Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалыдан шыққан ғалым қыз

Қазалыдан шыққан ғалым қыз

Бұған дейін айтқанымдай, біздің Қазалы Ауданының Бекарыстан Би Ауылындағы #24 орта мектепке - 90 жыл. Арғысына үңілмей-ақ, бергі жағын санасақ та талай дарынды ұл мен қыз осы шаңырақтан дәріс алды. Бұғанасы бекіді, қанаты қатайды. Өмір жолына жолдама алды.
Мысалы, мына түлектер Mektep BekarystanBi - ді үздік бітіріп, «Алтын», «Күміс» медаль және «Ерекше аттестат» иегерлері атанды. Олар: Үмбетов Базарбай 1966 жылы күміс, Әбжәмиева Рая 1967 жылы күміс, Қожабаева Айсұлу 1989 жылы күміс, Сансызбаев Мейірбек 1989 жылы күміс, Смағұлова Қалдыгүл, Құрманбаева Зейнеп 1990 жылы күміс медалмен бітірсе, Әбдіразақова Әлия 1995-1996 оқу жылында «Ерекше аттестат», Қалиева Жадыра, Сариева Райхан, Бәйімбетова Сәндігүл 1996-1997 оқу жылында «Үздік аттестат», Еркемай Саниязова , Қалиева Индира, Дәкібаева Гүлнұр 2001-2002 оқу жылында «Үздік аттестат», 2009-2010 оқу жылында Қожақова Айжан «Алтын белгі», Қожанияз Тұрсынай «Үздік аттестат» иегерлері болды. 2012-2013 оқу жылында Тұрғанбаева Гүлбақыт «Алтын белгі», 2013-2014 оқу жылында Тұрғанбай Мөлдір «Алтын белгі» иегерлері болды. Бұл жерде қалып қойған шәкірттер болса, автор ретінде кешірім де сұраймын. Әрі жерлестер де тізімді толықтырар деген сенімдемін.
Тақырыпқа оралсақ. Өткен посттардың бірінде елден шыққан ғалымдарды сөз еттік. Ал кейінгі буыннан Майдакөл Ауылдық Округінен шыққан түлектер бар ма?! Әрине, жоқ емес. Әңгімеміз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Өтемісова Гүлмира Жеткергенқызына арналады.
Жеткерген әкем мен Үрімша шешемнің (олай дейтінім, бұл әулет пен біздің үй қыз алыспайтын рулас, яғни Асан-Сойырқас, оның ішінде Ақжігітіміз) шаңырағында дүниеге келген Gulmira тәтем бала күнінен оқуға құмар болған. Жалпы қара еңбегінің арқасында өзі аңшы, өзі диқан Жеткерген әкемнің барлық балалары да өте зерек болды. Ата-анадан көргені болар, барлығы өте еңбекқор болып өсті. Жеткерген әкей көктем туа бақша егіп, ең алғаш қауын пісіретін. Ал оның уақытында күріш егуде озат атанып, талай жиынға делегат атанғанын кейінгі буын біле бермес.
Мысалы, Жәкем 1981 жылы күріштің әр гектарынан 100,3 центнерден алса, 1982 жылы 93,6 центнерден алып, «Жүзден озған Жеткерген» деген атпен баспасөз бетінен орын алып, ол жайлы жарыққа шығады. «Ердің атын еңбек шығарар» дегендей, келесі жылы омырауына ІІІ-дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені тағылады. Облыстық ЛКСМ облыстық комитетінің жарыс жеңімпазы болған Жәкем ХІІ Қазақстан кәсіподағы Съезінің делегаты болып тағайындалды. 1985 жылы Қызылорда облыстық Кеңесінің депутаты болып, Қазақстан күрішшілерінің дипломын иеленді. Сөйтіп кәнігі күрішші облыстың қоғамдық-әкімшілік істеріне, ел тағдырын шешуге араласа бастады. Өзі сайланған аймақтың әлеуметтік- экономикалық жағдайларын биік мінбелерден тарата айтты. Жеткізе білген ауыздың дуалылығы ел ырзығын молайтуға игілікті шарапатын тигізді. Өзінің барлық күш-жігері мен бүкіл уақытын еңбек жолына арнаған Жеткерген әкей мен Үрімша апам еңбекпен ел қатарына қосыла жүріп, өздерінің алты қызын тәрбиелеп өсірді. «Сендер абыройлы болсаңдар, біз де абыройлымыз» деген ата-ана тілеуін Алла қабыл етіп, бұл жанұядан инженер-эколог те, мұғалім де, ғалым да шықты.
Рас, жердің құнарын топырағынан танитын Жәкемді талай агроном, бригадирлер далалыққа жетектеп, қай жерге қандай дақыл егу керектігін ақылдасатыны бүгінде бізге аңыз сияқты ғой. Біз тек бер жағындағы нағыз диқан, жылда бау-бақшадан мол өнім алатын Жәкемді көріп өстік. Ал Үрімша апам сол бақшадан қақ тіліп, қауынқұрт қайнатып, барды ұқсататын. Күз бен қыс айында балық пен құс аулап, кісіге кіріптар болмай, адал еңбекке ұйыған шаңырақ бұл. Әке мен шешенің адал еңбегін көрген балалар да соған дағдыланды. Оқуда озат, олимпиадаға да осы үйдегі тәтелерім жиі баратын. "Білім ал, елге абыройлы қызмет қыл, соны көрген біз де марқаямыз" деген ата-ана тілегін бұл күнде барлығы да орындады деген ойдамын өз басым. Біздің өзіміз де осы үйдегі озат оқитын барлық тәтелерімізге еліктедік.
