Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкжөтел ауруынан сақтану жолдары

Көкжөтел ауруынан сақтану жолдары

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен көкжөтел ауруынан сақтану жолдары жайында болмақ.

Сұрақ:  Сұхбат басында негізгі тақырыпқа тоқтамас бұрын көкжөтел ауруынан облыс,аудан деңгейінде қалыптасып отырған жағдайды қысқаша баяндап өтсеңіз?
Жауап: Бүгінгі таңда Республика көлемінде вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар қатарындағы көкжөтел ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз жағдайда қалыптасып отыр.
Жыл басынан бері республика бойынша алғашқы диагнозбен 3044 науқас тіркеліп, оның 44,4 пайызы лабораториялық жолмен нақтыланып, «нақтыланған көкжөтел» диагнозы қойылған. Нақтыланған жағдайлар бойынша алғашқы үш орынды Астана қаласы (361 жағ.), 191 жағдаймен Алматы облысы және 168 жағдаймен Қарағанды облысы алып отыр. Көкжөтел ауруының 4,3 пайызы Қызылорда облысының үлесінде. Облыс тұрғындары арасында 10.06.2024 жылға алғашқы диагнозбен 113 оқиға есепке алынса, оның 58-і немесе 51 пайызы лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланды. Нақтыланған 58 жағдайдың 1-і Арал, 1-і Шиелі ауданының тұрғындары болса, 56-ы облыс орталығына қарасты азаматтар.
Сұрақ : Көкжөтелмен науқастанушылардың арасында қандай жастағы адамдар ауруға жиі шалдығуда,осы жөнінде айтсаңыз?
Жауап:Соңғы деректемелерге сүйенсек, республикада көкжөтел ауруына шалдыққандардың басым көпшілігі 5 жасқа дейінгі балалар (90 пайыз), оның ішінде 47 пайызын 1 жасқа дейінгі, 43 пайызын 1-5 жас аралығындағы балалар құрады. Иммундық статусы бойынша 89 пайызы көкжөтелге қарсы егілмеген болып отыр, оның ішінде басым көпшілігі немесе 55,2 пайызы жоспарлы екпелерден бас тартқандар. Қызылорда облысы бойынша көкжөтел ауруына шалдыққан науқастардың басым көпшілігі (50 пайызы) 5-9 жас аралығындағы балалар, 48 пайызы 1 жасқа дейінгі және 2 пайыз 5-9 жас аралығындағы балалардың үлесінде болуда. Науқастанушылардың 4 пайызы ұйымдасқан балалар ұжымынан болса, 96 пайызы ұйымдаспаған балалар. Иммундық статусы бойынша 6 бала көкжөтел ауруына қарсы толық емес екпелерін алған, қалған балалар екпелерден бас тартқандар.
Сұрақ : Аудан тұрғындарын, оның ішінде балаларды көкжөтелден сақтандыру мақсатында қысқаша қандай мағлұмат берер едіңіз?
Жауап : Аудан тұрғындарына жоғарыда аталған статистикалық мәліметтерді ұсына отырып, көкжөтел ауруы халық арасында әлі де тіркелуде екендігін естеріне саламын, соған байланысты әр ата-ана баласының денсаулығына аса назар аударып, көкжөтел ауруы жөнінде қысқаша білу керек деп ойлаймын. Көкжөтел ауруына сипаттама беретін болсақ, бұл ауа арқылы таралатын, тыныс мүшелерінің зақымдануымен, ұстамалы, булықпалы жөтелмен ерекшеленетін жұқпалы ауру. Көкжөтел әлемде кең таралған аурулар қатарына жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде жыл сайын 60 млн тарта адам ауырып, олардың 0,5-1 млн. жуығы өледі. Аурудың маңызы таралу деңгейінің жоғарылығына, аурудың ауыр ағымына, асқынуларына байланысты. Ауру қоздырғышы-бактерия науқас адам жөтелгенде оның демі мен қақырығы арқылы ауаға тарап, сау адамға жұғады. Жұқпа көзі- науқас адамдар. Көкжөтелмен ауыратын науқастар аурудың алғашқы 2 аптасында айналасындағы адамдарға қауіп төндіреді. Науқас адам жөтелген кезде қақырық арқылы бөлінген ауру қоздырғышы 3 метрге дейінгі қашықтыққа дейін ұшып, аурудың таралуына себепші болады. Көкжөтел әртүрлі формада дами алады. Науқаста бастапқы кезде тұмауға тән ауру белгілері дене қызуы 38-39 0С-қа дейін көтеріліп, жалпы әлсіздік, мазасыздық, қалтырау, мұрынның бітелуі, бас ауру тәрізді белгілер болады. Науқаста күніне 10-нан 15-ке дейін жөтел пайда болады. Ауру белгілері дами келе, жөтел әлсін -әлі қайталанып, ұстамалы, булықпалы жөтелге айналады. Ұстамалы жөтел ұстаған кезде науқас жөтелге булығып, оның ерні мен тырнақтары ауаның жетіспеушілігінен көгеріп кетуі мүмкін. Бұдан басқа науқас баланың беті қызарып, көгереді,мойын тамырлары ісініп, көздері қанталайды,кей жағдайда құсуы мүмкін. Аурудың орташа ұзақтығы 6 апта шамасында,бірақ одан да ұзақ болуы мүмкін.
Егер көкжөтелге тұрақты өмірлік иммунитеті қалыптаспаған болса, бұл сырқатпен кез келген адам ауруы мүмкін.
Көкжөтел ауруын алдын алуда вакцинацияның тиімділігі дәлелденген нәрсе. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес әрбір дені сау бала өзінің жасына сәйкес, яғни бала өмірінің 2,3,4 айларында көкжөтелге қарсы алғашқы егумен қамтылу керек, одан кейін 18 айында және мектепке алғаш барғанда 6 жасында көкжөтелге қарсы қайталап егілуі тиіс. Көкжөтелге қарсы екпе алған балалардың 95 пайызы осы жұқпамен ауырмайды. Таза ауада серуендеу, спортпен шұғылдану, адам ағзасына қажетті, иммунитетті көтеретіндәрумендерге бай азық-түліктерді күнделікті пайдалану тәрізді қарапайым ұстанымдар да кез келген жұқпалы аурулардан,оның ішінде көкжөтел ауруынан сақтанудың шаралары боп табылады.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: О. ЖОЛДАСОВ
24 маусым 2024 ж. 252 0