Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениеттің мұқалмас майталманы еді...

Мәдениеттің мұқалмас майталманы еді...

Музей-көзбен көруге болатын тарих. Өнер мен білімнің, тарих пен тұрмыстың ұштасқан, бір шаңыраққа біріккен ең биік нүктесі.
Музей-тарих, музей-тағылым. Ғасырлар бойы жиналған ұлт пен ел игілігі келешек ұрпаққа мұрты бұзылмай, жүйеленіп айшықталған күйінде жеткізу мақсатында Арал ауданында  халықтың  тілектері, одан қалды белгілі азаматтардың ұсыныстары бойынша аудандық тарихи-өлкетану музей ашылу жайында жұмыстары жүргізілді.
Арал ауданында 1930 жылдары музей ашылып, 1947 жылы белгісіз себептермен жабылып қалған. Оның экспонаттары облыстық музейге тапсырылған. Ауданда жаңадан музей ашу жөнінде ұсыныс- тілектер көп болды және аудандық мәдениет бөлімі 1970 жылдан бастап музей ашуды алдына мақсат етіп қойды. Алайда, жаңадан музей ашу оңай болмады, себебі ел арасында көненің көзі ескі дүниелер, өсіп-өнген өлкеміздің өткен дәуірлердегі шежіресінен сыр шертетін деректі құжаттар мен дүниелер табыла қоймады. Мәдени-ағарту қызметкерлері және көпшілік қауым бастамаға түгелдей қатысты. Олар үй-үйді аралап, тарихи экспонаттар, құжаттар, мәліметтер жинауға кірісті.
Көп жылғы еңбектің нәтижесінде ауданымызда дербес мемлекеттік музей ашу туралы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1988 жылғы 5 тамыздағы қаулысы шықты, сөйтіп 1988 жылы 25 маусымда аудандық тарихи-өлкетану музейі салтанатты түрде ашылды.
Киелі өлке тарихының терең тұңғиығына бойласақ, арғы ата-бабаларымыз жүріп өткен, күресіп өткен жолдарына зер салып, ертеңгі болашақ ұрпақтарымыз адаспай, жаңылмай жөн тауып өмір кешуіне бағыт-бағдар сілтеп, тағдырын болжау үшін де, ілгері дамуды ойлау үшін де әрдайым өткенге мойын бұрып, есте сақтауға музей керек, осындай  тарихи-өлкетану музейін ауданда алғаш ұсыныс жасап ашылуына себеп болған – Арал ауданы мәдениетінің майталманы – Жасекенов Құдайберген Құсбекұлының еңбегі зор.
Арал ауданы Құланды ауылында кедей шаруа, балықшылық кәсіппен айналысатын Жасекен Құсбекұлы мен үйдегі шаруаны үйлестіретін ақылмен ана Ділдә отбасында 1924 жылы Құдайберген Жасекенов ағамыз дүниеге келді. Құдайберген ағаның әкесі сауатты, арабша жетік білген кісі.
Арал ауданындағыАуан жетіжылдық мектебінде 1932-1938 жылдары  оқыған. 1939-1941 жылдары Шалқар қаласындағы орта мектепте білімін жалғастырды. Алайда Ұлы Отан соғысы мектепті бітіруге мүмкіндік бермеді, әскерге шұғыл аттанып кетті. 1942-1944 жылдары Мары қаласындағы Орта Азия әскери екінші Түркістан училищесін бітіріп, лейтенант шенін алып, соғысқа қатысты. Ұрыс алаңында хас батырларша шайқасты. Ресейдегі, Украинадағы, Қырымдағы талай елді мекендерді фашистерден азат етті. 1944 жылы 20 сәуірде Севастополь қаласының түбінде ауыр жарақаттанды. Соғыс кезіндегі жанқиярлығы үшін Құдайберген Жасекенов «Қызыл жұлдыз», Ұлы Отан соғысының I дәрежелі орденімен наградталған.
