Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қияға қанат қаққанда...

Қияға қанат қаққанда...

Үкілеген үміттерін арқалаған жас түлектер мектеп қабырғасынан ұшып, үлкен өмірге жолдама алды. Иә, арғымақтай тулаған уақытта шек жоқ. Жас түлек үшін он бір жыл көзді ашып-жұмғанша жылдам өте шыққаны өкінішті.
Таяуда аудандағы барлық дерлік білім ошағында түлектерге аттестат тапсыру салтанаты кең көлемде өткізілді. Соның ішінде киелі білім ордасы Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінде «Түлек 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты аттестат тапсыру кеші жоғары деңгейде өтті. Жүректері лүпіл қағып, өмірдің жаңа табалдырығына қадам басқалы тұрған 2 сыныптан 50 түлек мектеппен қоштасты. Олардың бірі облыстық сайыстарда пән олимпиадаларынан бой көрсетсе, енді бірі аудандық олимпиаданың жеңімпаздары. 36 жылдан астам тарихы бар білім ошағында бүгінде 5 «Алтын белгі», 5 «Үздік аттестат» иегерлері шығып отыр.
Сонымен бірге атаулы шараға аудан әкімі С.Сермағамбетов қатысып, сөз сөйледі:
Бүгін Сіздер үлкен өмірдің алғашқы баспалдағынан өтіп, биік сатыларына қадам басқалы тұрсыздар. Біз Сіздерден жаңалыққа жаны құмар, әлемнің көшіне ілесетін, озық ойлы жастар ретінде үлкен үміт күтеміз. Жаңа Қазақстанның негізгі тірегі де өздеріңіз. Тарихы тереңнен сыр шертетін қасиетті Арал өңірінің айбынын асқақтата беріңіздер. Ендеше, қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға тілектеспін! –деп, мектеп бітіруші түлектерге жылы лебізін білдірді.
Мұнан кейін түлектерге аттестат табысталып, аудан әкімімен естелік суретке түсті. Жүректері қимастық сезіміне толы "Алтын белгі" иегерлері атынан Ринат Өтегенұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатарластарына сәт сапар тіледі.
Шара аясында "Мектеп вальсі" орындалып, мектеп бітіруші түлектер атынан алтын ұя мектебі мен ардақты ұстаздарына арнап «Мектебімді қимай тұрмын» әні шырқалды.
Салтанатты кеш соңында атаулы білім ордасының ата-аналар комитетінің төрағасы, ардагер-ұстаз Аманжол Жолмағамбетов түлектерді құттықтай отырып, ақ батасын берді.
Тағы айта кетерлігі, биылғы оқу жылында аудан бойынша 933 оқушы орта мектепті аяқтаса, олардың арасынан 44-і «Алтын белгі», 47-сі «Үздік аттестат» иегері атанып отыр.


А. НҰРЛАНОВА
17 маусым 2022 ж. 614 0