Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылша туралы не білеміз?

Қызылша туралы не білеміз?

2024 жылдың қаңтар-ақпан-наурыз айлары аралығында аудан тұрғындары арасында қызылша ауруының тіркелу деңгейі өткен жылмен салыстырғанда біршама төмендеп, ауданда қызылшадан эпидемиологиялық ахуал «тұрақты» деп бағаланды. Сәуір айының алғашқы 10 күндігінде қызылшаның жалпы 5 жағдайы тіркеліп, оның барлығы да 14 жасқа дейінгі балаларды құрады. Ауырғандардың жас шамасына келсек, 1 жасқа дейінгі балалар саны-3, 1 жас-1, 5 жас -1. Науқастанушы балалардың барлығы да үй күтімінде отырғандар.
Елді мекендер кесімінде : Арал қаласынан 3 жағдай, Мергенсай е/м-1, Шөміш е/м-1 жағдай тіркелді. Жұқпаның 60 пайызында қызылшаға қарсы екпеге жасы толмаған 1 жасқа дейінгі балалар ауырып отыр.
Қызылша ауруының тіркелуі біршама төмендегенмен, әлі де болса тіркелу үстінде. Күніне 1-2 жағдайдан тіркелуі бұл аурудың толықтай жойылмағандығын көрсетеді.Қызылшамен ауырмас үшін әрбір тұрғын аурудың алдын алу шараларын, сақтық шараларын білгендері дұрыс.
Қызылша туралы не білеміз?
Қызылша-бұл вирус тудыратын, ауа тамшылары арқылы берілетін жедел жұқпалы ауру. Көптеген ғасырлар бойы өлім-жітімнің жоғары болуына байланысты қызылша балалар арасында ең қауіпті аурулардың бірі болып саналды. Егер бұрын қызылша балалар инфекциясы болса, бүгінде онымен ересектер де ауырып,инфекция барлық жастағы адамдарды да қамту .Қазіргі кезде ересектердің үлесіне жаңадан анықталған науқастардың 40% келеді. Соңғы онжылдықтарда әлемде қызылша ауруы осы инфекцияға қарсы вакцинацияның арқасында жүздеген есе төмендеді. Алайда, бұл тез таралатын инфекция барлық жерде тіркелуде. Инфекция науқаспен байланыста болған кезде (сөйлесу, түшкіру, жөтелу кезінде) бұрын қызылшамен егілмеген және ауырмаған адам 100 % дерлік жұқтыруы мүмкін.Қызылшаның қоздырғышы-вирус өте құбылмалы: адам қызылшаны науқаспен тікелей байланыста болмай, онымен үйде болу арқылы жұқтыруға болады.
Инкубациялық кезең 7-ден 17 күнге дейін созылады. Науқас инкубациялық кезеңнің соңғы екі күнінде, катаральды кезеңде (3-4 күн) және бөртпелердің 4-ші күніне дейін, яғни 9 күн ішінде айналасындағы адамдарға жұқпалы болады. Катаральды кезеңде қызылшаның бастапқы белгілері респираторлық инфекция түрінде байқалады, яғни дене қызуының 38,0 0 - 390 С, кей жағдайда 400 С-қа дейін көтеріліп,бас ауырады, жөтел,мұрыннан су ағып, тамақ ауырады.Ұйқышылдық пен тез шаршау , әлсіздік пайда болады. Бұл белгілерден соң науқаста қызылшаның негізгі симптомдары-тістердің түбінде аузында айналасы қызарған ерекше бөртпелер пайда болады. Осы бөртпелерге қарап ауруды ерте диагностикалауға және науқасты уақытылы оқшаулап, дер кезінде емін беруге болады. Бөртпелер бастапқыда құлақтың артында және шаштың өсу аймағында бас терісінде пайда болады,одан кейін дененің төменгі бөлігіне және аяққа дейін бүкіл денеге тарайды. Ұсақ қызғылт бөртпелер тез арада үлкейіп , формасын өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді. 3-4 күннен соң бөртпелер қайтып, орнында қоңыр дақтар қалады, олар екі аптадан кейін кетіп, тері қайта тазарады.
Егер сіз немесе сіздің балаңызда жоғарыда аталған ауру белгілерін байқасаңыз тез арада үйге аймақтық дәрігерді немесе жедел жәрдем қызметін шақыртыңыз. Емханаға өз бетіңізше бармаңыз, өйткені қызылша ауруын басқа адамдарға жұқтыруыңыз мүмкін. Жөтелгенде , түшкіргенде бетперде киіңіз, қолыңызды сабындап жуып, антисептик қолданыңыз!
Құрметті ата-аналар , өзіңізді және балаларыңызды қызылша ауруынан сақтаудың тиімді жолы-осы жұқпаға қарсы ектіру екенін айта келіп, алғашқы қызылшаға қарсы егу 12 айлықта, қайталап егу 6 жаста жүргізілетінін естеріңізге саламыз. Сондай-ақ қызылшамен бұрын ауырмаған немесе вакцинацияланбаған науқаспен байланыста болған 30 жасқа дейінгі адамдарға да эпидемиологиялық көрсеткішке сәйкес қызылшаға қарсы егу шарасы жүргізіледі.
А. САТЕККЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы 
12 сәуір 2024 ж. 309 0