Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім саласының бүгінгі белесі

Білім саласының бүгінгі белесі

Білім беру саласы елдің болашағын қалыптастыруда өзінің зор ықпалға ие екендігін әркез дәлелдеп келеді. Елімізде білімді ұрпақты өсіріп, өмір жолын қалыптастыру, оларға сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар сіңіруде аталған саланың алар орны айрықша. Қазіргі таңда ауданның білім беру саласы айтарлықтай оң нәтижелерімен дараланып келеді. Оқушыларға заман талабын сай білім берудің барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, материалдық-техникалық базасын да біршама қалыпқа келтірді. Бұл сөзімізге жуырда бөлім басшысы Санира Жанназарованың баспасөз брифингіндегі сараланған ақпарат дәлел бола алады. Брифингте ағымдағы оқу жылын аяқтау және жазғы маусымды ұйымдастыру мәселелері жөнінде атқарылатын шараларды назарға ұсына отырып, оқу жылы көлемінде аудандағы білім саласының жеткен жетістіктері айтылды.

Мұғалімнің қоғамдағы мәртебесі, беделі оның шәкірттерімен ғана емес, өзінің кәсіби шеберлігімен де айқындалады. Бұл жөнінде халық даналығында «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» делінген. Осы орайда, республикалық «Үздік педагог» конкурсының қорытындысымен жеңімпаз болып танылып, 3 миллион теңге сыйақы иеленген облыстың 5 ұстазының бірі №14 мектеп-лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қонарова Жанна Құспанғалиқызы болды. Ұстаздың бұл жетістігі жалпы аудан мұғалімдерінің мерейін үстем етті. Бұдан бөлек оқу жылы көлемінде аудан мұғалімдері биік асуларды бағындырып жетістік тұғырынан көріне білген. Сондай-ақ мектеп мерейін үстем еткен білімге құштар оқушылардың да жетістігін білім бөлімінің басшысы кеңінен баяндап өтті.
– Жалпы пәндер бойынша республикалық пән олимпиадасынан осы аталмыш мектеп-лицей түлегі Ангелина Прокапчук ІІІ орын, республикалық ғылыми жобалар сайысынан 10-сынып оқушысы Қазизов Ақсұлтан І орын иеленді. Алғаш рет ауыл мектептері үшін өткізілген пән олимпиадасының республикалық турына қатысқан Шижаға елді мекеніндегі №57 орта мектептің оқушысы Мырзаханова Анель ІІ орын алды. Сондай-ақ Қ.Бітібаева атындағы республикалық олимпиададан №220 орта мектептің оқушысы Іздібай Гүлбақыт, №13 орта мектептің оқушысы Абатова Аида ІІІ орын еншілеген еді. «Алтын түлек» республикалық олимпиадасынан №13 орта мектептің оқушысы Құрманалиева Назым, №14 мектеп-лицейдің оқушысы Қазизов Ақсұлтан І орын, №260 орта мектептің оқушысы Шарапатова Арайлым, №262 мектеп-гимназия оқушысы Мамаева Бақытнұр, №13 орта мектептің оқушысы Қожахметов Расул ІІ орын алғандығын мақтанышпен айтқым келеді. Тағы да 5-6-сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиададан №62 мектеп-лицей оқушысы Көлдеев Жанарыс ІІ орын, № 220 орта мектептің оқушысы Бақыт Нұрсезім, №14 мектеп-лицейдің оқушысы Пак Амелия ІІІ орын иеленген болса, республикалық «Зерде» байқауынан №220 орта мектеп оқушысы Әбілбай Асылай ІІІ орындарды еншіледі. Ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балаларға арналған «Шексіз өмір» республикалық фестивалінен №220 орта мектеп оқушысы Еркеназ Нұржанқызы ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. «Мерген ару» әскери-спорттық сайысынан Аралдың қыздар командасы ІІІ орын, «Алтын асық» республикалық олимпиадасынан №61 орта мектеп командасы жүлделі І орын иегері атанды. Осындай оқушыларымыздың көрсеткіштері облыстық пән олимпиадасы мен ғылыми жоба жарыстарынан да, спорттық сайыстардан да көрініп келеді, – деді Санира Нұрқожақызы.
