Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықтың сүйіктісіне айналған халық театры

Халықтың сүйіктісіне айналған халық театры

Арал қай кезден-ақ өнердің құтты мекеніне айналған. Жыршылығы мен әншілігі бір бөлек дастанға айналған ауданда тамырында теңіздің толқынындай тулаған қаны бар ақындары бір төбе. Бұл жайлы талай айтылып келеді. Ауқымы кең ауданның аумағында мейлі ол қалың құмның қойнауынан түлеп ұшсын, мейлі Сырдың ерке дариясында шомылып өссін, тасын түртіп қалсаңыз тарихы сайрайтын бұл аумақтардан өнерге кенде жан табылмайды. Бұл бүгінгі ұрпақ үшін де мақтаныш әрі соғылып кеткен сара жол. Бүгінгі айтпағымыз да талай өнерпаздардың қанатын қомдап шығарған мекендегі өнердің бір саласын дәріптеп келе жатқан ұжым жайлы болмақ.
Аралда перзентінің аяғынан бұрын тілі шығатын бір ауыл бар. Сол өнер қонған қызыл тілі текке тақылдамай, талайды тәнті етіп жүрген Қызылжардың халқы бүгінде сахнаны қалауына сай игеріп, көпшіліктің көңілін баурап алған. Оған бірден-бір себеп осындағы халық театры. Сөзімізге сенбесеңіз, ендігі айтарымызды оқып шығыңыз.
Қызылжар ауылының көркемөнерпаздары 1972 жылы ауыл халқына ойдағыдай мәдени қызмет көрсету барысында ауылдық клуб жанынан құрылып, драма үйірмесі болып, бастаған ұжым аудандық, облыстық байқауларда өнер көрсетіп жүрді. Жай ғана өнер көрсетті деу жеткіліксіз. Олар жұлдыздай жарқырап, жиналған көрерменнің алақаны қызарғанша қошеметтейтіндей дәрежеде болды. Осы деңгейден бір сәт төмендемей, 22 жыл бойына түрлі шығарманы шарықтау шегіне жеткізіп сахналаған бұл ұжым 1994 жылы «Халық театры» атағын иеленді. Одан бері де отыз жыл өткенін еске алар болсақ тарихының қаншалықты тереңде екенін аңғарамыз.
Бұл атаққа ие болу оларға жаңа мүмкіндік ашты. Режиссер, суретші штаттары бекітіліп, қызмет жасады. Халық театрының өсіп өркендеуіне, әрдайым биіктен көрінуіне зор үлесін қосқан өнер жанашырлары, ауыл көркемөнерпаздары – театр мүшелері болып қайта бекітілді. Қазіргі таңда театр ұжымы атағына сай өнер көрсетіп келеді. Әр түрлі тақырыпта, сонымен бірге драмалық, трагедиялық, комедиялық жанрда өрбіген қойылымдары – өмір көріністерін, адам тағдырын, ел мұңын, қоғам келеңсіздіктерін айрықша бейнелеумен ерекшеленді. Осының барлығы мақсатына жетуді көздеген жандардың арқасы.
Алғаш болып 1975 жылы Жанділдә Баймұратовтың ұйымдастыруымен Ә.Тауасаровтың «Зауал» атты пьесасы дайындалып, ауыл халқына көрсетілді. Драма ұжымының бойын түзеп, сыншы көрермен қауым алдында еңсесін көтеріп, өнегелі өнер көрсетуіне ұжымшар басшыларының қамқорлығы ізгі ықпал етті. Сахналық кейіпкерлердің киім үлгілері дайындалып, колхоз тарапынан материалдар, декорациялық маталар алынып, қажетті қамқорлықтар көрсетіліп отырды.
1976 жылы О.Бодықовтың «Барымташы» трагедиясы сахналанып, көрермендер көңілінен шықты. Бұл пьесаны сахнаға дайындаған Ж.Баймұратовтың және суретшісі С.Ерғалиевтің ізденімпаздығы. Сонымен қатар «Барымташы» рөлін сомдаған Қ.Әбілдаев болса, басқа образдарды ауыл көркемөнерпаздары алда талай белес барын білдірді.
Драма коллективі 1977-78 жылдары О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра» пьесасынан үзінді, Б. Молдағазинаның «Ананың естелігі» атты бір актілі драмасын дайындалып сахналанды. Ал 1980 жылдары сәуір айында Арал қаласында драма коллективтерінің байқауында Д.Тасекеевтің «Арал жағалауында» атты пьесасы қойылып, жүлделі орынға ие болды.
1986 жылдан бастап драма үйірмесі жанынан оқу-тәрбие жұмыстары ұйымдастырыла бастады. Оқу-тәрбие жұмыстарының жылдық жоспары жасалып, оның уақытылы өтіп тұруына және сапасына А.Абатов жауапты болып бекітілді. Бұл құрамға №81 орта мектебі жанынан оқушылар тартылып, оларға сахна сырын меңгеруге зор мүмкіндік туды. Бұл ұжымның болашағы барын тіпті аңғарта түсті.
1987 жылы Ұлы Қазан революциясының 70 жылдық мерекесіне Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» атты пьесасы қойылды. Қойылымды сахнаға дайындаған С.Абабүкіров. Пьесаны аудандық байқауда сахналап, драма мүшелері «Үздік өнері үшін» грамотасымен марапатталды.
