Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өлгендер қайтып келмейді...

Өлгендер қайтып келмейді...

9 Мамыр – Ұлы жеңіс күні. Иә, фашистік қатігездік пен сұрапыл соғыстың жан қинаған ауыртпашылығы әлі де көзі көрген, шет-жағасын білетін жандардың есінен кеткен емес. Біз оны көрмесек те, ата-әжеміздің әңгімесінен, естеліктерден, одан қала бере соғыс уақытында жазылған кітаптардан оқып, білеміз. Оқушы кезімде оқыған сондай кітаптардың бірі Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» повесі. Еркіннің бастан кешкен оқиғаларын баяндаған бұл шығармаға бүгін талдау жасауды ойға алдым.

Бұл – соғыс жылдарындағы өмірді, әсіресе ауылдың тұрмыс-тіршілігін, оның ішінде соғыстың зардабына «аз да болса көмегім тисін» деген ниетті жас пен кәрінің еңбеген суреттеп, оны кейіпкердің өмірімен астарластыра білген керемет туынды. Шығарманың атын естігеннен-ақ ойың сан-саққа жүгіріп, қызығушылықты тудыратыны анық. Өлгендердің қайтып келетінін кім көрген?! Ал, расында, повесть тақырыбы қандай мағынада жазылған?
Жазушы төл туындысының тақырыбын «Адам өмірі тесік шелекке құйылған су тәрізді болады екен. Тіршіліктің оны-мұны шаруа қамымен күйбеңдеп, басың қатып жүргенде, бір күні сарқылып бітіп қалғаныңды білмей де, байқамай да қалады екенсің» деп түйіндеуінің өзі тұнып тұрған философия ғой. Шығарма кейіпкері Еркін Мамырбаевтың қиын кезеңдерді бастан өткеріп, жазушы болып қалыптасу жолы бейнеленеді повестте. Бұғанасы қатпаған жас баланың тағдыры алапат соғысқа тұспа-тұс келеді. Үйінің тірегі жалғыз ағасы Сәрсебек соғысқа аттанып, жалғыз анасы мен жеңгесіне бас-көз болу Еркінге жүктелген аманат еді. Ауылдағы сасық кеуде, қызқұмар Нұрәлі болыспен бір бітімге келе алмай, адамдықты ту еткен Еркін ақыры өз отбасынан жырақ, Қарағандыдағы ФЗО-ға жол тартады. Әрине, мұны тілеп алған да өзі емес. Мұның бәрі бірбеткей, шыншыл мінезінен әрі жасыған, әрі жақтырмаған Нұрәлінің істеткені, сөйтіп үлкен өмір жолына түскен Мамырбаевтың тік даңғыл жолынан қарағанда ұқыр-шұқыры мол бұралаң жолы көсіліп сала береді. Бұған күйінгенде өзі: «Оу, өмірден мен арман еткен жол, тіпті де бұл емес еді ғой! Тасбауыр қатал тағдыр адастырып, қайда әкетіп барады осы мені? Оу, осы мен омақасып неге сүріне берем? Даңғыраған түзу жолға шығатын күнім бола ма менің де, болмай ма?» деп шарқ ұрады. Бірақ жігері құм болып жасымайды. Оқырманын қуантатыны да осы Еркіннің күрескерлік қасиеті.
Осы кездердегі тарыны талғажау етіп, шаңырақтары ортасына түскен, ерін соғысқа алып, өздері жесір, баласы жетім қалған қаншама отбасының жағдайын оқығанда көзіме жас келіп, аянышты халді басымнан өткізгем. Өзінше бай-бағландардың арқасүйері жоқ қара халыққа тигізген жамандығы нағыз азғындық еді.
Кейін түрмеде отырған жас жігітке жақсы қызмет табу да оңай емес. Дегенмен Еркін білім алып, ұстаздық етеді. Балаларға арнап әңгімелер жазып, отбасын құрады. Қуанышпен қатар қиындығы да көп өмірден әсте түңілген емес. Әке орнындағы қамқор ағасынан, судың тұнығындай тұңғышынан айырылады. Жақын адамдарын ажал құшқаны–қабырғасын қайыстырады. Романның «өлгендер қайтып келмейді» деп аталуы да сондықтан шығар. Өмірге талпынысы жоқ, бәрінен үміті өшкен жанның қайта түлеуі мүмкін емес қой.
Бұл шығарманың барлық парағының астарында соғыстың зұлматы, жалпы зияны баяндалады. Оның кей сәттерін проблемалық очерк дерсіз. Жазушы мұны да өзінше қаузай жазады. Бердібек Соқпақбаев бұл романда, әсіресе адам психологиясына терең енеді, оны өзінше зерттейді. Бас кейіпкер Еркіннің талай зұлматты кешіріп, тірлікке икемделіп, ысылып шығуы өмірде болатын қиындықтар адам баласы үшін қайғы-қасірет емес, керісінше ертеңіне дайындық, ал өзіне тағдыр тарту еткен тәжірибе, мүмкіндік деуге де келеді. Романның бітім-болмысы кәдімгі қарапайым тірлікті, қарабайыр өмір заңдылығынан сыр шерткенмен, ұға білген жанға үлкен сабақ, өмір мектебі.

Г.САҚТАПОВА


09 мамыр 2024 ж. 253 0