Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда жасыл желек жайқалсын десек...

Аралда жасыл желек жайқалсын десек...

Дана халқымыз «атадан мал қалғанша тал қалсын» деген сөзді бекер айтпаған ғой. Тірнектеп жиған малың бір жұтта жоқ болуы мүмкін. Өзіңнен артылып балаға қалды деген күннің өзінде оны ұқсатып жұмсай алатын, әкенің атына кір келтірмей жүре алатын баланың өсіп, үлкен өмір көшіне ілесуі екі талай. Қазақ сондай ұрпақтар сабақтастығының сәтсіз тұстарын сынап айтса керек, малдан талды артық көрді. Десе де оның да терең астары мен маңызды мәні бар шығар. Бір ғана мысал сіз еккен тал неше ғасыр бойы ұрпағыңызға сая болуы мүмкін. Ол жеміс берер ағаш болса тіптен бөлек. Біз осы кезге дейін «әкеден қалған тал, тал болмайды» дегенді естіген жоқпыз. Керісінше «әкеден қалған мал, мал болмайды» деген сөз бар қазақта. Мұнымен не айтқымыз келді?!
«Бір тал кессең он тал ек» деген қанатты сөзді берік ұстанған халықтың ұрпағымыз. Әрине, туған жердің табиғатын аялау, барын бағалау өмірге келген әрбір буынның міндеті. Біз бұл іске келгенде құр қалып жатқан жоқпыз. Тек көзбояушылық пен жауапкершіліктің жоқтығы көп жағдайда ісіміздің өнімділігін бәсеңдетіп жатады. Біз негізі осы мәселеге келгенде жаппай науқаншылдыққа бой алдырып жатамыз. Дәл осы мезгілдерде сырттан мәртебелі мейман келсе қолына тал ұстатып, оны ырымдап ектіруге асығамыз. Арнайы сенбіліктерде де осы Аралдың өзіне неше мыңдаған ағаш көшеттері отырғызылады. Жылда солай. Бірақ одан көріп жатқан айтарлықтай нәтижеміз жоқ.
«Батыс-Қытай – Батыс-Еуропа» тас жолымен Аралға бұрылып, қала ішіне кіргеннен қос қапталды жағалай алып жатқан жасыл алаңқай бар. Дәстүр бойынша жыл сайын сол аумаққа ағаш көшеттері отырғызылады. Сол бір жасыл бақтың пайда болғанына кем дегенде 10-15 жылдың шамасы болған шығар. Мүмкін одан да әрі. Бірақ ішіндегі жас өскіндердің саны да сапасы да сол 10 жылдың нәтижесі деп айтуға келмейді. Бәлкім, сол ағаштарды еккеннен кейінгі күтіп-баптау мәселесі бізде назардан тыс қалып жатқан шығар. Оларды уақытымен суару, айналасындағы тамыр жайуына кедергі өзгеде зиянды өсімдіктерді азайту, қыста тамыры үсімейтіндей етіп баптау сынды жұмыстар бізде немқұрайлы шығар. Шындығына келгенде, жас шыбықты жайқалған жасыл желекке айналдыру үшін көптеген күш, қаншама уақыт пен ұқыптылық керек. Керек болса бұл мәселемен арнайы бағбан айналысып, өз жауапкершілігіне алса Аралдың алаңқайы алдағы 3-4 жылы жасыл алқапқа айналған болар еді. Биыл бұл мәселе басқаша сипат алған сияқты.
Естеріңізде болса, аймақ басшысы жақында Қызылорда қаласында болған кезекті сенбілік акциясында қала мен ауылды абаттандыру мәселесіне келгенде әр жердің өзіне тән өсімдігін егуді қолға алу керектігін айтқан еді. Туя, шырша немесе үйеңкі деген сынды көшеттерді еге бергеннен нәтиже болмаса оны қою керектігін қадап айтты. Расында, кей жерлерге қара тал немесе терек жақсы шығуы мүмкін. Біз сол бірізділікке түсуіміз керек. Бұл бастаманы қазіргі таңда қала әкімі де қолдап отыр. Осы жұмыстарды алғаш жауапкершілігіне алған Арал қаласының әкімі Батыржан Ұзақов жер аяғы кеңіп, тоң түскелі Арал қаласының өзіне 3000 дана ағаш көшеттері отырғызылғанын айтты.
