Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерекше балаларға еркіндік беріледі

Ерекше балаларға еркіндік беріледі

Елдегі әрбір жақсы жаңалық аудан жұртшылығы үшін мақтаныш. Қашанда жағымды жайттың куәсі болып отырған тілеулес ағайын жақында тағы бір бастаманың табыстылығына көз жеткізді. Әсіресе елдің ертеңі, тәуелсіз Қазақстанның болашағы саналатын балғындардың, соның ішінде ерекше балақайлардың жеңісіне желпініп, сүйсініп қалды. Егемен елімізде кедергісіз өсіп, жетіліп жатқан жастардың мұндай ынтасы мен жігері расында бөлек әсер сыйлайтынын тағы да көрдік.
Тоқтала кетейік, биыл 16 сәуір күні AMANAT партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» атты облыстық инклюзиялық спорт фестивалінің аудандық іріктеу жарысы өткізілді. Инклюзиялық спорттық іс шараларды өткізу арқылы ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мен олардың дені сау құрдастары арасындағы достық байланыстарын нығайту, олардың әлеуметтік белсенділігін, сенімі мен өзара сыйластықтарын арттыру мақсатындағы жарыс тек бәсекелестікке емес, бірлікке, достыққа негізделген дүние еді. Мақсат орындалды, балалар қуанышқа бөленді.
Осы жарысқа қаладағы 8 мектептің арнайы сыныбында оқитын шәкірттер қатысып, бекітілген ереже бойынша эстафета және жеңіл атлетика түрінен өткізілген жарыс өз нәтижесіне жетті. Бір қуанатыны жарыс қорытындысы бойынша 3-5 сынып оқушылары арасында біздің №64 мектептің құрама командасы жеңіске жеіп, І ші орынға қол жеткізді. Сонымен қатар жарыстың облыстық кезеңіне жолдама жеңіп алды.
Міне, мұның барлығы жасалған жұмыстың нәтижесі. Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойғаны Заң нормалары арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын енгізіп, білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтерінің жұмысын реттеді. Сол секілді №64 мектепте 2019 жылы ата-аналардың өтінішіне сәйкес арнайы сыныптар ашылды. Алғашында оқу жылын 6 оқушымен бастаған мектепте бүгінде 4 арнайы сынып бар. Сол сыныптарда барлығы 23 оқушы білім алуда.
Жалпы айтар болсақ 2019-2023 жылдар аралығында арнайы сыныптарға 38 оқушы қабылданса, солардың 14-і нәтижелі деңгей көрсетіп, арнайы сыныптан қалыпты жай сыныпқа көшірілген.
Балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарга арналган жол картасы аясында «инклюзивті қолдау» кабинеті ашылып, арнайы педагог, логопед, педагог-асссистент мамандарымен толықтырылып, инклюзивті қолдау кабинеті жабдықтарымен қамтамасыз етілген мектебімізде мектептің арнайы педагогтар, психологтар және педагог ассистенттер балаларға педагогикалык-психологиялык қолдау көрсетіп, түзету-дамыту жұмыстарын жүргізеді.
Сондай-ақ арнайы сыныпқа сабақ беретін пән мұғалімдері ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша арнайы курстардан өтіп, олардың білімді меңгеріп, сауаттанып, нәтижелі деңгейге жетуіне атсалысып келе жатыр.
Қалай десек те еткен еңбек пен төккен тер далаға кетпейтінін білеміз. Соның нәтижесінде бүгінгі бүлдіршіндер қатардан қалмай, қоғамға қажет екенін сезініп, бойларында талпыныс туып отыр. Ендеше "қуанса бала қуансын, санасына нұр құйылар" дегендей, барлық баланы бірдей көріп біліммен сусындатып, санасын нұрландырып жүрген ұлағатты кәсіп иелеріне табысты еңбек тілеймін.
Бахыт Әшірбекова,
№64 орта мектебінің арнайы педагогы
23 сәуір 2024 ж. 222 0