Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Барсакелмес қорығына ЮНЕСКО-ның Әлемдік және мәдени мұрасы мәртебесі берілді

Барсакелмес қорығына ЮНЕСКО-ның Әлемдік және мәдени мұрасы мәртебесі берілді

ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі Комитеті Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан бірлесіп енгізген «Тұранның суық қысқы шөлдері» көпұлттық номинациясының құрамдас бөліктері ретінде Барсакелмес қорығы мен Алтын Емел ұлттық паркінің аумақтарын Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізді. Осылайша Барсакелмес қорығына "Тұран шөлдері" номинациясында ЮНЕСКО-ның Әлемдік және мәдени мұрасы мәртебесі берілді.
Барсакелмес қоры орналасқан шөлдер аумағында аса жоғары және аса төмен ауа температурасының әлемдегі ең үлкен айырмашылықтарының бірі байқалады. Ғалымдардың пікірінше, олар жердегі экожүйелердің эволюциясы мен күрделі климаттық жағдайларға бейімделуін айқын көрсетеді. Сонымен қатар бұл шөлдерде құлан, қарақұйрық, ақбөкен сияқты сирек кездесетін жануарлар мекендейді және сексеуіл сияқты сирек өсімдіктер өседі.
Жыл сайын Әлемдік мұра комитеті «әлемдік мұра объектісі» мәртебесін береді. Бұл мәртебенің басты ерекшелігі – қайталанбас табиғи кешендердің біртұтастығы мен қауіпсіздігін сақтауға қосымша кепіл болады. 2016 жылы Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының әлемдік жүйесіне енген болатын.
Айта кетер болсақ, Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы 1939 жылы құрылған. Қорық тарихына Арал теңізінің апаты тікелей әсерін берді. Қазіргі таңда Барсакелмес қорығының негізгі мақсаттарының бірі – қорық аумағындағы кепкен теңіз ұлтанында және оған жақын орналасқан жерлерде өсімдік жамылғысының жаңадан қалыптасуын және жаңа жағдайларға бейімделген жануарлар түрлерін ғылыми бақылау және қорғау болып табылады. Сонымен қатар қорықтың символына айналған – Қызыл кітапқа енгізілген құландарды қорғау және санын арттыру басты міндет.
Қоршаған ортадағы табиғи байлықтардың сақталуына себепші болып жүрген Барсакелмес қорығының ерен еңбегі елеулі марапаттарға ие болып жүр. 2020 жылдың 23 қазанында Елордада еліміздің үздік инспекторлары, орманшылары мен табиғат қорғаушыларына орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы «Елім-ай» арнайы сыйлығы тапсырылды. «Елім-ай» сыйлығы – Қазақстан Республикасы Президентімен бекітілген табиғат қорғаушыларына арналған алғашқы сыйлығы. Сыйлық 16 номинация бойынша ұсынылды. Ең үздік қорық номинациясында «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесі танылды.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар арасындағы «Парктер шеруі – 2022» халықаралық табиғат қорғау акциясы республикалық байқауының қорытындысы бойынша ІІ орынды алып, Құрмет дипломымен марапатталды. Бұл жетістіктер жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтауға үлес қосып жүрген қорық қызметкерлерінің еңбегіне берілген баға.
Н. БАҚЫРАН
06 қазан 2023 ж. 385 0