Елге оралғаннан кейін еңбекке араласты, 1944-46 жылдары Ауандағы балық зауытында кадр бөлімін басқарып, өзінің жұмысқа деген іскерлігін, жауаптылығын көрсетті. 1946-1949 жылдары Ауандағы балықшылар кооперативінде есепші болды, сөйтіп талай жұмыстар атқарып ысылған жас 1946-1950 жылдары Арал аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушілігін абыроймен атқарды.
Жастардың жігерлі жетекшісі комсомолдық жұмыстан аудандық партком жұмысына жегілді. 1950-1960 жылдары Арал аудандық партия комитетінде нұсқаушыдан бастап, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Әрбір берілген тапсырмаға тиянақты, ұқыпты қарайтын Қ.Жасекенов енді елдің, халықтың жайына көбірек көңіл бөлді. Білімін ұштап, тереңдету бағытында 1953-1958 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетінде сырттай оқыды.
1960-1986 жылдары Қ.Жасекенов Арал аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды, ауданның 27 жыл бойы мәдениет саласын басқарды.
Қ.Жасекенов аудан мәдениетінің құлағын үстап жүріп қолға алған шаруасы – аудандық тарихи-өлкетану музейін ұйымдастыруы болды. Өлке тарихының жанашыры, көненің көзіндей 5 мыңдай жәдігерлерді тарихи өлкенің өткені туралы баяндайтын әсем музей жасақтады. 1986-1995 жылдары аралығында аудандық тарихи-өлкетану музейінің басқарды.   
Сонымен бірге Қ.Жасекенов ауданның қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласты, аудандық партия комитетінің мүшелігіне, аудандық кеңестің  депутаттығына бірнеше мәрте сайланды. 1987-1991 жылдары  соғыс және еңбек ардагерлері ауданық кеңесінің тұңғыш төрағасы болып сайланды.  
Құдайберген Жасекеновтың тағы бір елеулі еңбегі жайында Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Әмір Оралбай былай деп жазады: - Арал өңірінде әр кезеңде өмір сүрген зиялы ата-бабалардың ақындық, жыршылық, сазгерлік асыл мұраларын жинастырып, қайтадан жаңғыртып өмірге келтіруі. Аралда жыршы-термешілердің конкурстарын өткізу дағдысы қалыптасты. Ақындар айтысын ұйымдастыруда мол тәжірибе жинақталды.Аудандық мәдениет Үйінің жанынан Нұртуған шайыр атындағы жыршы-термешілердің мектебі ұйымдастырылды. Қащан да қазақ деген рухы барлар күміс көмей, жез таңдайынан төгілген арғы-бергі абыз-бабалардың көсем сөз, даналық ойының сазды әуеніне жүректені бөліп, рухтана түседі. Қ.Жасекенов қазақ халқының рухани жан азығы болған дәстүрлі әншілік өнерінің шырқау шыңына қандай ерекшелік, нендей жаңаша сипатпен шықты деген сауал ылғи ойландырды, қазақтың төлтума өнерінің абыройын асқақтату үшін  көп күш-жігер жұмсады.  
Айдынды шалқар теңізін еліміздің біртуар ұл-қыздары көруге асық болды. Аунап-қунап, шығармашылық жағынан бір серпіліп, теңіз төсінде демалатын кездер болатын, «менің шабытымның теңізі» деп шалқып-тасып отыратын, «Аралдағы жеңеше-ай» туындысын дүниеге келтірген Нұрғиса Тілендиев, қазақтың көрнекті сөз зергерлері Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, «Аралдықтар дегенде шығар жаным бөлек қой, шіркін», - деп алғысын білдіретін, қазақ әнінің құдіреті Роза Бағланова да жиі-жиі Аралға ат басын бұрып қошеметшіл қауымға өзінің өлмес өнерін арнайтын.
