Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Руханияттың жас жанашыры

Руханияттың жас жанашыры

Бұрындары кітап жазу, оны оқырманға ұсынып, бағасын алу нағыз өнердің биігі болатын. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта бұл үрдіс толықтай өзгеріп сала берген сияқты. Кітап оқушылардың қатары күрт азайған бүгінгі күні кітапты оқудың өзі өнерге баланатын болды. Себебі хәкім Абайдың "Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге" деген даналығын естен шығарып алдық.

Міне, жастардың арасындағы осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін еліміздің әр аймағында түрлі бағыттағы жұмыстар қолға алынып жатыр. Осындай бір жобаның кейіпкері аралдық өнерпаз, біздің жерлесіміз, жас та болса жалпақ жұртқа жақын таныс Ақбота Тортаева болды. Ақбота әлеуметтік желі арқылы жүргізілетін "Bookdating" әдеби онлайн сұхбатқа қатысты.
Оқырманға түсінікті болуы үшін "Bookdating" онлайн сұхбаты жайлы айта өтейік. @baishevabiblioteka инстаграмм парақшасы арқылы жүргізілетін бұл сұхбат Ақтөбе қаласында бастау алғанымен, бүгінде оқырмандары республиканың түкпір-түкпірінде бар парақша. Негізгі мақсаты жастарды кітап оқуға тарту болып табылатын жобада елімізге танымал түрлі тұлғалар тікелей эфирде жастарға өздері оқыған кітап жайлы айтып, оның мазмұнын жеткізіп отырады. Бұл талай жастың қызығушылығын оятқаны да анық.
Міне, осындай үлкен бастамаға қатысқан біздің жерлесіміз Ақботаның да ақтөбеліктерге танымалдығы өте жоғары. Оған өзінің еңбекқорлығы үлкен көмек болған. Бір басына бірнеше өнер сыйдырған Ақбота Сейфулмаликқызы әсіресе әнші ретінде белгілі.
1994 жылдың 18 мамырда Арал қаласында дүниеге келген. 13 жасынан бастап өнер өлкесіне қадам басқан ол осы бағытта білім алып, жетілді. Бүгінгі таңда Ақтөбедегі "Самал" бөбекжай бақшасында музыка жетекшісі болып қызмет жасап келе жатқан жас дарынның шәкірт тәрбиелеуде шыққан белесі де биік. Талай оқушысы түрлі деңгейдегі додаларда топ жарып келеді. Бір ғана мысал келтірейік. Жерлесімізден тәлім алған Наурызбай Асылбеков Хромтау аудандық ақындар мүшәйрасында І орын жеңіп алса, осы ауданның үздік жас сценарийсі болған.
Өзінің әншілігі мен ұстаздығынан бөлек қазіргі уақытта еліміздегі кенже дамыған дубляж саласына да араласып келеді. Балаларға арналған мультфильмде кейіпкерлерді дыбыстап келеді. Мұнан бөлек те көптеген өнердің табалдырығын аттаған Ақбота өнер көрсету кезінде жарақаттар да алған. Бірақ өнердің қандай ауыр екенін білгендіктен, барлығына дайын болу керектігін естен бір сәт шығарған емес.
Осы тұста мына бір әңгіме ойға оралады. Барша қазаққа танымал мәдениет қайраткері Әмина Өмірзақова "Әңгіме атақта емес, әрине, еңбекті бағалай білуде. Адамды көзі тірісінде құрметтегенге не жетсін. Ұлы сөзде ұят жоқ. Атақты кейбіреу дастарқанмен, кейбіреу сүйеумен алды. Әділетсіздікке ашынған жақ ашылады" деген екен. Ал жастайынан жан-жақтылық таныта білген Ақбота еңбегімен елдің сүйіктісіне айналған жан.
Міне, осындай жанмен тікелей байланысқа шыққан оқырмандар алдымен әнші қыздың әсем әніне тәнті болса, кейін қазақтың батыры Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев, Әзілхан Нұршайықов пен Әбдіжәміл Нұрпейсовтің шығармашылығымен оқырманды таныс етті.
Елдің сүйіктілеріне айналған алып тұлғалардан тәлім алып келе жатқан жерлесіміздің де болашағы нұрлы, өнері үстем болуына тілекшіміз.

Оңталап ЖОЛДАСОВ

05 шілде 2022 ж. 350 0