Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Блогер бүлдіршін

Блогер бүлдіршін

Өткен жылы сәті түсіп сіңіліммен халықаралық бишілер жарысына барған болатынмын. Онда 4 жастан бастап ересек оқушыларға дейін түрлі деңгейдегі би топтары өнер көрсетті. Сонда Арал ауданынан «GN» өнер академиясының «Smile» заманауи би тобының бүлдіршіндері өнер көрсеткен. Өздері 4-6 жас арасындағы бишілер болса да, қатарластарынан оқ бойы оза шауып, бас жүлдені жеңіп алды. Бүгінгі кейіпкеріміз Мединамен де сонда танысқан болатынмын.
Жаратқан сынақ берем десе жас, кәрі деп таңдамайды. Оны жеңу үшін де бізге мықты төзім, қайсар мінез керек. Мединаның да туғанда болған жүрек ақауы оның өмірге деген құлшынысын оятқан. Ол туралы:
–Медина туғанда өте әлжуаз болды. Жүрек тамырлары әлсіз әрі тесік болып, өмір сүру мүмкіншілігі өте төмен деп, дәрігерлерден «барлық жағдайға дайын болыңыздар» дегенді де естідік. Бірақ берілген жоқпыз. Ұшақпен Астана қаласына барып, арнайы ота жасаттық. 6 сағатқа созылған отаның нәтижесі жақсы шықты. Бүгінде уақыт салып тексеріліп отырамыз. Жаратқанның бұйырған несібесі бар екен. Қазір қызым оқуда да, өнерде де белсенді, – дейді анасы Гүлбақыт Жарымбетова.
Бүгінгідей әлеуметтік желі, ғаламтор дамыған заманда адамның қиялы мен жасай алатын мүмкіндіктеріне шектеу қоя алмаймыз. Қазір кез келген адам парақша ашып, өзінің пікірін білдіріп, кей жағдайда тіпті табыс көзіне айналдыра алады. Біздің бүгінгі Медина да ауданда «блогер бүлдіршін» атанған.
Медина Ануарқызы жақында 6-ға толды. Өзінің шағын парақшасы бар бүлдіршін бүгінде көптің көзайымына айналған. Оның тәтті қылығы мен ақылдылығы оқырмандарын сүйсінтпей қоймайды. Қызының бұл бастамасы туралы әкесі Ануар Әзберген:
– Бүгінде балалардың көрген дүниесін тез қағып алатын әдеті бар емес пе?! Солай Медина да алғашқыда біздің ұялы телефонымызға түрлі видео түсіріп бастаған. Кейіннен қызымыздың қызығушылығын құптап, Мединаға арнайы парақша ашып бердік. Қазір 1 жылдай болып қалды. Өзінің айтқан фото-видеоларын жүктейміз. 6000-нан аса оқырманы бар. Өзі ары қарай да парақшаны дамытқысы келеді, – дейді.
Иә, байқағанымыздай бүлдіршін балақайдың барлық бастамасына әкесі де өте белсенді араласады. Бір сөзінде «жұмыстан бос уақытымда балаларымның өнерін тамашалаймын. Үйірмеден үйренгендерін қызықтап, одан қалса шығармашылық кештеріне үзбей баруға тырысамын» деген. Көп жағдайда баланың қалауы тек анасына айтуымен, сол кісінің қолдауымен болатындықтан, бұл жағдай көңілімді шын қуантты. Жалпы ата-анасы ғана емес, отбасындағы балалардың жетістігіне ата-әжелері де үнемі батасын беріп, қолдап отырады.
–Өзім әулетіме 2006 жылы келін болып түскенмін. 5 жыл ата-анамызбен ауылда бірге тұрдық. Кейін жұмыс бабымен батасын алып, бөлек шықтық. Қазір апта сайын барып тұрамыз. Балалар да әжелеріне барып, әрбір жетістігін мақтанышпен айтып отырады. Медина отбасында 4 қыздың кішісі, өзінен кейін інісі бар. Балаларымның бәрі өнерге жақын. Үлкен қыздарым да ән айтып, би билейді, спорттан да алшақ емес.
Медина осындай бөлек өнерімен танылып жүр. Әпкесімен бірге биге де қатысады. Өзіңіз танысқан кездегі «Smile» би тобымен бірнеше қалаға барып, гран-при алды. Ән айтып, шамамыз келгенше клип те түсіргенбіз. Бірнеше рет киім дүкендеріне жарнама жасадық. Оның бәрі Мединаның талпынысы, қызығушылығы. Біз тек қызымыздың әрбір ісіне қолдау білдіреміз. Мектепте де белсенді. Мінезі де ашық, мейірімді. Бұның бәрі әжелерінің тәрбиесі деп білемін. 94-те үлкен әжемізден бастап бәріміз үнемі жақсы нәрсеге баулимыз, – дейді Гүлбақыт ханым.
Медина – қазір қаламыздағы №62 мектеп-лицейінің даярлық сынып оқушысы. Оқуда озат, мектептің іс-шараларында белсенді. Жақында әжесімен бірге сайысқа қатысып, мектеп апайларын бір сүйсінтті. Өзін сөзге тартып, болашақ арманы туралы сұрағанда:
–Өскенде үйі жоқ адамдарға үй алып бергім келеді. Қазір блогер Ырысбаланы қараймын. Сол секілді ақша жинап, үй алып, үлкендерге, мама-папасы жоқ балаларға үй беремін. Қазір ата-анама қайырымдылыққа ақша салдырамын, – деп бала тілегімен бөлісті.
Иә, баланың балалығы бір бөлек, жақсыны армандап, оған ұмтылуы бір бөлек. Бүгінде көптің мейіріміне бөленген, өзі кішкентай болса да, көпті ойлаған үлкен жүректі қызымыз арманына жетсін дейміз.
Гүлмарал САҚТАПОВА
21 ақпан 2024 ж. 214 0