Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шуақты күндер шарапаты

Шуақты күндер шарапаты

1987 жыл болуы керек. Бастығымыз екеуіміз жұмыс бабымен Алматыға сапар шектік, көктем айы. Бір апта Алматыдағы қонақ үйге орналастық. Қызылордаға су беретін жаңадан салынған объектіге қажет құрылғыларға "Казглавкомплект" мекемесіне ұсыныс өткіздік. Содан демалыс күні  не істейік, екеуміз қаланы аралап тамашаладық. Үлкен кітап дүкені бар екен, соған бардық. Сол жерден мен Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп Ахметованың енді жарық көрген «Шуақты күндер» кітабын біреуін өзіме, біреуін қайын атама сыйлыққа беруге сатып алдым. Ол кезде марқұм ол кісі зейнет демалысында үйде еді. Баукең туралы өз келіні естелік қылып жазған кітап қызық қой, соны оқып бір рахаттансын дегенім ғой.
Бұрындары  қайын атам Қошқаров Дәкібай Арал тартылмай тұрғанда,  жүзген қайықтарда жұмыста болған, зейнетке шығар алдында Отто Шмидт қайығында капитан көмекшісі қызметінде болған екен. Мінезі де Баукеңе ұқсайтын, тура мінезді, бетіңе айтып тастайтын, қаталдау, бірақ әділ кісі болатын. Содан елге қайтып келгеннен кейін кітапты оқып шықтым, өте қызық кітап екен. Зейнеп апа өзінің сол үйге қалай келін боп түскенінен бастап, баласы Ержан дүниеге келгенге дейінгі аралықты (ол кезде енесі дүниеден өтіп кеткен екен) Баукеңнің келіні деген атқа сай болу үшін көп қиыншылықты жеңіп шыққанын, көп жерде атасы да басында қатты болғанмен, керек жерде ақылын беріп көмектескенін жазады. Бұлар күйеуімен бөлек тұрады, Бақытжанның да мінезі қаталдау, әкесі Баукең оның ар жағында, сөйтіп екеуінің ортасында дәнекер болып, неше түрлі жағдайды басынан өткереді. Анда-санда бұларға үйге Баукең келіп тұрады, ескертусіз, шақырусыз, сондай бір сәтте Зейнептің (яғни жаңа түскен келіннің) қалай қиналғанын көріп, бір сәтке аяп кетесің. Сол кітаптан үзінді:
– Мезгіл түске таяп қалған, газ плитасына шай қойып қайнағанша, бүгінгі газеттерді қарап отыр едім, есік сынып кетердей тарсылдады. Үйде жалғыз отырған соң шошып кеттім. Тапа-тал түс болса да, есікке келіп:
– Бұл кім? –  дедім.  
– Мен, атаңмын! Бар киін, – деді, күн күркірегендей гүрілдеген үн есіктің сыртынан. Қорыққаннан зәрем ұшты. «Бар киін» деген сөздің байыбын бірден ұғына алмай, үйде киіп жүретін халатымның түймесін бір салып, бір ағыттым. Киім салатын шкафтан сасқалақтап, үстіме киетін жеңі ұзын көйлек, басыма орамал, аяғыма шұлық тауып кидім. Барып есікті ашып, ата-бабамыздың салтымен иіліп сәлем еттім.
– Бақытты бол балам, – деп қолын басыма болар-болмас тигізіп, бөлмеге кірді. Ата жалғыз емес, жанында бір кісі бар екен. Бет-әлпетін көргенім жоқ, басымды көтеруге батылым жетпеді. Жайғасып отырған соң атам:
– Мынау Мекемтас Мырзахметов деген ғалым қайынағаң, маған іні болады, – деді...
Сөйтіп Зейнеп Бауыржан атасының өмір мектебінен, қазақы тәрбиесінен өтті, ренжіген жоқ, шыдады, қарсы келмеді. Бүгінгі күні апамыз әже болып, немерелерін бағып, елге ұлағатты сөз айтатын абзал ана болып отыр. Бұдан кейін бабалар аманаты «Күретамыр» деген керемет кітаптар жазып шығарды.
Екінші кітапты мен Аралға қыдырып барғанымда қайын атама сыйға тарттым, ол кісі қуана қабылдады. Кейін үйдегілер айтады ғой, қайын атаң сен  әкеліп берген кітапты, жастығының астына сақтап жүріп оқыды, арасында өз-өзінен миығынан күліп отыратын еді деп.
Енді мына қызықты қараңыз, сол кітапты апарып бергенде, үйдегі қайынағам Рашидтың әйелінің, яғни атамның келінің аяғы ауыр еді. Артынша аман-есен босанып, дүниеге ер перзент келіп, атамыз оның атын Бауыржан деп қойыпты, сірә кітап кейіпкерлері ұнаған болу керек. Одан кейін Бақытжан, соңында Ержан дүниеге келді. Қазір олар жігіт болып есейді. Баукең сияқты өз немересін көрген, қайын атам да оларды көзі тірісінде көріп кетті, 1994 жылы ол кісі сырқаттан қайтыс болды.
Аралға кейде қыдырып барғанымда «сендердің есімдеріңді қоюға менің де қатысым бар» депмен оларға әзілдеймін. Менің таң қалатыным, бұл не сонда сәйкестік пе әлде атамыздың адал ниетіне Алланың берген сыйы ма екен деп...
Е.Есімов

08 мамыр 2024 ж. 252 0