Ал, қазақтың классигі, Арал өңірінің біртуар азаматы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың Қ.Жасекенов ағамызға қатысы ерекше десе болады... ауыл арасын шаңдатып, бала кезінен бірге өскен досы ол. Екеуі ауылда да, Шалқарда да бірге оқыды. Дос, сырлас, бауыр. Бірін-бірі сәл көрмесе сағынысады. Құшақ жайып қарсы алады. Әкелері Жасекен мен Кәрім дос еді, кейін осы жайт балаларына да жұғысты болғанын айтқан жөн. Әлі күнге дейін кездесе қалса болды, өткен-кеткенді еске түсіріп, шүйіркелеседі. Қазақтың даңқты жазушысы мен Арал өңірінің абызындай көрінетін қос ақсақал қауышқан тұста әңгіменің небір сүбелісі ағытылады дейсің.  
Ауданның мәдениет саласының үздігі, зейнеткер Жақсыбай Төребеков абыз аға, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Қ.Жасекенов жайында 2006 жылдың 24 маусымда «Арал ақиқаты» газетінде «Құдекең үлкен жүректі адам еді...» деген кең көлемді естелігінде былай дейді: «Құдайберген Жасекеновпен мен 40 жылдай бірге қызметтес болдым. Мен аудандық мәдениет бөліміне 1965 жылы келдім, сол кезде ол кісі мәдениет бөлімінің меңгерушісі екен. Құдыкеңмен 1990 жылдың күзіне дейін осы жұмыста біріміз басшы, біріміз қосшы, ағалы-інілі болып қызмет істедік. Екеуміздің ауызбіршілігіміз, сыйластығымыз мол болғаны сондай, тіпті бөлімнің жұмысшы-қызметкерлері бір-бірімізді қызмет жағынан ажыратпайтын. Екеумізді ағалы-інілідей санайтын. Оған негізінен Құдекеңнің парасаттылығы, кішіпейілдігі, аса мәдениеттілігі себеп болды. Ол ешкімнің көңілін қалдырмайтын, үнемі айналасын әзіл қалжыңмен күлдіріп жүретін аккөңіл адам еді. Құдекең жұмысқа қатты берілген адам болатын, әрі сауатты да еді. 27 жыл басқарған Құдекең ауданның мәдениет жүйесін үлкен дәрежеге жеткізді. Осы жылдар ішінде, яғни 1967 жылы халық оркестрі, 1972 жылы халық театры атақтары алынды. 1960 жылы 2-3 клуб, 4-5 кітапхана болса, 1986 жылы 40 клуб, 40 кітапханаға дейін жетті. Көптеген клуб, кітапханалар салынды. Мәселен қазіргі Абай атындағы орталық кітапхана, Аманөткел, Бөген, Мергенсай, Шижаға селосының кітапханалары, Гайдар, Әуезов атындағы балалар кітапханалары, 4,5 қалалық кітапхана, Сексеуіл кітапхана, Аманөткел,Қызылжар, Мәдениет үйлері, Шөмішкөл, Райым, Қосжар,Қамбаш,Мергенсай,Қарашалаң клубтары тағы басқа көптеген мәдениет мекемелері сол жылдарда салынған. Ұлттық киімдер, аспаптар алынды. Осындай қыруар жұмыстың басы-қасында журетін, күнделікті өмірде ақжарқын, сауықшыл, тілге шешен, парасатты да кішіпейіл Құдайберген Жасекенов. «Жақсылардың алды жарқын» деген осы...».
Арал өңірі тумасы, маман-педагог, фольклортанушы, ғалым Берік Мырзалыұлы Жүсіпов 1992 жылы жарық көрген «Мырзастағы жыр мектебі» атты еңбегінде былай дейді: «Арал топырағындағы үлкен өнер ошықтарының өткені мен бүгінінің куәсіндей болып, мәдениетке еселі еңбек сіңірген  абзал азаматтардың бірі Жасекенұлы Құдайберген үлкен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ел алғысына бөлініп, талай өнер саңлақтарының жарыққа шығып, халыққа танылуына көп еңбек етті. 1965 жылы Құдекеңнің тікелей басшылығымен Арал ауданында алғаш рет өзінің іс-тәжірибесімен респкбликаға белгілі болған «Қыздар автоклубы» ұйымдастырылды. Ол, халық өнеріне бірден-бір жанашыр болуымен қатар, ел ішіндегі әлі де болса белгісіз болып, жинаусыз жүрген інжу-маржанадрдың жинаушысы, қастерлеп сақтаушысы ретінде де белгілі.»
