Ұшқыш емес, үздік дәрігер
Адамзат баласының арманының шет-шегі жоқ. Әсіресе, ақша бұлттай, мөлдір судай бала кездегі көңіл шіркінге қонақтаған армандарың ше. Бірі ұшып, бірі қонып жатқан көк шөптегі көбелектер сияқты көлбеңдеп қызықтыратынын қайтерсің. Сол армандарға тезірек жетсем, тезірек ержетсем дейтін қайран сәби көңілдер-ай.
Бал дәурен балалық шақта ғарышкер болсам, Айға қонсам деген аққанат арман сол тұстағы балалардың қай-қайсысында болмады дейсің. Иә, бала шіркіннің әлемдік деңгейдегі атақты ғалым, айтулы ақын, жүргізуші немесе көк аспанда көгершіндей самғаған ұшқыш болсам деген арманы қандай әдемі еді.
Сол арман бүгінгі таңда Арал қаласындағы «Абай» ауылдық емханасының меңгерушісі, білікті емдеуші дәрігер болып қызмет атқаратын Аманболат Егізбайұлы Исаевты да балалық шақта айналып өткен жоқ еді. Сондықтан біздің кесіпкерімізге де алғашы сауалымыз осы төңіректе болған еді:
–Әуелі бала күнгі арманыңды айтшы?
Аманболат біздің сауалымызға тосылған жоқ. Сүттен ақ, судан таза періште күндерін сағынып жүргендей бірден біздің сауалымызға жауабын жайбарақат берді.
–Мен өзі 1965 жылы онынышы тамызда Жақсықылыш кентінің аржағындағы бұрынғы Сульфат елді мекенінде соғыс ардагерінің жанұясында дүниеге келгенмін. Әкем Егізбай Исаев, І топтағы соғыс мүгедегі. Батыс, Шығыс Еуропаны жаяу басып өтіп, жау ордасы–Берлинге дейін барған жеңімпаз жауынгер. Соғыстан кейін еліне келіп Қасқақұлан, Шевченко балық колхоздарында, ауылда есепші болып құрметті демалысқа шықанша абыройлы еңбек еткен адам. Анам Раухан Айтжанқызы жанұямыздағы жеті перзентін еңбекқорлыққа, адалдыққа баулыған, үй шаруасын ойдағыдай дөңгелеткен абзал жан болатын. Бала кезімде ғарышкер болуды армандаған болатынмын.
Аманболат Исаев одан әрі өзінің туған ауылында 8 сыныпты бітіріп, одан кейін өзінің жалпыға бірдей білімді №19 орта мектебінен алғанын айтты.
–Ал, мектепті тәмамдаған соң қандай мақсат болды?
–О кездері жоғары оқу орнына құжат тапсыру үшін екі жылдық өндірістік тәжірибең болуы керек болатын. Мен де соның өткелінен өттім. Ата-анамның ұйғарымы бойынша1982-1983 жылдары бұрынғы Жіңішкеқұм совхозының шалғайдағы Атанши фермасында көмекші шопан болып қой бақтым, – дейді ол.
–Сонан ауылға келдің.
–Жоқ, бала кезімде ғарышкер болуды армандаған бала едім.
Кейін дәрігер боламын деп армандадым.
Иә, Аманболат жөн айтады. Ол айдалада шопанның ақ таяғын ұстап ақталы ? қой бағып, бұған қоса ой бағып жүрген болатын. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, майдангер әкесінің денсаулығына алаңдаған бозбала 1983 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының (кейін бұл жоғарғы оқу орыны Марат Оспанов есімін еншілеген) дайындық курсы арқылы емдеу факультетіне оқуға қабылданады. Сондағы ата-анасының қуанышы Аманболаттың әлі күнге есінде.
–Алдымен әкем балаша қуанды. Өйткені, соғыс салған жарақаты жанына әлі батып жүрген болатын. Шіркін, әке үмітін ақтағанға не жетсін. Сол оймен ғой менің дәрігерлік мамандықты таңдауым, – деді ол.
