Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру қажет

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру қажет

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрған кезінде қоғам ешқашан алға баспайды, керісінше мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізеді.
Бұл әлеуметтік зұлымдықты жаппай жою жолын халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастырудан бастауымыз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда адам адамгершілікке жат қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді.
Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы отбасының рөлі маңызды екендігін атап өту қажет. Сол себепті әр ата-ана өз балаларын жан-жақты дамытып, адал еңбектенуге адамгершілікке, қоғамға өз үлесін қосатындай етіп рухты азамат етіп тәрбиелеуі керек. Отбасында ұлттық тәрбиенің негізі, адамгершілік пен адал еңбек басым болған жағдайда ғана отбасы деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тосқауыл қоя аламыз.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқытатын курстармен барлық оқу орындарын, мемлекеттік органдар мен тұтастай алғанда барлық азаматтық қоғамды қамту қажет. Тек жас кезінен мінез-құлықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын енгізу бұл әлеуметтік зұлымдықты жоюға мүмкіндік береді.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат – міндеттерінің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу біздің де қоғам алдындағы борышымыз.
Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық емес. Бұл мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді төмендетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Сондықтан мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп әрекет етуі керек.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлық дегеніміз – үлкен мөлшерде енетін ауру және одан емделіп шығу ұзаққа созылады. Оған қарсы күшті дәрі қолданбаса, жемқорлықтан арылу мүмкін емес. Сондықтан біз барлық қажетті шараларды жалғастырамыз!» демекші, қоғамдағы осынау орасан күшке ие жемқорлықпен күрес дамылсыз жалғаса бермек. Оны жеңу сіз бен бізге ғана байланысты екенін естен шығармайық.
Ғ.ТОҒЫСОВА,
Арал ауданының жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы
14 маусым 2024 ж. 270 0