Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тасқыны болғанда не істеу керек?

Су тасқыны болғанда не істеу керек?

Құрметті Арал ауданының тұрғындары Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі су тасқыны апаты орын алған кезде қандай іс-әрекеттер жасау керектігін хабарлайды!

Егер сіздің үйіңіз су басатын аймаққа жатады деп хабарланса:
газ, су, электр жүйесін өшіру керек;
пештегі отты сөндіру қажет;
жоғарғы қабатқа немесе үйдің шатырына бағалы заттар мен бұйымдарды шығару керек;
есік-терезелерді жауып, төменгі қабаттағы үйлердің есік-терезелерін ағашпен қағып тастау қажет.
Егер қоныс аудару жайлы хабар алсаңыз:
жылы, ыңғайлы киім, етік, көрпе, ақша және бағалы заттарды дайындап қойыңыз;
үш күндік тамақ дайындаңыз;
алғашқы медициналық көмекке қажетті, өзіңіз қолданатын дәрі-дәрмектерді дайындаңыз;
жеке куәліктер мен қажетті құжаттарды су өтпейтін қалтаға салу керек;
төсек орын және жеке өзіңізге қажетті заттарды өзіңізбен бірге алу керек.
Барлық заттарыңыз бен тамақты рюкзакка, чемоданға немесе үлкен сөмкеге салған дұрыс. Қауіпті аумақтан қайда, қалай (көлікпен, жаяу) бару керектігін хабарланады. Соңғы қоныс аудару пунктіне міндетті түрде тіркелу қажет.
Су кенеттен қатты көтерілгенде не істеу керек?
Біріншіден, үйді қорғап қалу шараларын жасап, қоныс аударуға дайындалу керек.
Екіншіден, неғұрлым тезірек биік жерге орналасу керек. Қоныс аударуға қажетті заттарды дайындап қойған абзал.
Қайықтан басқа жүзуге жарайтын бөшке, бөрене ағаш, есіктер, автокөлік камералары, тағы сол сияқты заттарды дайындау керек.
Көмек келгенше немесе су тасқыны басталғанша жоғарғы қабатта, шатырда, ағаш басында болған дұрыс. Құтқарушылар тобы тезірек табу үшін күндіз жоғары жерде болған абзал немесе ашық түсті мата байлап қою керек, түнде жарық беріп тұрған абзал.
Құтқарушылар келіп жеткенде қайыққа, катерге біртіндеп өтіп орналасу керек. Су үстінде орын ауыстыруға, жүруге, бортқа отыруға болмайды.
Су басқан ауданнан өздігінен тек басқа амал болмаған жағдайда немесе біреуге медициналық (дәрігерлік) көмек керек болған жағдайда, су қатты көтеріліп немесе құтқарушылар келмейтініне көз жеткенде ғана өтуге болады.
Қандай да бір шұғыл қызметтер қажет болған жағдайда 101 немесе 112 телефон нөміріне хабарласыңыз!
Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі

Фото: egemen.kz

18 ақпан 2024 ж. 329 0