Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Барсакелмес қорығына – 85 жыл: Қоршаған орта сақшысы

Барсакелмес қорығына – 85 жыл: Қоршаған орта сақшысы

Арал өңірінде орналасқан аты аңызға айналған Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы – Еуразиядағы қоңыржай белдеудің солтүстік және орта нағыз шөлдерінің экожүйелерін қорғайтын бірден-бір және жаһандық масштабтағы экологиялық апат аймағындағы әлемдегі жалғыз қорық болып табылады. 1929 жылы Барсакелмес аралында «Союзпушнина» аңшылық шаруашылығы құрылған, ол қорықтың жануарлар әлемін бағалы құстар және аңдар түрлерімен байытуы керек болды. 1929 жылдан 1939 жыл аралығында Барсакелместі «Союзпушнина» пайдалануға алған. Мұнда ірі құм балпақтары, ақбөкендер және қарақұйрықтарды әкелген, құм балпағының кәсібін ашқан. 1939 жылы Қазақстанның Кеңестік Халық Коммисариатының 10 желтоқсандағы №973 Қаулысымен Барсакелмес мемлекеттік қорығын құрған. Бүгін жалпы қорықтың жай-күйі жайлы кеңінен әңгімелемекпіз.
Негізінен қорық жұмысының тұяқты жануарларға бағытталуы Қазақстанның қорық ісі бойынша басшыларының жоспарлық міндеттемелері мен шөлді жерлердің тұяқты жануарларын зерттеу және сақтап қалумен ғана шектелмей, оларды жаңа аумақтарға жерсіндірумен де сипатталды. Жерсіндіру ең әуелі құландарға қатысты болатын. Қорықтың ғылыми бөлімдерінің негізгі міндеттерінің бірі «Табиғат жылнамасын» жүргізу болатын. Барлық табиғи құбылыстар оның беттерінде сипатталатын.
Қорық көлемі 10 есе ұлғайды
Қорық қарбалас тіршілік еткен, оның қызметкерлері ішкі міндеттемелерді шешумен қоса сыртқы ғылым әлемімен де байланыс орнатып отырған.
Барсакелмес Арал теңізінде болып жатқан көптеген процестерді түсінудің моделі болып келді. Олардың айналық келбеті болатын. Арал теңізі тартылғанымен Барсакелмес қорығы қазақстандық типтегі шөлейтті экожүйелері бар жалғыз қорғалатын аумақ және Солтүстік Арал теңізі маңы табиғатының эталоны болып қала берді. Теңіздің тартылуы салдарынан Барсакелмес қорығына бару қиындап кетіп қорық қызметі дағдарыс кезеңіне де ұшыраған болатын.
2000 жылдан кейін қорықтың айналасындағы теңіз жазықтығының айтарлықтай бөлігі ашылып, арал құрлықпен бірігіп кетті. Бұл жабайы аңдардың миграциясының қайта іске асуына мүмкіндік берді. Арал теңізінің кепкен табаны экожүйелердің флорасы мен фаунасының біріншілік қалыптасу аренасына айналды.
Тұщы судың болмауынан тұяқты жануарлар Барсакелмес аралынан шығып кетті: құландар тұщы су көздері бар бұрынғы Қасқақұлан аралының айналасындағы теңіздің кепкен табанындағы сексеуіл тоғайларын мекен етті, ал қарақұйрықтар мен ақбөкендер шығыс жағалау бойынша кеңінен миграциялады. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы №1162 Қаулысымен Барсакелмес қорығының аумағы 10 есеге ұлғайып, 160 826 га құрады. Қорықтың аумағының кеңеюі экожүйелердің әркелкі типтері, топырақты-өсімдікті жамылғы, флора мен фауна түрлерінің барлығын, сонымен қатар әртүрлі құрлықтық даму кезеңдері бар кепкен табан учаскелерін бақылаумен қамти алды.
Үкіметтің 2020 жылғы 29 шілдедегі №484 қаулысына сәйкес Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының көлемі Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы «Дельта» учаскесін қосу арқылы ұлғайды. Осылайша қорықтың жалпы аумағы 163 126 гектарға жетті.