Биылғы оқу жылында жалпы аудан мектептерінің 11-сыныбын 947 оқушы, 9-сыныбын 1611 оқушы бітіргелі отыр. Олардың ішінде 35 түлек «Алтын Белгіге» үміткер.63 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері 9-сыныптар бойынша үздіктер қатарында 154 оқушы бар. Ереже талаптарына сай «Алтын Белгіге» үміткерлердің жазбаша емтихан материалдары Қызылорда облысының білім басқармасының сараптамасына ұсынылып, қорытындысы шығарылатын көрінеді.
– Мектеп оқушылары үшін оқу жылының соңғы аптасы басталды. Бұл уақытта оқушылар жыл бойы бойға жиған білімінің нәтижесін көрсетеді. 5-8 және 10-сыныптар үшін 27-31 мамыр аралығында қазақ тілінде және өзге тілде оқытатын мектептер үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өтетін аралық аттестаттау бойынша емтихан жұмысы жүргізіледі. Оған 8320 оқушы қамтылмақ. Ал 24 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде 1-10 сынып оқушылары үшін «Білімім-Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Мұнда сынып жетекшілері білім алушылармен бірге оқу жылын қорытындылайтын болады. 25 мамыр күні 11-сынып оқушылары үшін «Мектебім, саған мың алғыс!» атты соңғы қоңырау шарасы жүргізіледі. Оның ұйымдастыру мен өткізу форматтары әр мектептің өз таңдауымен жүргізілетін болады. Сонымен қоса аттестаттарды салтанатты тапсыру рәсімі 14 маусым күні болады деп жоспарлануда, – деді бөлім басшысы.
Сондай-ақ брифинг барысында Санира Нұрқожақызы бұл шаралар кезеңінде ата-аналар мен мектептер тарапынан аниматорларды жалдау немесе сыйлық жасау тәріздес тыйым салынған келеңсіздіктерге мүлдем жол берілмейтіндігін де баса айтты. Сонымен қатар 27-31 мамыр және 26-30 тамыз аралығында білім сапасындағы олқылықтардың орнын толықтыру мақсатында «Жазғы мектеп» шарасы ұйымдастырылып, оған 1-8, 10-сыныптар бойынша 6336 оқушы қамтылатын көрінеді.
Бұдан бөлек, алдағы оқу жылында 1-сыныпқа 1556 бала қабылданады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда оқушылардың 83 пайызы қабылданып отыр. Толық қабылдауды 23 мектеп аяқтаған.
– Жоғары оқу орындарының мемлекеттік гранты конкурсына арналған Ұлттық бірыңғай тестілеу шарасы 16 мамыр-5 шілде аралығында өтеді. Аудан бойынша кезеңдік шара 3 маусым күні басталады. І кезеңге – 682, ІІ кезеңге – 679 оқушы тіркеліп отыр. Биылғы жылдың басты жаңалығының бірі, әрине бұл аудан орталығынан көптен бері өздеріңіздің күткен ҰБТ пунктінің ашылуы болды десем қателеспеген болар едім. Әр ата-ана баласының алысқа ұзамай, үйінің жанынан көз алдында жүріп тестілеу жұмысына қатысқанын қалайтынын ана ретінде жақсы түсінемін. Сондықтан ҰБТ орталығының ашылуына атсалысқан Қызылорда облысының әкімі Н.Мәшбекұлына, білім басқармасының басшысы А.Темірбекұлына елдің, аудан тұрғындарының шынайы ризашылығын білдіремін, – деді Санира Жанназарова өз сөзінде.
