Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тырысқақ ауруынан сақтанайық!

Тырысқақ ауруынан сақтанайық!

Тырысқақ – адамдар ғана ауыратын, ауыр дәрежедегі зат алмасудың бұзылуымен, ағзаның улануымен сипатталатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Аурудың өліммен аяқталатын ауыр ағымы, бүкіл дүние жүзіне таралуға өте жоғары бейімділігі, қоздырғышының тіршіліктік ортада ұзақ сақталып, көбеюі оның клиникалық, эпидемиологиялық тұрғыдан өте қауіпті екендігін байқатады.
Ауру көзі - ауру адам немесе ауру тасымалдаушылар болып табылады.
Тырысқақпен ауырған адам қоршаған ортаға көп мөлшерде тырысқақтың қоздырғышын бөліп шығарады. Қоздырғыш науқас адамның нәжісі,құсығы арқылы суға, тамаққа, киім-кешекке,ыдыс-аяққа,көрпе-төсекке түседі.Қоздырғышпен ластанған суды ішкенде, шаруашылыққа пайдаланғанда, жеміс-жидектерді,көкөністерді жуып,шайғанда адамға жұғады. Әсіресе су арқылы жұққан кезде ауру бір мезгілде бұрқ етіп,халық арасында лезде тарайды.Қоздырғыштың азық-түлікке түсуіне көбінесе ауру тасымалдаушылар себеп болады.Ауруды шыбындар да таратады.
Аурудың жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 5 күнге дейін, әдетте 2-3 күнге созылады. Қоздырғыштың ену қақпасы ауыз қуысы, әрі қарай асқазан-ішек жолдарына енеді.Тырысқаққа тән нәрсе аурудың бірден жедел түрде аяқ астынан басталуы болып табылады, науқастың іші өтеді, бірақ науқастың іші ауырмайды, қатты күшену болмайды, өздігінен ауырсынбай іші өте береді, ауру асқынғанда науқас үлкен дәретіне ие бола алмай, бар уақытын әжетханада өткізеді.Науқастың нәжісі күріштен жасалған қайнатпаға ұқсас келеді,іші жиі өтеді, үсті-үстіне құсады,құсықтың түсі де күріштен жасалған қайнатпаға өте ұқсас болады. Іш өту мен құсу ағзаның сусыздануына, тұздануына, қанның қасиетінің өзгеруіне, қышқылдық сілтілік тепе-теңдіктің бұзылуына, өмірлік маңызды ағзалар мен жүйелердің қызметінің бұзылуына ұласады.Ауыр дәрежелі іш өтуде алғашқы 10-12 сағатта-ақ науқас ауыр жағдайға түсуі мүмкін,сондықтан жиі іш өту белгісі байқалған адамдар тез арада дәрігерге көрінгені жөн.
Аурудан сақтану, алдын алу мақсатында жаз мезгілінде суы тексерілген, белгіленген орындарда шомылу, ауыз суды қайнатып ішу, көкөністер мен жеміс-жидектерді қайнаған сумен жуып - шаю,лас-қоқыстарды тез арада шығарып, үй іші мен ауланы таза ұстау қажет, ас дайындау,ыдыс жуу және ауыз су үшін өзен-көлдердің суын пайдаланбау керек.Ас ішер алдында,сырттан келгенде,дәретханадан кейін қолдарыңызды сабындап жуыңыз. Азық-түліктерді сақтау,тасымалдау,ас әзірлеу ережелерін қатаң сақтау қажет.

Арал аудандық санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы: А.Сатекеева
20 мамыр 2024 ж. 282 0