Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Берікбол Берікұлы: мұқтаж жанға көмек беру – парызым

Берікбол Берікұлы: мұқтаж жанға көмек беру – парызым

Өзіндік жеке ерікті болу, қайырымдылықпен айналысу көпшіліктің қолынан келе бермейді. Ел ішінде «қара маскалы адам» секілді танылған, өзін ерікті емес, «елдің баласы» атаған жандар бар. Солардың ішінде ауданымыздан шыққан Берікбол Берікұлының атын ерекше атап өтуге болады.
Берікбол жас та болса үлгілі істерімен, қайырымдылыққа құштарлығымен аудан арасында танымал жігіт. Оның әрдайым қиын уақытта аудан халқымен бірге жұмыс жасауы көпшіліктің көңіліне қуаныш ұялатты.
Берікбол 2002 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Өзі қарапайым отбасында өскен Берікбол жастайынан үлкенге де, кішіге де қамқор, еңбекқор жігіт. Қаладағы №62 мектеп-лицейінде білім алып, кейін Арал көпсалалы колледжінде «автомеханик» мамандығы бойынша білім алады. Одан соң белсенді жігіт жүрек қалауымен Ақтөбе қаласындағы гуманитарлық колледжін «актер; сахна тілі» мамандығы бойынша бітіреді.
Қазір асабалық жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүрген Берікбол жеке ерікті ретінде аудан тұрғындарына қолынан келгенше көмек береді. Уақыты тығыз, ата-анасының қамқоршысы болғанына қарамастан жұмыстан тыс уақытта өзінің жанына ерген інілерімен бірге қайырымдылық ісіне атсалысады. Бұл ісінің қалай басталғаны туралы:
– Жеке қайырымдылық жұмысымен айналысып жүргеніме биыл бірнеше жыл болды. Әуелі достарыммен бірге келісіп қоғамдық жұмыстарға қатыстық. Қолымыз қалт еткенде аудандық жастар ресурстық орталығындағы жастарменмен бірге жұмыс істедік. Кейіннен қасымдағы інілеріммен бірге инстаграм парақшасында жиналған оқырмандар көмегімен ақша жинап, мұқтаж жанға көмек бере бастадық. Осыған дейін 10-нан аса қайырымдылық шарасымен айналыстық. Және колледждерде, мектептерде кездесулерге барып тұрамыз. Онда көбіне мамандық таңдау, жан-жақты білімді, белсенді болу тураалы сөз қозғалады. Өзіміздің ізімізден ерген жас волонтерлерге әрдайым қолдау көрсетуге бармыз, – дейді Берікбол Берікұлы.
Өзінің ең көңілінде қалған, халықтың жұмыла атсалысқан қайырымдылық жұмысы қаладағы «автобаз» мөлек ауданында өртенген үйге арналған шара екенін еске алады. 1,5 күн ішінде 1 млн 600 мың теңге ақша жиналып, отбасына берілген екен. Бүгінде ол отбасы шағын үй салып, бақытты ғұмыр кешуде.
Жақында ғана осы Берікболдың арқасында еміне көмек алған Қарылғаш әпкеміз де өзінің алғысын айтты.
– Өзім осы Арал ауданының тумасымын. Алғаш 2018 жылы алғаш рет сәбилі болған кезде ауырған болатынмын. Қазір 3 бөпем бар. Дәрігерлер «эпилепсия» диагнозын қойып берген. Өткен жылдың қараша айында Берікбол ініме жағдай айтып, Астана қаласындағы «Жанұя» клиникасынан ем алуға қаражат жинап, көмек беруін өтінген болатынмын. Әуелі Жаратқанның сосын осы Берікбол інімнің көмегінің арқасында нақты диагноз қойылып, толықтай ем алып келдім. Қазір дәрілерімді ішіп жатырмын. Толықтай жазылып кетуге  үмітім бар. Барша аудан халқына, Берікболға алғысым шексіз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, кішкентай болса да үлкен іс тындырып жүрген ініме тек жақсылық тілеймін, – деді Қарылғаш Кенжебекқызы.
Берікбол Берікұлы еліміздің батыс өңіріндегі жағдайды естігенде де қарап қалмады. Жақсылыққа жаны құштар, қайда жүрсе де елінің, бауырларының амандығын ойлайтын ол өзінің инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында халықтан ақша жинап, азық-түлік, киім-кешек, дәрілер мен керек-жарақ қорларын жинап кеше ғана Құлсары қаласына жолға шықты.
Жол алдында аудан тұрғындарынан жиналған көмек туралы сұрадым. Сонда Берікбол:
– Қазір Аралдан заттай көмек ретінде 1 эстима көлігі, 3 газел шыққалы отыр. Оған «Қазақстан» дәріханасымен келісімге келіп, арзан бағада дәрілер алдық. Жанына тұрмыстық тауарлар, оның ішінде Құлсарыдағы жандарға ең қажетті деген заттарды, яғни балалар заттарын, әйел адамдарға арналған заттар және қап, күрек секілді құрылыс заттарымен 1 газелді толтырдық. Сонымен бірге 100 қап картоп, 40 қап жуа, 300 кг сәбіз алынып 2-ші көлік толтырылса, басқа шағын азық-түлік 3-ші газелге тиелді. Ол заттар қомақты қыржылай көмек берген кәсіпкерлердің, ауыл жастарының жинаған ақшаларына алынды. Барлығы 2 миллионнан аса қаражат жиналды. Бұдан бөлек Сексеуіл, Жақсықылыш кенттері де ақшалай көмек көрсетті. Олардың ақшасына қолымызда қалған ақшаны қосып, Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауданына заттай көмек беруді шештік. Бұның барлығы аудан халқының дарқан пейілінің, ақ көңілінің нәтижесі. Қиын сәтте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, көмек берген тұрғындарға алғыс айтамын. Және «555» май құю бекетіне тегін қызметі үшін, азық-түлікпен көмектескен жандарға алғысым шексіз, – деп бөлісті.
Берібол Берікұлының игі істері мен қайырымдылығы туралы аудан кәсіпкерлері де жақсы біледі. Солардың бірі, Берікболдың бастауымен көпке қызмет етіп, көмектесіп жүрген кәсіпкер Ерболатқызы Ақбота:
– Берікболмен өткен жылдан бері жақсы таныспыз. Жұмыс барысында көп уақытымыз бірге өтеді. Өте еңбекқор, кішіпейіл, жанашыр жігіт. Жұмысты да өз уақытымен орындап, көмекке келген жанның бетін қайтарғанын көрген емеспін. Барлық кісіге, үлкен болсын, кіші болсын, «сіз» деп, құрақ ұшып тұрады. Жасап жатқан барлық істерін көріп-біліп отырамыз. Бірге қуанып, кейде кәсіпкерлер бірге атсалысатын уақыт болады. Қандай бастамасы болса да әрдайым қолдау көрсетуге бармыз. Халықтың алғысын алып жүре берсін демекпін, – дейді.
Иә, «халықтың баласы» деген атты алып жүру оңай емес. Сол атқа лайық болу, уақыт тауып көмек беру, ол істерге жастарды баулу 1000-нан 1-дің ғана қолынан келеді. Ауыл жастарына үлгі боларлық істің басында жүрген Берікболға алда тек жақсылықтың жанашыры болуын тілейміз.

Г. САҚТАПОВА

20 сәуір 2024 ж. 267 0