«Шуақты күндер» – ұрпаққа шуақ сыйлайтын туынды
«...Қазақтың маңдайына жарқырап біткен ерен ұлдарының бірі, елінің еркесі, қайталанбас біртуар тұлғаның алып жүрегі тоқтап, отты жанары жұмылғалы да біраз уақыт өтіп қалды. Бұны ақылмен түсінесің, бірақ көңіл шіркін күмәнданатындай. «Әттеген-айы» көп бұл жалғанның уытты өкініші жүрегіңді тілгілеп, дара туған үлкен бейненің енді арамызда жоқтығына сенгісі келмейді-ақ» – деп басталатын даңқты жауынгер Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» атты кітабында. Батыр атаға деген сағынышы мен естеліктерін З.Ахметова осы кітап арқылы көрсеткен. 20 мың данамен жарық көрген атаулы туынды көпшілік ықыласына бөленіп, қалың оқырманның жүрегіне жол тапты. Ұлттық тағылымы мен оқырманға берер тәрбиесі мол кітаптың негізгі кейіпкері – Бауыржан Момышұлы. Келіні Зейнеп бұл туынды арқылы Бауыржан батырдың болмысын қалың бұқараға өзгеше жағынан суреттеп, қайталанбас кісілік қасиеттері мен қайсарлығын, қамқор ер, үлгілі әке ретінде көрсетеді.
Ұлттық ерекшелігімізді айқындай түсетін белгінің бірі – сан ғасырдан бері қалыптасқан әдет-ғұрыптарымыз екені белгілі. «Мен тек атамның келінімін. Тұла бойы қайшылықтарға тұнып тұрған қайталанбас адамның биік шаңырағының кең дастарқанын ұстаған, шамам келгенше иіліп қызмет істеп, өнегелі өсиетін де, өңмеңінен тесіп өтер айқайын да естіген маңдайлы келінімін. Атам деген – тірі тарих, шексіз шежіре еді... Ол – өз өмірінде сый-құрметке, қошеметке бөленген адам. Бірақ халқымыздың жақсы салттарын сақтап, әдеп пен ізет көрсетуім тіпті ұнап-ақ тұратынын білетін едім...» деп жазады кітапта. Иә, «Шуақты күндер» кітабында Бауыржан ата немересі Ержанды ұлтымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының тарихының тұнығына тәрбиелеп, нағыз еркектік қасиетке тәрбиелейді.
Шығарманың басты құбылысы – өмір шындығы. Себебі ондағы әр көрініс пен іс-әрекет, барлық ой, мысал, кез келген оқиға өмірден алынған. Отбасындағы келіннің өзін ұстауы, қалай сөйлеп, қалай қызмет ету керектігі жөнінде де шынайы оқиға арқылы насихатталған. Бұл туралы кітаптағы көрініске назар аударайық. Бауыржан Момышұлы 60-жылдығын өткізу кезеңі келеді. Туған жері Жамбыл облысына барып, бүкіл отбасы 2 ай бұрын, Жуалы ауданындағы шипажайға орналасады. Сол кездері Б.Момышұлына жолығуға келетін адамдар күннен-күнге көбейіп кетеді. Күніне 3-4 рет қазан көтеретін жағдай орын алады. Осындай қарбалас күндері Зейнептің үйіткен қойының басы күйіп кетіп, одан қалды таба наны да шикі пісіп қалады. Соған көңіл түскен Зейнеп ыдыс-аяқтан өшін алып жатады. Яғни, ыдысты салдыр-сұлдыр етіп дауыстап жуып жатады. Мұны байқаған Бауыржан ата дереу келінін шақырып алып, қатал үнмен Алматыға кетуін бұйырады. Бірақ келіні не үшін ашуланып жүргенін түсіндіргенде, ата да бірден қайтып, жылы жүзбен келініне:
Жаман әйел ыдыс-аяқтан өшін алады. Сен менің баламсың, жаман атануға хақың жоқ. Келіп-кетіп жатқан адамдар сені құйқаны күйдіргеніңе ашуланыпты демейді, өздерінің келгеніне торсаңдап жүр екен деп ойлайды. Кім келсе де жылы жүзбен, ашық қабақпен қарсы алғын. Егер қадірін кетіріп жатқан қонақ болса, қалай шығарып салуды өзім білемін, – деп келініне ақыл айтады. Міне, осыдан-ақ Бауыржан Момышұлының тәрбие мен салтқа қалай қарағанын білеміз.
Отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Кей кездері Зейнеп жолдасы Бақытжанмен түсініспей қалған сәттерде төркінге барғанда айтылған сөзде үлкен мән жатыр. «Шыққан қыз шиден тысқары, сенің түпкілікті тұрағың, түтінін түтетіп, тілеуін тілейтін үйің – күйеуіңнің үйі. Бір еркектің ыстық-суығына төзе алмасаң, кедір-бұдыр мінезін кешіруге кеңдігің жетпесе, жоғын бар етіп, ашылғанын жаба алмасаң, әйелдік ақ жаулықтан садаға кет» деген. Атақтан бұрын ақтықты, абыройдан бұрын арды талап ететін келін деген дәреже еді. Мінезі қатал, құбылмалы атасының Зейнеп Ахметова барынша жағдайын жасап, келіндік қызметін атқара білді. Міне, қазақ әйеліне тән қасиет осы емес пе?!
Зейнеп Ахметованың бұл кітабында бүгінде ешқандай оқу орны бере алмайтын тәлім-тәрбие мен өнеге жатыр. Қонақ күту әдебі, салт-дәстүрді ұстануы, бала тәрбиесін қалыс қалдырмауы, бабалар аманаты осы шығарманың негізі болып табылады. Осындай асыл қасиеттерімізді бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне үлгі ете отырып, Бауыржандай батыр ер мен Зейнептей дана келін тәрбиелеу біздің міндет.
А. НҰРЛАНОВА