Бірінші курсты тәмамдаған Аманболат Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылады. Сөйтіп, екі жыл әскер қатарында болған болашақ дәрігер оқуын одан әрі жалғастырады. 1992 жылы осы институтты емдеу ісі мамандығы бойынша бітіріп, Қызылорда қалалық ауруханасында тәжірибе жинақтайды. Мұнда білгенін, білімін білігімен ұштастырып, тіс қаққан ақ желеңді абзал жандар өз білгендерін үйретеді. Тәжірибелерімен бөліседі. Сөйтіп, денсаулық саласының табалдырығынан енді ғана аттаған жас маман оң-солын таниды, емделушілермен етене араласады. Келе-келе тіпті тонның ішкі бауындай болып кетеді.
Бұл Аманболат Исаев сияқты тәжірибесі толысқан, өз ісінің шебері атанған білікті дәрігердің басынан өткен қызықты сәттері болатын.
Осыдан аттай отыз бір жылдан астам уақыт болған мына бір жәйтті ол әлі күнге ұмыта алар емес. Ұмытпайды да. Гиппократ антына адалдығын сақтаған әрбір медицина саласы саңлақтары мұндай оқиғаларды басынан аз кешпеген де болар. Себебі, тоқсаныншы жылдарғы тоқырау тұсындағы сол бір оқиға ойына оралғанда еріксіз жымияды.
...Сол бір тоқсаныншы жылдардың алғашқы кезеңі еді. Аудан орталығынан екі жүз елу шақырым шалғадй жатқан Қаратерең елді мекеніндегі ауылдық емхананың меңгерушісі қызметіне жаңа тағайындалған тұсы. Аяқ астынан ауыр науқасты аудандық орталық ауруханаға көлікпен алып шыққан Аманболат Исаев асығыс келеді. Жайбарақаттықты ауыр науқас күте алмайды. Әрбір минут қымбат. Адам өмірі онан да қымбат. Оның үстіне қытымыр қыс айы. Күре жолды қар басып қалған. Ауылдық емхананың материалдық-техникалық базасы өте нашар. Жоқтан бар жасағандай, «Жедел жәрдем» көлігі болса да жоқ. Әркімге жағдай айтып, мұндай кездері өтініш айтуыңа талайтура келген. Бұл жолы да сөйткен. Оның үстіне көліктер ескі жанармай қасқалдақтың қанындай тапшы болатын.
Қосжардың тұсындағы күре жолды қалың қар басып қалғанын көрген жас дәрігердің амалсыз кері қайтуына тура келгені. Жолда Бөгенге ауыр науқасты алып кетуге облыс орталығынан санитарлық ұшақ ұшып шыққанын есіткенде қуанғанын көрсең. Көп ұзамай ауыл шетіне қонған әлгі ұшаққа өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан науқасты салып жібергенде иығынан ауыр жүк түскендей болған. Оның басынан сондай сәттердің талайы өткені қазір аңыз сияқты.
–Сөйтіп, қызығы мен қиындығы мол медицина саласына келген болатынмын, – деген оған біз.
–Арман алдамайды. Осы сен мектептен соң ұшқыштар академиясына оқуға түсіпті деген сөз рас па? Соның мән-жайын айтшы.
–Ол рас, – деді Аманболат, – мен де бала күндері арманшыл болатынмын. Әуелі ғарышкер болуды, сонан оның әуелгі басқышы-ұшқыш болуға аңсарып ауғанын осы күндері сағына еске аламын. Мен жаңа айтқандай мектептен соң екі жыл көмекші шопан таяғын ұстаған болатынмын. Ақтөбедегі мединституттың дайындық курсына түспес бұрын сол жылы Ленинградтағы азаматтық авиация академисына емтихан тапсырып, сынақтан сүрінбей өткенмін. Сол академяиның бірінші курсын бітірмей-ақ алып-ұшып Ақтөбенің мединститутының дайындық курсына құжат тапсырып, бітіріп шықтым. Маған көк аспанда самғау бұйырмапты. Есесіне, адамдардың денсаулығына алаңдаған, сол жолда отыз екі жылдан бері табан аудармай, тер төгіп келе жатқан ақ желеңді азаматпын.