Ауданымыздың құрметті азаматы, дербес зейнеткер Шәкірат Дәрмағамбетов Қ.Жасекеновпен біраз аралас-құралас болған азаматтардың бірі, сол ағамыздың сөзге де зілсіз әзіл қалжыңға да шебер болатынын былай жазады: «ақжарқын, ақкөңіл Құдекең бір-жар жас кіші я үлкен іні-ағаларымен де қалжыңдаса беретін. Онысын ешкім көңілге алмайды. Бірде ауданның әтіберлі азаматтары Сахи Абатов, Алтыбай Құмаров, Ебейсін Исаевтар мен преферанс ойнап отырады. Ол Ебейсін Исаевтың аудандық білім бөлімінің меңгерушісі кезі. Ебейсіннің қолына қажетті карта келмей отырса керек. Бір емес, екінші партияда да солай болады. Сонда Ебекең:
 –Әй, Құдеке, бұл қолды от қақпады ғой, не амал бар, айтсаңшы,-дейді қалжыңдап. Балықшы тілінде суға құрған ауға, қабаданға, не жылымға балық ілінбесе «Бүгін от қақпады» дейтін дәстүрлі сөздері бар. Құдекең күлімсіреп, орнынан қозғалақтап: –Ебеке-ау, түк саспа, сенің жылымың тамыз айында майланып, қолың шығады әлі,-деп қойып қалады.»  
Құдайберген Жасекеновтың Аралдағы мәдениетке басшылық еткен, Арал өңірінің мәдениеті мен өнерін дамытуға сіңірген еңбектері елеусіз қалған жоқ, әрдайым мадақталып отырды. 1970 жылы КСРО Мәдениет министрлігінің «Үздік мәдениет қызметкері» 1974 жылы 12 мамырда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Республикаға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілсе, 1976 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және медалімен және жастарға тәлім-тәрбие берудегі көп жылдық жемісті еңбегі үшін Құдайберген Жасекенов 1990 жылы Қазақстан Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Бар ғұмырын аудан мәдениеті мен өнеріне арнаған Құдайберген ағаның өмірінде қызығы мен қиыншылығын қатар жүріп, өнегелі отбасының даңғыл жолымен бірге жүрген жұбайы Сәлима Жасекенова-Ипатурова анамыздың орны да ерекше. Қалалық № 86 мектепте 40 жыл ұстаздық еткен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» атағын алған ұлағатты ұстаз, адал жар, асыл ана алтын асықтай алты ұл-қыз тәрбиелеген. Балаларының бәрі де жоғары білім алып, өмірдегі лайықты орнын тапқан азаматтар.
2000жылдың ақпан айында Қ.Жасекенов ағамыз дүниеден өтті. Артында өзі жинақтаған асыл мұрасы аудандық тарихи-өлкетану музейі халыққа қызмет жасауда. 11 мыңға жуық жәдігерлермен толыққан, аудан тарихының қыры мен сырын сақтап, зерделеп, насихаттап келе жатқан киелі шаңыраққа жылына 15 мыңдай музейге келушілер тамашалайтын құнды жәдігерлерге толы киелі де сырлы, қасиетті мекен қорында өскелең ұрпаққа өмір жолдары үлгі-өнеге болатын Құдайберген Жасекеновтың 2000 жылы Алматы қаласынан 1000 данамен жарық көрген Арал ауданы мәдениет мен өнерін паш ететін «Өнер мен даулет қонған жер» атты кітабы және әскери  мерекелік китель-шалбары, фуражкасы, қазақы шапаны,қызметтік сумкасы,жеке құжаттары сақтаулы.
Ұлы Мәдениет абызының өмір-өнегесі, еңбектері ұрпақтан-ұрпаққа   мұра, болып қала бермек.
Гүлнар Каримолдақызы,
Арал аудандық тарихи-өлкетану музейініңғылыми қызметкері

17 наурыз 2024 ж. 420 0