маған көзі түскен екен. Осылай мені алып қашып, мектеп бітіре салысымен келін атандым. Ол кезде қайтып келу деген жоқ. Жыладық, сықтадық, өкіндім, бірақ қалдым. Армандарым көп болатын. Оқу оқып, мамандық алсам деп ойладым. Сол кезде жолдасыма жылап отырып: "Сен мені бар арманымнан айырдың" – дегенімде, ол: "Мен сені алақанға салып аялаймын. Көрем деген жеріңді көрсетемін, алам деген дүниеңді алып беремін. Сені бақытты ету үшін барымды саламын, – деп уәде берген болатын. Шүкір, бақытты өмір сүрдік, ол уәдесінде тұрды, – деп өткен шақты еске алған Қияш Молдахметқызы бір марқайып қалғандай болды.
Қияш анамыздың жолдасы Қайрат Сисенов «Аралтұз» кәсіпорнында автоматтардың жүріп-тұруына жауапты маман болған. Тіпті оның әкесі Сапарғали Сейсенұлы соғыс жылдарында Басқыншаптан тұз қазатын комбайн айдап алып келіп, осында тұз қазушы болып жұмысқа орналасып тұрақтап қалған көрінеді.
– Атам – қазақ, енем – татар ұлтынан болды. Маған олар қызындай қарады. 18 жасымнан бастап мен де кәсіпорынға жұмысқа орналасып, 41 жыл ғұмырым сонда өтті. Қайрат екеуіміз жұмыста да, үйде де арамыз ажырамай, кәсіпорынның дамуына үлесімізді қостық. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын жұмысшылардың бірі болдық. Ол цехтың кәсіподақ төрағасы болды. Кейін ол орынды маған берді. 1991 жылы Мәскеуде өткен кәсіподақ съезіне қатыстым. Кейін екі мәрте аудандық мәслихат депутаты болып сайландым. 1994-1999 жылдар аралығында ел тоқырауға ұшырап, айлық төленбей жатқан қиын кезеңде билік пен халықтың арасында дұрыс ахуал қалыптастыру үшін өз мандатымды адал атқаруға тырыстым. Кейін 2003-2007 жылдар депутат болып сайланған кезімде де еңбекшілер айлығын ала алмай аштық жариялап жатқанда жүрегім езілді. Олардың мұң-мұқтажын тиісті салаға жеткізіп, еңбеккерлерді ауызбіршілік пен сабырға шақыру міндеті депутат ретінде менің мойныма артылған болатын. Құдайға шүкір, қиыны мен қызығы қатар жүретін сындарды шақты да абыроймен еңсердік, – дейді Қияш Молдахметқызы.
Иә, өзгеге үлгі боларлықтай өнегелі отбасында өмірге 3 перзент дүниеге келді. Тұңғышы Әлімжан Ленинградтың жоғары оқу орнында оқыған. Механик мамандығын алған ол алғаш еңбек жолын «Аралтұз» кәсіпорнында бастады. Келіні Алтынай да кәсіпорынның зертхана бөлімінде жұмыс істейді. Әлімжан мен Алтынайдың тұңғышы Данияр жоғары оқу орнын бітіріп келіп, қазіргі таңда кәсіпорында инженер-механик болып еңбек етіп жүр. Қайрат ағамыз бен Қияш анамыздың қыздары Гүлмира мен кенже ұлы Ғалымжан отбасымен Тараз қаласында тұрады. Өздерінің мамандықтары бойынша еңбек етіп, жанұясын асырап жүр.
– Бір өкініштісі, Қайраттың өмірден ерте кеткені 55 жасында ауырмай-сырқамай жүріп, аяқ астынан қан қысымы көтерілді де, мәңгілік мекеніне кетіп тынды. Бұл қаза бізді ғана емес, бүтін бір ауылды күңірентті. Қайратты жер қойнына тапсырар сәтте соңғы қоңырау салтанаты өткелі жатқан. Мерекелік шара екі сағатқа кейін шегеріліп, цех кызметкерлері ақ халаттарын киіп, кәсіпорын алдына шығып, мектеп оқушылары да жиналып Қайратқа құрмет көрсетіп, ақтық сапарға шығарып салды. Оның мінезі тік болатын. Үнемі турасын айтып, әділдікті жақтайтын. Сонысымен ел-халыққа құрметті болды деп ойлаймын. Бас құраған жылдар ішінде мені әйел ретінде қадірлеп, қолдап отырды. Бастапқы уәдесінде тұрып шетелдерде саяхаттадық, демалыс, шипажайларға бардық. 18 жасымнан бері бір елі ажырамай жүрген жолдасымнан айырылу маған да оңай соққан жоқ, – деген Қияш анамыз көңіл толқынысын да ортаға салды.
Олар еңбегімен құрметті болған жандар. Отбасын да бақытқа бөлеп, кәсіпорынның алға басуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстардан да шет қалмаған жарасымды жұбайлар жастарға жақсы үлгі көрсете білді. Қияш Молдахметқызы – «Еңбек үздігі» төсбелгісінің иегері. Әр жылдар абыройлы еңбегі үшін алған Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары да жетерлік.
Қияш анамыз бір сөзінде: "біз уақытпен санаспай, өз жұмысымыздың жауапкершілігін сезініп, бар ынта-ықыласымызбен жұмыс істедік. Және отбасына да лайықты көңіл бөлдік. Сол адалдығымыздың жемісін жеп отырмыз, – деп қалды. Расында «Ердің атын еңбек шығарады» деген жақсы сөз бар. Еңбегімен елеулі, қызметімен қалаулы болған жандар қоғамның құрметіне бөленді. Қазір немере сүйіп, балаларының бақытын тілеп, жастарға насихат айтып жүрген Қияштай анамыз әдемі қарттықтың белесіндегі жан екендігін аңғардық.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
13 ақпан 2024 ж. 215 0