– Көктем келгелі қалаға 3 мыңдай ағаш егілді. Барлығы да кәдімгі қара ағаш. Қосымша тағы 1500-дей ағаш егуді қолға аламыз. Біз жалпы мұндай жұмыстарға қаржыны демеушілік көздері есебінен аламыз. Туған жердің бір перзенті ретінде бұл жұмыстарды жүргізуге барлық мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз. Қазіргі уақытта қаланың 10-15 тей көрікті жерлеріне абаттандыру жұмыстары жүруде. Олардың арасында гүл егу жұмыстары да бар. Барлғына қоғамдық негізде жұмыс жасайтын 8 жұмысшы белгіленіп, олар бүгінде әлгі аумақтарды тұрақты бақылауда ұстап келеді. Тамшылатып суару әдісі де қолға алынды. Алдағы уақытта осы мақсатқа қала сыртындағы су тұщыту қондырғысын қайтадан іске қосып су мөлшерін тұрақты әрі жеткілікті мөлшерде қолданатын боламыз, – дейді қала әкімі Б.Ұзақов.
Иә, «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар ғой қазақта. Әр істің өз маманы болу керек. Талдарды күтіп-баптау ісіне де диқаншылықтан хабары бар, жауапкершілікті сезіне білетін азаматтар алынғанын айтып қалды қала әкімі. Дұрыс қадам. Ал оны отырғызу ісіне келгенде де жанашырлықтың жарқын лебі сезіледі.
– Қала аумағында әр жер әртүрлі. Кейбір жерлерді сазды әрі қатты болып келеді. Ол жерлерге егілген жас көшеттер тамыр жайып кете алмайды. Сондықтан ондай жерлерді барынша тоңын кетіріп, арнайы қоспалар салу арқылы тал егу жұмыстарын қолға ала бастадық. Құдды үй жағдайында өсетін гүлдер секілді далаға егілген талдарға да сондай жағдай жасалып жатыр мүмкіндігінше. Бұл жұмыстардың нәтижесін алдағы уақытта көретін боламыз. Біздің алдымызда ортақ міндет, ортақ абырой бар. Қай уақытта болсын туған қаламыз жарқырап жайнап тұратын болса ол бәріміздің мерейіміз. Негізі жасыл мен сары түс сол көңіл жадыратар ерекше мәнге ие түстер емес пе? Соны ескеріп жақында қаладағы қоғамыдық орындар мен мекемелер сыртындағы темір қоршауларды сол сары немесе жасыл түске бояу бастамасын аудан әкіміне ұсынған болатынбыз. Қолдау тапты. Бақасаңыз қазіргі уақытта сол темір қоршауларды бояу жұмыстары басталып кетті. Өзіңіз де көріп жүрген шығарсыз. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасатын болады, – деді шақар басшысы Б.Жансерікұлы.
Иә, табиғат-Анаға деген жанашырлықтан туындайтын мұндай істің аяқсыз қалуы немесе нәтиже бермеуі ел перзенті ретінде азаматтығымызға сын. Мұндай өнегелі істе себепсіз сылтауды алға тартып, «мен бастадым сен қошта» деу жарамас-ты. Қисынын тапсақ талдан тоғай, жас көшеттен жасыл белдеу жасауға болады. Шын мәнінде Аралды жасыл белдеуге айналдыру – өз қолымызда. Негізгі мәселе топырлатып тал еге беруде емес, сол егілген талдың өз еркімен тамыр жайып, жайқалып кетуіне жағдай жасау болып табылады. Ол үшін оның бабын келістіретін арнайы мамандар тарту маңызды. Керек болатын болса аймақтағы оқу орындармен бірлесіп, бұл істе арнайы маман даярлау ісін қолға алу керек шығар. Бағбан болуды жаны қалайтын, өсімдік атаулыға құмар жандарды осы іске тартып, оның сүйікті жұмысын тұрақты жұмыс орнына айналдыру да маңызға ие. Мұндай бастамалар көп уақыт өтпестен өз нәтижесін береді деп ойлаймын.
Қазірдің өзінде өз мекемесінің ауласына егілген гүлдер мен талдарды үнемі ұқыптылықпен қарап, шағын ауланы жасыл белдеуге айналдырып отырған мамандар бар. Мәселен қаладағы №2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында жұмыс істейтін Асылбек есімді азамат сол білім ошағының ауласындағы жасыл өскіндерді үнемі күтіп-баптап, уақытылы суару жұмыстарын өз қалауымен жасайды. Бүгінде ол маңды көрсе көз тойдырар тал-теректер ерекше көрініске бөлеп тұр. Мұның барлығы осындай істі жаны қалап істей білетін маман табудың нәтижесі. Асылбек Тиышұлының өз үйінің ауласы да жайқалып тұр. Міне, осындай өз ісіне лайық мамандарды даярлау ісі де қолға алынса дейміз.
А.БИСЕНОВ
20 мамыр 2024 ж. 168 0