Халықаралық мәртебе
2016 жылдың 19 наурызында ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағадарламасы бағыттаушы кеңесінің 28-ші сессиясы шешімімен Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы РММ-і негізінде құрылған Барсакелмес биосфералық резерваты ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының Әлемдік жүйесіне енді. ЮНЕСКО-ның Барсакелмес биосфералық резерваты – Тұран шөлейттерінің солтүстік және орташа аймақшалық типіне кіретін экожүйелерді қорғайтын Еуразиядағы бірден-бір қорық. «Барсакелмес» учаскесінің ұзақ уақыт бойы арал ретінде шектеуленуі өсімдіктер қауымдастығының толыққанды флористикалық құрамы және экологиялық жағдайлардың табиғи балансы, тұрақты құрылымымен өзінің антропогендік-аналогтарынан ерекшеленетін түпкілікті экожүйелерінің байырғы қалпында дерлік сақталуына септігін тигізді.
2012 жылы Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінің құяр сағасы Халықаралық Рамсар конвенциясымен қорғалатын сулы-батпақты өңірлер тізіміне енді.
2023 жылдың қыркүйегінде Барсакелмес қорығы «Тұран шөлдері» номинациясында ЮНЕСКО-ның Әлемдік және мәдени мұрасы мәртебесіне ие болды. Бұл мәртебенің басты ерекшелігі – қайталанбас табиғи кешендердің біртұтастығы мен қауіпсіздігін сақтауға қосымша кепіл болады.
Жоғарыда көрсетілгендей қорық аумағында сексеуіл ормандары бар. Орманды өңірлердің ауданы 56 мың гектар. Қорықтың флорасы 325 түр жоғарғы өсімдіктерден, оның ішінде 16 эндемик және 5 түр Қазақстанның Қызыл кітабына енген түрлерден тұрады. Жануарлар әлемі де сан алуан. Омыртқасыздар түрі өте көп. Тек жәндіктердің өзі 12 отрядтан 2000 түрге жуық. 107 түрлі өрмекшілер бар. Қосмекенділер 2 түрмен берілген – жасыл құрбақа және көлбақа. Бауырымен жорғалаушылар 12 түр. Ал құстар түрі 250, оның ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген 33 түрлі құс мекен етеді. 28 түр сүтқоректілердің 3 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Балықтардың 22 түрі болса, солардың 4 түрі қызыл кітапқа енгізілген.
Барсакелмес қорығында 800 бас құлан бар
1953 жылы қорыққа Бадхыздан құландар жерсіндірілген болатын. 1958 жылы алғаш ұрпағы алынып, сонан бері құландар популляциясында жыл сайын өсім байқалып келді. Тұщы судың аздығы мен теңіз суының тұздығы көтерілуі салдарынан құландарды аралдан біртіндеп шығару туралы шешім қабылданып, 80-жылдары құландар популяциясының бір бөлігі «Алтын-Емел» ұлттық паркіне қоныс аударылды. Қазіргі таңда құландардың аралдық популяциясынан қалған даралары Қасқақұлан учаскесіне ауысқан. Мұнда олардың саны жыл сайын артып келеді. Биылғы санақ бойынша құландар саны 800 бастан асты.
Қарақұйрықтар саны 258 басты құрайды
Қарақұйрықтар 1929 жылы Барсакелмес аралына Қарақалпақстаннан 9 бас жерсіндірілген. Олар жақсы бейімделіп, күрт өсе бастады. 1948 жылы олардың саны 2000 басты құрады. Алайда 1948-1949 жылдың ауыр қысы қарақұйрықтардың жаппай қырылуын тудырды – олар 60 басқа жуық қана қалды. 1983 жылдың санағы бойынша аралда 160 бас қарақұйрық болған. Аралдың құрлықпен шектесіп кетуінен кейін қарақұйрықтардың негізгі бөлігі тұщы су іздеп жақын маңдағы аумақтарға қоныс аударды. Соңғы жылдары қорықтағы қарақұйрықтар жыл бойына түрлі сандық және жыныстық құрамнан тұратын топтар құрайды. 2023 жылы қорықтағы қарақұйрықтар 258 басты құрады.
