Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оңай олжа опық жегізеді

Оңай олжа опық жегізеді

Бұрындары қоғамда ұрлық, яғни өзгенің мүлкін жасырын жымқыру қылмыстарының көптігі айтылса, бүгінде жат жағдайлардың белең алуы, салт-дәстүріміздің ұмытылып, құндылықтарымыздың құнсызданып, дүние игіліктері көбірек дәріптелетін қазіргі қоғамда бөтеннің мүлкіне құқықты алдау жолымен иемденетін алаяқтық қылмыстары еселеп артуда. Аталған қылмыстың басты ерекшелігі – жәбірленушінің қолда барын алаяққа өз қолымен беретіндігінде.
«Батпан құйрық, айдалада ол неғылған жатқан құйрық?» демекші, тиісінше мамандармен оңай олжаның жоқтығы, алаяқтық қылмыстарының белең алуы, олардан сақтану шаралары жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да теледидарда, БАҚ-беттерінде, әлеуметтік желілерде аз айтылып жатқан жоқ. Соған қарамастан, өкінішке орай азаматтар пендешілікке салынып, бір нәрсеге оңай әрі тез қол жеткізу үшін, өтірікті шындай етіп жеткізетін айласы басым адамдардың сөзіне сеніп, қолындағы ақшаларын өз еріктерімен беріп, алаяқтың жетегінде қалай кеткенін білмей де, сезбей де қалып жатады. Өйткені алаяқтар тез әрекет етіп, құрбанының ойлануына, жан-жағымен ақылдасуына мүмкіндік бермейді. Керісінше оның керемет мүмкіндігі бар екеніне, қызықтырған дүниесін оп-оңай жолмен алып беруге сендіреді. Белең алып отырған қылмысқа қатысты Арал аудандық сотының судьясы Берік Керуенбаев былай дейді:
– Бүгінгі күні мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй, жер учаскесін алуға көмектесу, жалақысы жоғары жұмысқа орналастыру, банктен несие алуға ықпал ету сынды алаяқтық қылмыстары кеңінен таралған. Осындай қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық ҚР ҚК-нің 190-бабында қарастырылған. Өкінішке орай, мұндай қылмыстар көбіне әйел адамдар тарапынан жасалады. Бір қызығы, бұрын алаяқтыққа байқамай жасы үлкен, қарт адамдар ұшыраса, қазір көзі ашық, көкірегі ояу жастар да алданып жатады. Мәселен, жыл басынан бері аудандық сотта 14 қылмыстық іс қаралса, соның 2-еуі алаяқтық санаттағы қылмыстар. Мысал ретінде біріне тоқталсақ, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1) тармағымен сотталған азаматша Н бұрын бірнеше рет алаяқтық қылмысы үшін сотты болып, бас бостандығынан шектеу жазасын өтеп жүріп, ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін алдау жолымен иемденіп, алаяқтық жасап, қылмыстық іс-әрекеттері нәтижесінде жәбірленуші Т-ға алғашында қайтарымсыз несие алып беремін деп, одан соң жеңілдікпен ипотекаға пәтер алуға көмектесемін, арендалық тұрғын үйге кезегін жылжытып беремін, жоғарғы оқу орнынан диплом алып беремін деп 4 465 000 теңге, жәбірленуші С-ға жер алып беруге көмектесемін деп 250 000 теңге шығын келтірген. Істі қарау барысында анықталғандай, сотталушы жәбірленушіні сендіру үшін іскерлік киіммен қолына құжат ұстап, мемлекеттік мекемелердің алдына шақырып, кездескен. Ал, жәбірленушінің сенгені соншалық, берілген уәделердің бірі де орындалмай жатып, келесі ұсыныстарына қызығушылығы артып қолындағысын бере берген. Сотталушының қылмыстық әрекеті аудиожазбалармен, аударым түбіртектерімен және іс бойынша басқа да дәлелдемелер жиынтығымен дәлелденіп, алаяқтығы үшін түпкілікті 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотты болды. Дегенмен үкім заңды күшіне енбеген, – дейді ол.
Судьяның айтуынша, кезекті іс бойынша азаматша Г. мен А. жәбірленуші К-ның ұялы телефонын уақытша сұрап алып, «Kaspi kz» мобильді қосымшасы арқылы жеке кәсіпкер Ш-ның ғаламтор дүкенінен 600 000 мың теңге тауарлық несие рәсімдеп, әрі қарай, жәбірленушінің Kaspi gold есеп-шотынан тауарлық несие ретінде түскен 600 000 теңгеден жеке кәсіпкерге сыйақысын ұстатып, қалған соманы бірінің қолданып жүрген Kaspi gold есеп-шотына аудартып, жеке қажеттіліктеріне пайдаланған көрінеді. Осылайша, олар бөтеннің мүлкін адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау жолымен иемденіп, алаяқтық қылмысын жасаған. Бұл қылмыстық әрекет қылмыстық заңнамадағы ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.
Алайда, жәбірленуші өзіне келтірілген залал толық қайтарылғанын, қояр талап-тілегі жоқ екенін, сотталушылармен татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрап сотқа өтініш келтірген көрінеді.
– Қылмыстық заңнамада ауырлығы орташа қылмысты жасаған адамның жәбірленушімен татуласып, келтiрген зиянды қайтарса, оны қылмыстық жауаптылықтан босату жағдайлары қарастырылған. Соған орай, сотталушылар ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігінің талабына сай қылмыстық жауаптылықтан босатылып, іс өндірістен тоқтатылды. Жалпы алаяқтық қылмыстары бойынша жәбірленушілердің де оңай жолмен өз жұмыстарын бітіруге талпынып, сол үшін теріс әрекетке барып, қылмысқа өздерінің себеп туғызатынын да айтпай кетуге болмайды. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерді, жеңілдіктерді тағы басқа бекітілген тәртіптен немесе кезектен айналып өтіп, тез әрі оңай жолмен ие болуды қалап, алаяқтардың құрмауына өздері ілігеді. Ал оның алаяқ екендігін тек соңғы сәтте ғана ұғынып, құқық қорғау орындарынан көмек сұрап жатады, – дейді Берік Керуенбаев.
Міне салғырттық пен енжарлықтың салдары жақын деп санаған жаныңызды сотқа сүйреп жүруіңіз бек мүмкін. Осылай болмасы үшін, әрбір азамат кезектен тыс не өзге тұлғалардың көмегімен және басқа да заңсыз жолдармен мемлекет тарапынан берілетін көмекті, жеңілдіктерді (жер, тұрғын үй, несие сынды) алу мүмкін емес екенін ұғынуы тиіс дегім келеді.
Н. БАҚЫРАН

Фото: ​aikyn.kz​​​
23 сәуір 2024 ж. 232 0