1988-89 жылдары О.Бодықовтың «Қарақұм трагедиясы» пьесасынан үзінді және Р.Шотбаеваның «Үш той» атты бір актілі, үш көріністі комедиялық пьесасы ауыл көрермендеріне ұсынылса, келер жылы С.Адамбековтың «Аюбайдың ажалы» атты пьесасы мен Қ.Аманжоловтың «Аңқау Жүсіп» атты комедиялық пьесасы сахналанып, Р.Оразғұлов, Р.Нұралиев, Н.Жүгінісовалар халықтың сүйікті әртістеріне айналды. 1991 жылы драма үйірмесі мүшелерінің дайындауымен О.Бодықовтың «Үйленгім келмейді» қалжың-водевилі сахналанса, 1994 жылы осы спектаклмен драма ұжымына «Халық театры» атағы берілді. Театр режиссері болып А.Жүгінісов, суретшісі Н.Рсалиев қызмет етіп, С.Адамбековтың «Құйынбайдың құдалары» комедиясын, «Ажалмен бетпе бет» атты 2 актілі пьесасын, «Қарақұм трагедиясын», «Аюбайдың ажалы» драмаларын сахналап, халыққа өз еңбектерін үзбей көрсетіп тұрды.
1999 жылы жергілікті әуесқой драмтург Ж.Дінахметовтің «Өкініш пен өтініш» трагедиясы облыстық халық театрлары байқауына сахналанып, жүлделі ІІІ орынды иеленгенде сол уақыттағы театр режиссері С.Нұралиева мен суретшісі Н.Рсалиевтің айшықты еңбегі көрініс тапты.
2000 жылы жергілікті әуесқой драматург Ж.Мусаевтың «Жер – бесік» спектаклін сахналап, облыстық халық театрлары фестивалінде жүлделі ІІ орынды иеленсе, спектакльде басты кейіпкерді сомдаған Р.Нұралиев «Ең үздік ер рөлі» және халық театрының ең жас мүшесі Д.Сүлейменов «Ең үздік жас актер» номинацияларымен марапатталды. Одан кейінгі жылдар да жемісті болды. 2001 жылы Ж.Мусаевтың «Шоқ пен шер» драмасын облыстық халық театрлары байқауында жүлделі ІІІ орын, 2002 жылы Ж.Мусаевтың «Міскін» трагедиясы облыстық халық театрлары байқауында жүлделі ІІІ орынға лайық деп танылса, 2004 жылы Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер трилогиясынан» «Ымырт» инсценировкасы жасалып, облыстық фестивальде қазылар алқасынан жоғары бағаға ие болды. Ал 2006 жылы Ж.Мусаевтың «Ар мен азап» спектаклін сахналанып, театрдың ең жас мүшесі Ж.Жұмабаева «Ең жас актер», Ә.Ерғалиев «Ең үздік декоратор-суретші», театр режиссері С.Нұралиева «Жәдігер Тұрсынов атындағы арнайы жүлде» номинацияларымен марапатталды. Бұл жылдары суретші Ә.Ерғалиев болып қызмет етті.
2009 жылы Қ.Ысқақтың «Мазар» спектаклі облыс, аудан көлемінде сахналанып, көрсетілсе, 2010 жылы халық театры Иран-Ғайыптың «Алтын ажал» трагедиясын, 2011 жылы О.Салимовтың «Ат жылаған жақта» драмасы, 2013 жылы С.Асылбекұлының «Рәбиғаның махаббаты» драмасы, 2014 жылы Д. Исабековтің «Мұрагерлер» 2 актілі драмасы, 2015 жылы Қ.Ысқақтың «Жан қимақ» 2 бөлімді тарихи драмасы театр режиссері болып Н.Скендірова мен суретшісі Ә.Ерғалиевтың еңбегімен ауыл, аудан көлемінде сахналанды.
2016 жылы облыстық байқауда Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» 2 актілі драмасын сахналап, Л. Бекетаева «Үздік әйел образы» номинациясын иеленді. Ал 2018 жылы Қалтай Мұхамеджановтың 90 жылдығына орай өткізілген облыстық халық театрлары мен драма ұжымдары байқауында Қ.Мұхамеджановтың «Менің дертім» драмасы сахналанып, ІІ орынға ие болды. «Үздік музыкамен көркемдеуші» номинациясымен М.Кемалашов марапатталды. Сондай-ақ Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай халық театрлары арасында өткізілген «Абай әлемі» атты облыстық байқауда Б.Римованың «Абай – Әйгерім» драмасын көрерменге ұсынған театр бас жүлдемен жұртшылықты қуантты. 2022 жылы Жалағаш ауданында өткен Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, режиссер Т.Мәдиевті еске алуға арналған «Өшпес тұлға жолымен» атты облыстық халық театрлары байқауында Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» махаббатанамасы сахналанып, театр мүшесі А.Сембаев «Ең үздік ер рөлі бейнесі» номинациясын жеңіп алған.
Міне, жүйелі жұмыс талай биікті бағындырса, алдағы уақытта да жеңістің жалауын төмен түсірмейтініне сенім мол.

О. ЖОЛДАСОВ
25 мамыр 2024 ж. 226 0