Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақытты баланың бағбаны біздер

Бақытты баланың бағбаны біздер

Биыл оқу жылының соңында Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова баспасөз брифингінде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөнінде:
– Оқушылардың жазғы маусымдағы бос уақыттарын тиімді өткізу әрбір мектеп үшін күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі болуы тиіс. Себебі, әрбір баланың болашағы – ата-анасымен қатар біз үшін де алтыннан қымбат. Осы орайда, жазғы тынығу маусымын ұйымдастыру мақсатында 48 мектепте лагерь жұмыс істейтін болады. Оған 1-10 сынып аралығында 16509 бала тартылған. Оның ішінде, Қамбаш лагеріне 803, мектеп жанындағы лагерьлерге 8356, 17 мектептегі шатырлы лагерьге 285, 14 мектептегі этнолагерьге 290, еңбек лагеріне 1125, аула клубтарына 1155 оқушы, қосымша білім беру ұйымдары жанындағы лагерьлерге 960 бала қамтылады. Сонымен қоса аудан, облыс, республика көлеміндегі саяхат шараларына 531 бала тартылмақ, – деген болатын.
Бүгінде осы бағыттағы жұмыстар толықтай атқарылып жатыр. Нақтырақ тоқталып өтер болсақ, "Қамбаш" олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына жалпыға бірдей міндетті оқу қоры есебінен аз қамтылған, көп балалы отбасылардан 703 бала, кәсіподақ есебінен 100 бала барлығы 7 ауысымға 803 бала жазғы демалысын сәтті өткізіп жатыр.
Сондай-ақ 44 мектеп жанынан ыстық тамақпен ұйымдастырылған күндізгі лагерлерге 2477 бала, ыстық тамақсыз 5879 бала тартылып, демалысты өз деңгейінде өткізді. Осы тұста балалар мен ата-аналардың да қызығушылығы жыл санап артып келе жатқанын айта кеткен орынды болар. Себебі бір-біріне ұқсамайтын, түрлі дамытушылық, тәрбиелік шараларға толы 10 күнді көзбен көріп, арасында болу әр баланың арманына айналған.
Мұнан бөлек 17 мектепте шатырлы лагерь ұйымдастырылса, 14 ауылда этнолагерь қолға алынып, оған 290 бала қамтылды. Қазақтың түрлі дәстүрі мен қазақы қасиеттеріне негізделген этнолагердің қызығын көрген балалар өткеннің өнегесін келешекке қаймағын бұзбай жеткізетініне, ұлттық тарбиенің тереңдігіне кепіл болатыны белгілі.
Мұнан бөлек те балалардың қабілетін шыңдап, ой-өрісін дамытатын, дене қимылына бейімдеп, салауатты өмірге шақыратын шаралар жетерлік. Мектептердегі дебат, театр, домбыра, қолөнер, робототехника секілді баланың қызығушылығын арттыратын жұмыстар балалардың жазғы уақытын тиімді өткізуге негізделген. Сондай-ақ спорттық бағытта аула клубтарына маусым-тамыз айларында күнделікті 1155 бала тартылып, осыған байланысты оқушылар бос уақыттарын спорт залдарда өткізуге мүмкіндік алды. Және оларға ешқандай кедергілер жоқ. Арнайы мамандар бекітіліп, балаларды белсенді дене қимылына бейімдеумен айналысып келеді.
Ал еңбек тәрбиесінің жөні тіпті бөлек. "Жасыл ел" көркейту-көгалдандыру жасақтарына маусымдық ақылы жұмыс жасауға Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, колледж студенттерімен бірге мектеп оқушылары да еңбек етуде.
Бұл тек аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар ғана. Ауданнан, облыстан тыс та жұмыстар жасалғанын айта кеткен жөн болар. Мәселен Түркістан қаласындағы тарихи орындарға, Қызылорда қаласындағы мұражайларға, қаланың көрікті жерлеріне, "Қорқыт ата" мемориалды кешеніне саяхат жұмыстары жүргізілсе, Арал қаласының орталығындағы музейлерге барлық мектептің бастауыш сынып оқушылары үшін ауыл, қала сыртындағы экскурсиялар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ Арал ауданының "Қазақстан халқына қоры" арқылы ауыл балаларының арасынан үздік, аз қамтылған көп балалы отбасылардан 100 бала Түркістан облысы Төле би ауданындағы "Қуаныш" лагеріне барып, керемет көңіл-күйге бөленіп қайтты. Айта кетейік, бұл бағытта былтыр 60 бала Алматыдағы "Спутник" лагері мен Жаңақорған ауданында болып келген еді.
Иә, демалысты өз деңгейінде ұйымдастырған орынды. Десе де осы тұста тағы бір міндеттің туындайтыны даусыз. Осы уақытта балалардың қауіпсіздігін бірінші кезекке қою керектігі назардан тыс қалған емес. Жаз айларында келеңсіз жағдайлардан, оның ішінде өрттен, судан сақтану, тағамнан уланудан қорғау, жол-көлік оқуғаларынан абай болу жолдарын үйрету мен алдын алу мақсатында білім беру мекемелерінде тиісті сала қызметкерлерімен бірлесіп, оқушылар мен ата-аналарына түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Мұнан бөлек "балаларды сауықтыру ұйымдарында олардың қауіпсіз демалысын, тамақтануын, медициналық көмек пен сауықтыру шараларын ұйымдастыру" тақырыбында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлескен бұйрық негізінде аудандық семинар өткізілді.
Міне, жайдары күндегі жазғы демалыс аудандағы балалардың уақытты барынша тиімді өткізуі жолында жан-жақты жасалып отыр. Бақытты ұрпақты өсіру бейбіт елеміздің болашағына жасалған инвестиция екенін ескерсек, елдің келешегі кемел боларына күмән жоқ.

О. ЖОЛДАСОВ
25 маусым 2024 ж. 224 0