Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші жиналды

Жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші жиналды

Қазіргі таңда жұмыс беру мәселесі күн тәртібінде тұрған шаруа екені айтпаса да түсінікті. Бұл жөнінде облыс, аудан әкімдері қолдан келгенше қарекет жасап, жұмыссыздардың қандай да бір кәсіппен айналысуына бар мүмкіндікті қарастырып келеді. Соның бір айғағы кеше біз барған жұмыс беру жәрмеңкесі еді. Көрдік, үлкен-кішінің ақадал еңбекпен нан табуға деген құлшынысын сезіндік.
Нақтырақ тоқталсақ, ақпан айының 22 жұлдызында З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйі адамға лық толды. Онда жиналған көпшіліктің дені жұмыс іздеушілер. Аталмыш шара аудандық прокуратураның өкімі негізінде құрылған жұмысшы тобының ұйымдастыруымен өтті. Мемлекет басшысының халықпен ашық диалог орнату тұғырнамасы аясында жүзеге асқан шарада азамат-азаматшалардың барлық санаттарына жұмысқа орналасу үшін жәрдемдесуге жағдай жасалды. Аталған бос орындар жәрмеңкесінде 9 мекемеден 67 бос тұрған жұмыс орны ұсынылып, нәтижесінде 9 адам ақылы қоғамдық жұмысқа алынса, пробация есебінде тұрған 5 адам қоғамдық жұмысқа тұрды. Сондай-ақ оқу орнын бітірген Марлен Ұсынадинов аудандық құрылыс бөліміне, Гүлназ Орынбасар аудандық ауруханаға жастар тәжірибесі арқылы қызметке қабылданды.
Бәрі заң аясында шешімін тауып Қызылорда облысы әкімдігінің 2023 жылғы 29 желтоқсанда көрсетілген №235 қаулысы аясында Арал құрылысы жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бекітілген квота негізінде 1 адам қосалқы жұмысшы ретінде жұмысқа тұруға ниет білдірді.
Бұдан бөлек, Мұхтар Оспанов есімді азамат ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылып, осындай жұмыс жәрмеңкесін ұйымдастырушыларға риясыз пейілмен алғысын білдірді. Жастар тәжірибесімен шыңдалуға, жұмысқа бейімделуге жол сілтеген артқарушы билікке рахметін айтқан оқу орнының түлектері де болашақтарын маңызды мекемелерде бастайтындарына шаттанды.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
23 ақпан 2024 ж. 252 0