Қорықтың жаңа тынысы
«Барсакелмес» мемлекеттік қорығында жануарлар мен өсімдіктерді қорғау және оларды үнемі бақылауда ұстау мақсатында 57 адам еңбек етеді. Олар табиғат байлығын қорғап қана қоймай жас ұрпаққа кеңінен насихаттау ісімен де ұдайы айналысып отырады. Хамит Қаниев басқаратын мекеме қызметкерлері білім беру ұйымдарымен бірлесіп түрлі ғылыми-танымдық басқосулар өткізеді.
Қазіргі таңда қорықтың ғылым, ақпарат, мониторинг және экологиялық ағарту бөлімі 5 тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Қорықтың міндеттерінің бірі жаңадан қорғалатын аумақтарды ғылыми игеру және бұрынғы кезеңдердегі бақылаулардың базалық мәліметтеріне негізделген мониторингтік зерттеулер болып табылады.
Қорық барлық Арал теңізі өңірлерімен бірге өзгерген болатын, бірақ ол тартылып бара жатқан теңіздің табиғи жауһар тасы болып қала береді. Барсакелмес аралы арал болып қалмады. Ол Солтүстік Арал теңізі өңірінің геоморфологиялық жүйесінде арал қалдығы болып қайта туындады.
2020 жылдың еліміздің үздік инспекторлары, орманшылары мен табиғат қорғаушыларына орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы «Елім-ай» арнайы сыйлығының алғашқы иегерлерінің бірі болып «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы танылды. «Елім-ай» сыйлығы – Қазақстан Республикасы президентімен бекітілген табиғат қорғаушыларына арналған алғашқы сыйлық.
2022 жылы Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы республикалық «Парктер шеруі-2022» табиғат қорғау акциясының қорытындысы бойынша еліміздің Ерекше қорғалатын табиғи аумақтары арасында 2 орынға ие болды. Республикалық «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясы Арал өңірінде 2000 жылдан бастау алып, Барсакелмес қорығымен жүргізіліп келеді. «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясы мектеп оқушылары мен жасөспірімдерді отансүйгіштік пен табиғатты аялауға, туған өлкесіне жанашырлықпен қорғауға тәрбиелеуге үлкен маңызға ие. Сонымен қатар, жергілікті халық арасында табиғи ортаны ластамауға, дала және орман өрттерінің алдын алуға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында таптырмас құрал.
Бүгінгі күні Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы Қазақстан Республикасының алдынғы қатарлы ерекше қорғалатын аумақтарының бірі болып табылады. Қорық өз қызметі барысында БҰҰДБ, Халықаралық Аралды құтқару қоры, Жапон Елшілігінің «Шөптер тамыры» бағдарламасы, ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы, Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясы сынды көптеген отандық және халықаралық ғылыми ұйымдармен етене жұмыс жасауда.
Осы жұмыстардың нәтижесінде 2023 жылдың қыркүйегінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі Комитеті Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан бірлесіп енгізген «Тұранның суық қысқы шөлдері» көпұлттық номинациясының құрамдас бөліктері ретінде Барсакелмес қорығы мен «Алтын Емел» Ұлттық паркінің аумақтарын Әлемдік мұра тізіміне енгізді. Бұл елдерде орналасқан шөлдер аумағында аса жоғары және аса төмен ауа температурасының әлемдегі ең үлкен айырмашылықтарының бірі байқалады. Ғалымдардың пікірінше, олар жердегі экожүйелердің эволюциясын мен күрделі климаттық жағдайларға бейімделуін айқын көрсетеді. Сонымен қатар бұл шөлдерде құлан, қарақұйрық, ақбөкен сияқты сирек кездесетін жануарлар мекендейді және сексеуіл сияқты сирек өсімдіктер өседі.

Н. БАҚЫРАН
10 маусым 2024 ж. 160 0