Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген екен Платон. Бұрынғы ата-бабаларымыз бұл замандағылардан білімі, мәдениеті төмен болған дейміз. Десек те ұрпақ тәрбиесіне келгенде оларды көреген, тәжірибелі десек қателеспейміз. Еліміздің ертеңі саналатын ұл-қыздарын салт-дәстүрлермен сусындатып, туған елін, жерін адал сүюді және көзінің қарашығындай сақтап, қорғауды әрбір азаматтың аяулы борышы деп түсіндірген. Беріде өзіміз куә болғандай, бір ауыл адамдары бір анадан туғандай, ынтымақты, ұйымшыл еді. Бір үйдің қуанышына бәрі қуанып, бір үйдің басына түскен қайғысына бәрі ортақ қайғыратын. Дәмді асын бөліп ішіп, ауыр жұмысы болса жұмыла кірісетін. Бұның бәрі пәк адамдықтың, тәрбиеліліктің жемісі еді. Қазіргідей көптеген әдеби, мәдени оқулықтар толассыз ақпарат көздері болмаса да ұлттық салт-дәстүрімізді ұрпақ санасына сіңіре білген сол уақыттың адамдарын қалай кемеңгер демессің.
Өзімізден бастап жастарды ауызбіршілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеп, ізгіні, игілікті көп айтып, көп көрсетіп, өзі ісімен үлгі болатын көргені емес көкірегіне түйгені көп үлкендеріміз болса қуанарлық жайт. Өнегелі дана жоқ жерде, өнегелі бала жоқ.
Кейінгі кезде басқа ақпарат көздерін былай қойғанда теледидардағы азғындыққа үгіттейтін озық-созық сериалдардың көбеюі де жас ұрпаққа кері әсерін тигізуде. Оны шектемек түгілі бірге отырып көріп, бірге талқылаймыз. Назар аударар болсақ, ылғи өтірік айтып тығырықтан шығу, бірін бірі алдау, жеңіл жүріс. Байыптап қарар болсақ, дәл осы құбылыс біздің қоғамымызда белең алуда. Бұндай жағдайларға «болуға міндетті» нәрсе сияқты назар да аудармаймыз. Ұстаз ретінде айтар болсам көптеген жастарымыздың әдеби кітап оқуға қызығушылықтары жоқ. Сабақ үстінде айтылған белгілі бір шығармалардан үзіндіні тыңдайды да, әрі қарай жалғастырмайды. Білім мен тәрбие көзі әдеби кітаптарда екенін ескергілері келмейді. Оның есесіне әлеуметтік желілердегі тәрбиелік мәні жоқ нәрселерді қарап уақыттарын өлтіруде. Бұрынғы ата-баба жүріп өткен жолдар ертегіге айналып бара жатқандай. Кешегі өткен ата-бабаларымыз тап қазір қайтып оралар болса, «ұлдарымыз құл, қыздарымыз күң болмасын» деп бастарын бәйгеге тіккен еңбектерінің түкке тұрмағанына налитындай жағдай. Жастар өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің өткені мен келешегін, оның алдында тұрған жоспарларды жақсы білуі қажет. Өз елінің басынан кешкен қиындықтарымен танысып қана қоймай, сондай қиындықтан елін, халқын алып шығуға белсене қатысып, өзінің үлесін қосатындай болып тәрбиеленуі керек. Әрбір әулеттегі үлкен адамдар мен балалардың қарым-қатынас әдебін жолға қоймайынша инабаттылыққа, және парасаттылыққа жету мүмкін емес. Үлкендердің балалармен, балалардың үлкендермен арадағы сәлемдесулері, сөйлесулері, ізеттілік әдеттері, қимыл іс-әрекет әдебі, әулеттің қалыптасқан үлгілі әдеттері мен ғұрпы, сыйласымдылығы, бір-бірімен арадағы құрмет, мейірім, өз ата-анасының және үлкендердің тапсырмасын жауапкершілікпен орындауы секілді ізгі қасиеттерді бойына сіңірген абзал.
Ж.Баласағұн баланы жастан тәртіпке үйрету керектігін, оны ата-ананың ісі екенін сөз етеді. Мысалы ол: «Баққан ұлдан сәл тойса назарың, Түбі соның тарттым дей бер азабын. Қатал ұстаз – бос жүрмесін сандалып, Болса тәртіп- бала өседі сомдалып» дейді. Әрине, көпке топырақ шашуға да болмайды, керемет инабатты, білімді, мәдениетті, зиялы қауым ортасында жас болса да бас болып жүрген жастарымыз қаншама. Халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы «Қазіргі заман – өткен заманнның баласы, болашақ заманның атасы» дейді. Әрине, айтылған жайдың бәрі өткен заманды көксеу емес, жас ұрпақ санасының өзге жаман нәрселермен былғанбай, ұлттық тілімізді, дінімізді, ерекше мәдениетімізді, өзге ұлтта жоқ жақсы қасиеттерімізді бойтұмар етіп ұстаса деген пікір.
Қымбат ЖОЛДАСОВА,
№57 Е.Көшербаев атындағы мектеп әлеуметтік педагогі
05 мамыр 2024 ж. 226 0