Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дауысы ерекше дарынды бүлдіршін

Дауысы ерекше дарынды бүлдіршін

Бүгінде елімізде өзінің ерекше талантымен танылып жүрген жастар баршылық. Сонымен бірше оларға қолдау да жетерлік. Қоғамның қозғаушы күштері арқылы еліміздің мәдениеті дамып, жаңа Қазақстанның жарқын болашағының қалыптасуына өз үлестерін қосады. Сонымен қатар 2019 жылы жарияланған Жастар жылында да еліміздің барлық дерлік жастарына қолдау көрсетіліп, олардың бойындағы таланттарын дамыту жолында біршама бастамалар қолға алынды. Президент Қасым-Жомат Тоқаевтың "Еліңнің болашағын білгің келсе, жастарына қара"-демекші, мемлекетімізде жастарға қай жағынан болса да қолдау көрсетуге бағытталды. Арал ауданында да өзінің талантымен көпті тәнті етіп жүрген жастар жетерлік. Солардың бірі – Нұрперзент Октябрұлы.
Қазіргі таңда Нұрперзент жалғыз аудандық қана емес, облыс пен республикалық жарыстарда да жүлделі орындарға ие болып жүр. Небәрі 11 жастағы жеткіншек болса да, терме орындап, ерекше дауысымен көпшілік ықыласына бөленіп келеді. Оның отбасы да өнерден алыс емес. Өнер жолын өмірмен қалыптастырған отбасында өмірге келіп, әнмен тербелген Нұрперзенттің бойына әншілік қасиет әке күші, ана сүтімен дарыған. Бесікте жатқанында-ақ әлдиден бастап құлағына сіңірілген дәстүрлі өнердің сазы бой түзеген бүлдіршінге әншілік қабілетін асырып, өнерлі отбасының көшін жалғауға септігін тигізді.
–Кішкентайымнан домбыраға қызығушылығым жоғары болды. Кейін сабақтан тыс уақыттары Өнер мектебіне "Домбыра үйірмесіне " қатысамын, сонымен бірге Ә.Маханов атындағы "жыр-терме" үйірмесіне де қатысып жүрмін. Бұл үйірмелерге қатысып жүргеніме 2 жылдан астам уақыт болды. Жалпы менің әжем жастайынан өлең айтты, ал анам түрлі байқауларға қатысып, қазақы тойларда салт-дәстүріміздің көшін жалғап келеді. Ағам да білім ордасында балаларға музыкалық білім береді. Бұл жолға отбасымның қолдауы арқылы келдім. Бос уақытымда көбіне қолыма домбыра алып, тәлім-тәрбиеге бай жыр-термелерді орындап отырғанды ұнатамын,–деді Нұрперзент.
«Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді, ал халықтың жанын түсінбеу деген тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып сая да бола алмайды, жеміс те бермейді», – деп Бауыржан Момышұлы атамыз қазақтың ән, музыка өнерін, олардың адам өмірінен алатын орнын керемет суреттеп берген еді. Домбыраны қасиет тұтқан бала Нұрперзенттің жетістіктерді де жетерлік. Ол аудандық "Жас талап шықты сайысқа" атты термешілер байқауынан ІІ орын иеленсе, "Дара дауысты дарын" атты аудандық жас термешілер байқауының І орын иегері. Сондай-ақ Облыстық "Жыр күмбезін қалдырған" атты жыршылар байқауынан І орын, облыстық "Бозторғай" байқауының дипломанты атанған. Республикалық "Жаңа талап жорғамын" атты жыршылар байқауының да дипломанты атағына ие болған.
Қазақы тәрбие құралы мен қара өлеңнің мәйегі аталатын термелерімізді орындамақ түгілі, тыңдайтын жастарымыз санаулы ғана. Ал осындай ұлттық өнеріміз арқылы тәрбие алып жүрген жастарды көрсек таңқалатынымыз рас. Осы тәрбие құралын жалғап келе жатқан Нұрперзент оны әлі де жаңғыртары сөзсіз. Оның келешек жастарға үлгі болып, ұлттық өнерімізді насихаттарына сенім мол.
Мәншүк Талғатқызы,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 3 курс студенті
07 сәуір 2024 ж. 189 0