Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Автокөліктегі өрттен сақтанайық!

Автокөліктегі өрттен сақтанайық!

Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналған өрт болып отырғаны анық. Мезгіл талғамайтын бұл қызыл жалын адам өміріне де қауіпті екені белгілі. Жыл сайын көгілдір экран және де ұялы телефоннан түрлі өрт оқиғалары туралы көзіміз шалып жатады. Орман өртінен бастап, тұрғын үй, тіпті автокөліктегі өрттердің алдын алу бойынша елімізде түрлі шаралар жүйелі өткізіліп келеді.
Көліктің кез келген түріндегі өрт күтпеген жерден пайда болуы мүмкін. Сонымен бірге қайғылы оқиғаларға әкелуі де мүмкін. Көлік құралын міндетті техникалық байқау процесінде автомобильдің жай-күйі бақыланады, бірақ электр жабдығы мен отын жүйесін тексеру жүзеге асырылмайды. Дегенмен, автокөліктегі өрттің негізгі себептерін атап өтер болсақ, қозғалтқыштың электр өткізгіштерінің /электр агрегаттарының қысқа тұйықталуы, отты абайсыз қолдану (қозғалтқышты дәнекерлеу шамымен жылыту, темекі шегу, қозғалтқыш бөлігін киізбен жылыту), отын құбырының үзілуі немесе ақауы болып табылады.  Көбінесе автокөлікті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын сақтамаудан орын алып жатады.
Автокөлік иелері есте сақтауы тиіс:
– әрбір көлік құралы көлемі 2 литрден кем емес жарамды өрт сөндіргішпен жабдықталуы тиіс. Бұл жағдайда өрт сөндіргіштің құрылғысын білу керек және оны қолдана білу керек.
–  автокөлік тораптары мен механизмдерін жарамды күйде ұстау;
–  аккумуляторларды тікелей көлік құралдарында зарядтауға жол бермеу.
Егер сіздің автокөлігіңіз қозғалыс кезінде жанса, өрт кезінде автомобильде келесі тәртіп ережелерін сақтаңыз:
– көлікті тоқтатыңыз;
–  қозғалтқышты өшіріңіз;
 – капоттың құлпын босатыңыз, бірақ қолыңызда алғашқы өрт сөндіру құралдары болғанға дейін капотты ашпаңыз;
–  барлық жолаушыларды шығарыңыз;
–  өртке қарсы қызметке «101» телефон нөмірі бойынша немесе «112» құтқару қызметіне қоңырау шалыңыз.
Құрметті автокөлік иелері, өртті сөндіргеннен гөрі алдын алу оңай екенін ұмытпаңыз!
Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі

29 қыркүйек 2023 ж. 191 0