Мектептегі механик

– Мен ол кезде 8 сынып оқитынмын. Youtube.com-нан осы Багги көлігін көріп қызықтым. Оның артықшылығы жол таңдамайды. Тауға да, тасқа да, құмға да қауқарлы көлікті құрастырып шыққым келді. Не қажет, қалай жасалады барлығын ғаламтордан қарадым. Осылайша әкеме ойымды айттым. Қолдады. Қатты қуандым. Бірақ қауіпсіздігімді бірінші орынға қойған әкем не істесем де қасымнан табылды. Өйткені темірді кесу, оны дәнекерлеу менің жасымдағы бала үшін өте қауіпті жұмыс. Екеулеп менің арманымдағы Баггидің рамасын жасап шықтық, – дейді Аралбек.
Ал одан кейінгі жұмыстар тоқтап қалады. Есесіне өзі көлік жүргізуді үйреніп шықты. Тіпті өзі жөндей алатындай дәрежеге жетті. Осылайша темір тұлпардың қыр-сырын тереңірек меңгере түсті. Мектеп жасындағы оқушының осындай қабілеті бүгінде 10 жылдан аса тәжірибесі бар жүргізушілерден де табылмай жататыны ақиқат. Ендеше қалай қуанбайсыз?!
Бір жыл уақыт өткен соң, яғни 9 сыныпты тәмамдаған талапты жас сол рамаға өзі мініп жүрген "ВАЗ-2109" көлігінің маторын орналастырды. Міне, осылайша жазғы демалыс аяқталамын дегенше арманының алғашқы қадамын жасап қойған ол "білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз" деп ары қарай кәсіби оқуға аттанды. Мақсатқа жетуді көздеген жас Ақтөбе жоғары политехникалық колледжіне оқуға тапсырып, «автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша 1 курсты аяқтауға жақын.
– Бұл жақтағы алған білімім мені көп нәрсеге үйрете түсті. Бұрын білетін дүниелерді ары қарай дамытуға, түрлендіруге мүмкіндік алдым. Оқуымды аяқтап демалысқа шыққан соң бірінші кезекте өзім көздеген көлікті құрастырып, осы жазда аяқтауды көздеп отырмын. Оған білімім де жетеді, – дейді.
Міне, мектеп жасынан механик атанған Аралбек әрбір жасқа жігер беруә қажет. Бүгінде ғылым мен технологияның дамыған уақытында кенже қалып келе жатқан елімізге осындай жастар қажет-ақ. Қолда бардан көлік жасап жатқан жерлесімізге қолдау болса, ол мұнан да ауқымды нәрселерді жасауға шамасы жетеді.
О.ЖОЛДАСОВ