Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Масылдық пиғылдан қашан арыламыз?

Масылдық пиғылдан қашан арыламыз?

Қазір қоғамда әлеуметтік желіде айқай шығарып, ердің жағасына жармасқан әйелдер көбейді. Бәрінде бір мүдде – мемлекеттен берілетін көмекті алу. Өздерінің пәленбай баласы барын, үйсіз, жұмыссыз екендіктерін айтып шу шығарып, онысын смартфонның бейнежазбасына түсіріп, желілерге жүктеп жатады. Тіпті кейбірі осылай өз бастарын қамдап қоғам белсендісі, блогер болып алған. Не десек те, біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзбей, жеңіл табыс табуға ұмтылу белең алып бара жатыр. Бұл, әсіресе бүгінгі нарық заманында тайға таңба басқандай көрініп тұр. Яғни адамдар арасында әлеуметтік масылдық пайда болды. Адамды тұлға ретінде дамытпайтын, қоғамға да кері әсерін тигізетін бұл үрдістен қайтсек арыла аламыз?

Қазақ басынан талай тар жол, тайғақ кешуді өткерді. Аштықты да, жоқтықты да, бодандықты да көрді. Бұл тарихтан белгілі. Қазір ше?Қазір бәрі бар. Жоқ дүние жоқ. Барды ұқсатып, жоқты жамап, өз тіршілігін жасап жатқандар бар. Олар ешкімге алақан жаймай, өз кәсіптерін дөңгелетіп бала-шағасын бағуда. Бүгінгі сөз оларға арналмайды.
Бүгінде жанын қинап еңбек етпей, мемлекеттік жәрдемақыларға күн көргісі келетіндер түрлі құйтырқы әрекеттерге де баратын болған. Мәселен, заң жүзінде ажырасып, көпбалалы жалғызбасты ана ретінде үкіметтен жеңілдіктер алып отырғандар да бар арамызда. Ал жұмыссыз ретінде тіркеліп, қоғамдық жұмыс ұсынса ар көретін, оңай табыс тапқысы келетіндердің жөні тіпті басқа. Жасы жар ортаға келсе де, әлі күнге қарт ата-анасының зейнетақысына күн көріп отырған азаматтарды көргенде іштей қынжыласың. Бірақ оларды сөйлетіп көрсең елге ақыл айтқыш. Әлеуметтік желіде жылап-сықтап қайыр тілейтіндер тіптен жетіп жығылады. Олардың әбес әрекеті екі қолға бір күрек табылмағандықтан немесе шарасыздықтан емес, жан қинағысы келмейтін жалқаулықтан туындаған мәселе. Жомарт жүректерге жылап-сықтау арқылы жол тауып, жұрттың маңдай терін тамшылатып тапқанын оңай олжалауың оңтайлы жолы. Бір түсінгенім мұндайға қаны сіңіп үйренген адам әркез тілемсектеніп, тіленіп тұруды әдетке айналдырып алады екен.
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар, азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің мәліметіне сүйенсек биылғы жылдың 3 айында Арал ауданы бойынша 1643 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.
Қазіргі күрделі, аумалы-төкпелі заманда халықтың ¬әл-ауқатын көтеру, кедейшілікпен күрес тек байлық-бақуаты бар, еңсесі тік, әлеуеті зор елдердің ғана қолынан келеді. Бүгінде Қазақстан халық тұрмысын жақсартуға бағытталған сан алуан әлеуметтік-қамқорлық шараларын жүзеге асыруда.
– Біз өмір сүріп отырған дәуірдің табиғаты мың құбылмалы. Жаһандық бәсекелестік жағдайында өз мүддемізді қорғауға, өз мақсатымызға жетуге ұмтылмасақ, жедел алға баспасақ көп нәр¬седен ұтыларымыз анық. Мына дәуір еркелікті, жалқаулық пен масылдықты, немқұрайлылықты көтермейді. Төртінші өнеркәсіптік револю¬ция кезе-ңінде, жоғары технологиялық, цифрлы кеңістікте жаһандық дамудан 10 жыл артта қалсақ, 100 жыл оның орнын толтыра алмайтынымызды естен шығармайық, – деген еді мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Сарапшылардың тұжырым¬да¬уынша, әлеуметтік саясаттың масыл-дыққа соқтыруы дамыған елдердің экономикасына зиянын тигізуде. Саралап көрген едік.Бүгінде еуро¬палық елдер ішіндегі ең дәулеттісі саналатын Ұлыбританияда 1975 жылы әлеуметтік шиеленісті төмендетіп, халықтың билікке қарсы шығуының алдын алу мақсатында «Спинхемленд заңы» қабылданған. Ол заң билікті өзгермелі шкала бойынша табысы аз кедейлердің жалақысына белгілі бір сома қосып отыруға міндеттеді. Бұл жаппай масылдық тудырып, ХХ ғасыр соңына қарай ағылшындар елінде экономи¬калық құлдырауға, бұқараның жаппай қайыршылануына, өндірістің ең төменгі деңгейге дейін құлауына соқтырды. Еңбек нарығы күйреп, еңбекақы күнкөріс шегінен төмен түсіп кетті. Ұлы¬британия әлгі «ізгі» заңның салдар¬ы¬мен 40 жылдай күрескен.
Скандинавия елдерінде әлеуметтік қорғау жүйесі әлемдегі ең дамыған санатында. Оларда тегін білім беру, жалпыға бірдей денсаулық сақтау, мемлекеттік зейнетақы төлеу сыртында қосымша қолдау шаралары жүзеге асырылады: жұмыссыздарға қомақты төлем ұсынылады, зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығуға мүмкіндік беріледі. Алайда бұл жүйе еңбекақы қорына масыл болып отыр. Сканди¬навия елдерінде жеке және заңды тұлғаларға әлемдегі ең жоғары салықтар салынады. Мәселен, қазір қазақстандықтар өз табысының 10 пайыздайын ғана салыққа аударса, тағы 10 пайызын зейнетақы қорына жолдаса, ал Шве¬цияда азаматтар өз тапқанының жар¬тысына жуығын тек салыққа береді. Бірақ бұл елде бірде-бір адам салықтан жалтармайды.
Испанияда да әлеуметтік жүйе жұмыссыз адамға орташа жалақының 70%-ынан жоғары көлемде жәрдемақы төленуін кепілдендіреді. Ал екі қолға бір күрек іздеген испандықтарға ұсы¬нылған қызметтерден еш шектеусіз бас тарта беруге рұқсат етіледі. Салдарынан, бұл елде жастардың 36 пайызы білімі мен білігі бола тұра, жұмыс жасаудан бас тартады. Жас испандықтар жұмыс¬сыздық жәрдемақысын місе тұтып, өз өмірін ретке келтіруге асықпайды: көпшілігінде 30-35 жасқа дейін ата-анасының қолында тұра береді. Кесі¬рінен, Испанияда некеге отырушылар саны жыл сайын кемуде.Масылдық Еуро¬одақтың көшбасшылары Германия мен Францияда, АҚШ-та, өзге дамыған елдерде мәселеге айналған.
Тағы да хакім Абайға барамыз: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген еді. Масылдық сипаты тап осыған саяды. Масылдық – қоғам індеті. Ол ұлт¬тың деградацияға ұшырауына түрткі болады, алға басқан мемлекетті кері тартады. Ендеше, ұлтты ол кесірден арылту тәуелсіздікті тұғырлы, өркен¬деуді өрісті етудің шарты болмақ.
Н.БАҚЫРАН
30 сәуір 2024 ж. 315 0