Біздің кейіпкеріміз 2000 жылы Бекарыстан би ауылындағы №24 Ү.Түктібаев атындағы қазақ орта мектебін өте жақсыға бітіріп, 2000-2005 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетіне грант жүйесімен оқуға түсіп, «қазақ тілі мен әдебиеті, шетел тілі пәндерінің мұғалімі» біліктілігін алды. Әлі есімізде ауылда грант деген дүниеге ілігу өте сирек. Мұның алдында Перизат Баймишева тәтем грант ұтқан. Жалғыз өзі. Ал келесі жылы Гүл тәтем жалғыз өзі біздің ауылдың даңқын асырып, өз білімімен оқу грантын жеңіп алды. Бүкіл сол уақытта Карл Маркс деп аталатын біздің жұрттың қуанғаны есімізде. Таза еңбек еді.
Ал еңбек жолын 2005-2006 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Қазақ тілі кафедрасында Түркия елінен келген студенттерге практикалық қазақ тілінен сабақ беруден бастаған. Ал 2006 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аспирантурасына тағы да бір өзі грантқа түсіп, 2009 жылы «10.02.02 – Қазақ тілі» мамандығы бойынша бітірді. Аспирантура уақытында зерттеу жұмысымен айналыса жүріп, Оңтүстік Кореядан келген студенттерге қазақ тілінен сабақ беріп, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруде белсенді атсалысты.
2009 жылы аспирантура уақытын аяқтаған сәтте Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Д 14.09.04 - диссертациялық кеңесінде «Сыр бойы ақын-жыраулары тіліндегі көнерген аталымдардың функционалды-семантикалық сипаты (Ерімбет пен Нұртуған шығармалары бойынша)» деген тақырыпта кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап шықты. Ғылыми жетекшісі – филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлы. Енді қараңыз, жұрт қырықтың қырқасынан асып не таяп барып, ғылым жолына түссе, біздің жерлесіміз 25 жасында, қате түсінбедіңіз, дәл 25 жасында тіл саласында ғылым кандидаты атанды. Ауылдан шыққан қазақ қызының бұл ең мықты жетістігі десек артық айтпаспыз.
Ғылымға ден қойған Гүлмира 2009-2010 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультеті, қазақ тіл білімі кафедрасында оқытушылық қызметте жүріп, лексикология, диалектология, сөзжасам пәндерінен дәріс оқиды.
2010-2011 жылдары Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында қазақ тобына ағылшын тілінен және тәжік тобына қазақ тілінен сабақ жүргізеді.
2011-2017 жылдар аралығында ALMAU-дың Тілдерді дамыту орталығының доценті болып, орыс және ағылшын топтарына мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу, кәсіби қазақ тілі, практикалық қазақ тілі пәндерінен сабақ берді.
2017 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультеті, Ақымет (Ахмет) Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының доценті қызметін атқарып келеді. Студенттер мен магистранттарға кәсіби қазақ тілі, сөз мәдениеті, практикалық қазақ тілі, кәсіби бағдарлы қазақ тілі, мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу, академиялық жазылым сынды дәрістерді жүргізеді.
Гүлмира Жеткергенқызының шәкірттері өзге ұлт студенттері арасында университетаралық, республикалық олимпиадаларда бас жүлде, І дәрежелі диплом иегерлері атанып жүр.
Сондай ақ ол «ЕҢ ҮЗДІК ЭДВАЙЗЕР – 2021» аталымының иегері.«ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕ, ӘЛЕМДІ ТАҢ ҚЫЛЫП, ҚАЗАҚСТАН – ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ, МӘҢГІЛІК» атты жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық олимпиаданың ұйымдастырушысы.
Қазалы Ауданынан шыққан ғалым қыздың қазақ тілін дамытуда еңбегі әлі де алда. Ал бүгінде дәл осы салаға қатысты әртүрлі шетелдік және қазақстандық ғылыми басылымдарда 80-нен астам ғылыми мақала, «Қазақ тіліндегі көнерген аталымдар лұғаты» атты түсіндірмелі сөздігі (2009) (екінші рет тағы да толықтырылып жарық көрді-2015ж.) және ЖОО студенттерінің қазақ бөліміне арналған «Ағылшын тілі» оқу құралы (2011), Шетелдіктерге арналған «Қазақ тілі және ұлттық құндылықтар» (2018) атты үштілді оқу құралы, «Көнерген аталымдар сөйлейді» (2018) ғылыми монография, «Қазақ тілі» В1 және В2-1 деңгейлеріне арналған оқу құралдары жарық көрген.
Сөз соңы. Жездеміз бен төрт ұлдың бабын тауып, отанасы ретінде шаңырық ұйытқысы болумен қатар, қазақ тілінің қамын жеген қазалылық ғалым қыз жайлы аз-кем мәлімет осындай.
Айтпақшы, ауыл атын алысқа таратқан біздің түлектер жайлы әлі де жаза береміз.
Ержан ҚОЖАС,
"Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі  
02 мамыр 2024 ж. 253 0