Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеті көше асфальтталады

Жеті көше асфальтталады

Алысты жақындататын, ел мен елді жалғастыратын жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі және экономиканың күретамыры. «Елдің жайын білгің келсе, жолына қара» деген қағиданың қалыптасуы да содан шыққан. Барыс-келіс пен алысберісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Кез келген мемлекеттің әлеуеті мен даму деңгейі жолдарының жағдайынан айқын аңғарылады. Елімізде де, ауданда да қазірде автомобильдердің тақтайдай тегіс жолмен жүруге деген мүмкіндігі жыл сайын артып келеді.Қаланың сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты бейнелі көрініс осы жолдың жайы екені жасырын емес. Сән-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі және көлік қозғалысының икемділігі де жайлы жолдың көмегінен болары анық. Олай болса, аудандағы қала көшелерінің жолдары мәселесі төңірегінде істеліп жатқан жұмыстарға тоқтала өтейік. Ел көріп, біліп отыр. Тұрғындардың өтінішін орындау мақсатында биыл қала көшелерінің жолдарын жаңарту бағытындағы жұмыстар басталып кетті. Ауданның төл басылымы ретінде «Толқын» газеті ақжолтай жаңалықтарды алғашқылардың бірі болып өз оқырмандарына ұсынуды дәстүрге айналдырған. Осыған дейін де жыл сайын халықтың ұсыныс-пікірлеріне сай қала көшелеріндегі асфальт төсеуді тұрақты ақпараттандырып келе жатқан басылым арқылы бүгін тағы қаладағы 7 көшенің тас жолға қолы жететіндігін айтқымыз келеді. Нақтырақ тоқталар болсақ, Ә.Сатаев, Төле би, С.Мұқанов, Ж.Тәжімбет, Ә.Жұбаниязов пен Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов көшелерін асфальттау жұмыстары басталып кетті. Республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылатын бұл жоба көше тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлады. Мұны тас жол төселгелі жатқан көшелердің тұрғындарының сөзінен анық аңғарамыз. – Адам болған үстіне бола түссе дейді ғой. Бізде де жолы жаңарған көшелерді көргенде «бізге де осындай жол салынса» деп қызыға қарайтынбыз. Былтыр осы біз тұратын көшелер асфальтталады дегенді естігенде қуанғанымызды жасырмаймыз. Бірақ биыл қар кетіп, жер икемге келе бастағаннан көшелерді тегістеп, жұмыстың басталғаны шаттығымызды еселеп тастады. Қуануға себеп те жоқ емес. Қыс кетіп, қар ерігенде, жаңбыр көп жауған кездерде көшенің басынан аяғына қарай өту мұң болатын. Ортаға жиналған судан көлік қатынасы болмайтын. Тіпті өз көліктерін үйіне жеткізе алмай, көшеге қойып кететін кездер де болады. Енді, міне, осы қиындықтың бәрі артта қалды. Істеліп жатқан бұл жұмыс үшін бірінші кезекте аудан басшысына алғысымыз шексіз. Халықтың пікірімен санасып, қолайлы жағдай жасап отырған атқарушы биліктің жұмысын оң бағалаймыз, – дейді. Айта кетейік, «Арал жолдары» және «Арал құрылысы» мекемелеріне тапсырылған жұмыс ауқымды. Жоғарыда аталған 7 көшеге толықтай асфальт төселсе, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов көшелеріндегі жолдың жанынан жаяу жүргіншілер жолы да салынатын болады. Бұл жұмыстар жыл көлемінде толықтай аяқталып, халық игілігіне берілмек. «Жол – ол өмір» деген шетелдіктердің сөзін еске түсірер болсақ, біздегі сапалы жол жақсы өмірдің айғағы болмақ. Сондықтан мердігерлер де бірінші кезекте тұрғындарға жайлы өмірді қамтамасыз етуді ойлап, сапаға мән берсе дейміз.

О.ЖОЛДАСОВ
01 сәуір 2023 ж. 323 0