Сонау 1993 жылдан бері аудан орталығындағы медицина мекемелерінде емдеуші дәрігер болып қызмет атқарып келе жатқан Аманболат Исаев абыройсыз емес. Ол үшін алдына келген науқасқа қалтқысыз қызмет көрсету зор абырой, мәртебелі міндет. Жауапкершілік жүгін жете сезінген Аманболат Егізбайұлына аудандық орталық аурухананың сол кездегі басшылығы 2010 жылы үлкен сенім артты. Сөйтіп, «Абай» ауылдық емханасының меңгерушілігіне тағайындаған болатын. Сонан бері он төрт жыл өтіпті. Осынау уақыт ішінде өздері науқастарды қабылдайтын, ем-дом жасайтын екі қабатты, қуықтай тар ескі ғимарат сан мәрте күрделі, жай жөндеуден өткізілген. Бірақ шырайы шығатын түрі жоқ. Салынғанына алпыс жылдан астам уақыт болған, бұрынғы қонақ үй ғимараты қазіргі заман талабына сай емхана еместігі көпшілікке тегіс мәлім.
Типтік жобадағы жаңа емханамыз болса ғой деп армандаймыз,–дейді емхана меңгерушісі: – Бірақ, соған қарамастан келушілердің талап-тілегінен табылып келе жатқан жайымыз бар.
–Басы ауырып, балтыры сыздап, емханаға келетіндер көп пе?
–Әрине. Негізінен біздің ауылдық емхана қаладағы Шанхай, Жаңа ауыл, қала орталығының біраз жерін қамтимыз. Яғни, 12 аймаққа медициналық қызмет көрсетеміз.
–Күніге дертіне шипа іздеп келетіндер саны қанша?
–Біз күн сайын орта есеппен 300-320 келушілерді қабылдаймыз. Солардың бәріне тиісінше дәрігерлеріміз сапалы медициналық қызмет көрсетуге тырысады.
Ұлы Абай есімін еншілеген бұл ауылдық емханада бүгінгі таңда жоғары білімді 12 дәрігер, 1 акушер-гинеколог, жалпы 100-ден астам аяжандар, техникалық қызметкерлер өздеріне бекітліген міндеттерін талапқа сай атқарып келе жатқан көрінеді. Жалпы, 19682 келушісі бар бұл емхана аудандағы ең үлкен емхана саналады.
Емхана меңгерушісі кабинетінің қабырғасын облыстық, аудандық әкімдіктерден, салалық министрліктен бастап облыстық, аудандық деңгейдегі денсаулық сақтау басшылықтары тарапынан берілген Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары тұс кілемдей тұтас алып тұр. Соның жоғарғы жағындағы куәлікке көзіміз түскені сол-ақ Аманболат Егізбайұлы: – Бұл маған берілген «Қазақстан Респуликасы денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісінің куәлігі, – деді мақтаныш сезіммен.
–Мемлекетіміз бен үкіметіміздің медицина саласына қамқорлығы жыл санап артып келеді. Біз соған сәйкес іспен жауап беруге міндеттіміз, – дейді ол сөзінің соңында.
Денсаулық саласында өз қызметіне жауапкершілікпен қарайтын Аманболат Исаев үйде асыл жар, қамқор әке. Жолдасы Гүлсім Бақытжанқызы екеуі тәрбиелеп өсірген ұлдары Жанболат ұлттық қауіпсіздік комитетінде жауапты қызмет атқарса, сүйікті қыздары Құттыгүл әке жолын қуып М.Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медицианлық университетін тәмамдаған. Қазір Ақтөбе қалалық тазалық сақтау және індетке қарсы күресу мекемесінің білікті маманы көрінеді. Міне, арманы алға жетелеген білікті дәрігер, білімді басшы Аманболат Исаевтың біз білетін өмір жолы.
Т.Нұржан-Балта