Ауданда үш ауысымда оқитын және апатты жағдайда деп танылған мектептер толықтай жойылды. Дегенмен, жылма-жыл халық санының өсуі, елдің демографиясының артуына ықпал ететінін ескерсек, бұл көрсеткіш, әсіресе, тұрғындар көп шоғырланған Арал қаласы, Сексеуіл, Жақсықылыш кенттерінде орын алып отыр. Сондықтан «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Арал ауданында 4 мектеп салу жоспарланған еді. Бүгінде оның 2-уінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Қалған екеуінің құрылыстары жыл соңына дейін басталады деп күтілуде. Сондай-ақ, Тоқабай елді мекеніндегі 100 орындық №248 орта мектеп және Ақшатау елді мекеніндегі 50 орындық жаңадан ашылатын негізгі орта мектебінің ғимараттары жеке инвесторлар есебінен жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылына дейін қолданысқа енгізілетін болады деп жоспарлануда.
Биылғы жаз маусымында білім беру ұйымдары тарапынан оқушылардың жазғы демалысын қамтамасыз ету де назардан тыс қалмай отыр. Осыған байланысты жазғы тынығу лагерлері жұмыс осы жылы да жалғасын табады.
– Оқушылардың жазғы маусымдағы бос уақыттарын тиімді өткізу әрбір мектеп үшін күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі болуы тиіс. Себебі, әрбір баланың болашағы ата-анасымен қатар біз үшін де алтыннан қымбат. Осы орайда, жазғы тынығу маусымын ұйымдастыру мақсатында 48 мектепте лагерь жұмыс істейтін болады. Оған 1-10 сынып аралығында 16509 бала тартылған. Оның ішінде, Қамбаш лагеріне - 803, мектеп жанындағы лагерьлерге - 8356, 17 мектептегі шатырлы лагерьге – 285, 14 мектептегі этнолагерьге – 290, еңбек лагеріне – 1125, аула клубтарына – 1155 оқушы, қосымша білім беру ұйымдары жанындағы лагерлерге – 960 бала қамтылады. Сонымен қоса аудан, облыс, республика көлеміндегі саяхат шараларына 531 бала тартылмақ.Осы жазғы маусым кезеңіндегі балалардың өмір қауіпсіздігін сақтау, әсіресе, тынығу кезеңінде суға шомылуға, мото және автокөліктерді айдауға, жол ережелерін бұзуға жол бермеу, тағы сол сияқты ескертпелер мектептер тарапынан жасалып келеді. Дегенмен, автокөліктер мен мотоциклдерді, мопедтерді ескертусіз айдап кету салдарларынан туындайтын қателіктер ауданымызда тіркелмегенімен, республика көлемінде осылардан туындайтын айтып келмейтін жағдаяттар туралы жазбалар әлеуметтік желілерде тарап жатады, – деген ауданның бас ұстазы балаларға ата-аналар тарапынан тыйым болса дегенді баса айтты.
Қазіргі күні оқушылардың түнгі уақытта бей-берекетсіз жүруіне тоқтау салу мақсатында түнгі рейд жұмыстары күшейтілген. Бұған байланысты аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесіп бөлім қызметкерлері, мектеп басшылары, орынбасарлары, ата-ана мен мұғалімдерден құралған еріктілер жасағы кезекшілік ұйымдастыруда. Беймезгіл жүрген жасөспірім балалар тіркеліп, ата-аналарына айыппұлдар да салынған көрінеді. Сөз соңында білім бөлімінің басшысы ата-аналарға бала алдындағы үлкен жауапкершілікті сезініп, бұндай келеңсіздіктерге жол бермеулері тиіс екендіктерін ескертіп өтті.
Міне, балалардың білім алу жолында мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың игілігін аралдық оқушылар да көруде. Әсіресе қала мен ауыл балаларының тең дәрежеде білім алуы үшін бар жағдай жасалған. Мұғалімдердің де біліктілік санатын жыл сайын көтеріп келеді. «Болашақ – білімді жастардың қолында». Ендеше бұл иігілікті істердің бәрі оқушылардың бәсекеге қабілетті жас буын болып жетілуіне септігін тигізбек.
Н. МАРАТ
21 мамыр 2024 ж. 301 0