Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңызды мәселелер талқыланды

Маңызды мәселелер талқыланды

Жақында Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарованың төрағалығымен күн тәртібінен түспейтін білім саласындағы маңызды мәселелер бойынша жиын өткізілді. Оған ауданға қарасты барлық мектеп директорлары қатысып, түйіткілдер төңірегіндегі ойларын ортаға салды.
Жиында алдымен оқушылардың жеке бас қауіпсіздігі, оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, әлеуметтік педагогтар мен психологтардың жаңаша әдіспен жұмыс жасауы және ата-анамен әрдайым байланыста болу мен оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері қаралды. Одан соң білім беру мекемелеріндегі ыстық тамақ, бақылау камераларының жұмыс жасауы және ғимараттың тазалық мәселесі жіті бақылауда болу керектігі айтылды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының қаржы жоспарлау және оны заңдылығына сәйкес игеру мәселелері де сөз болды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін үздіксіз арттырып, әдістемелік жұмысты жаңаша бағытта жолға қойып оқушыларға білім беру барысында тың тәсілдер қолданылу керектігін де еске салды. Жаһандану заманында ақпарат алаңына айналған әлеуметтік желіні жаңаша әрі пайдалы бағытта қолданып, жасалған жұмыстармен жұртшылықты әрдайым хабардар қылып отыру тапсырылды.
Бөлім басшысы Санира Нұрқожақызы талқыға түскен мәселелерге жеке-жеке тоқталып, жүргізілген жұмыстарға өзіндік талдау жасап, жан-жақты қарады. Тапсырмалар беріп, сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатындығын ескертті.

Арал аудандық білім бөлімі 
18 ақпан 2024 ж. 278 0